Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы қолдауымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» республикалық мекемесінің ұйымдастыруымен Жошы Ұлысы астаналары «Сарайшық – Сарай-Бату – Сарай Берке қалалары ізімен» атты халықаралық ғылыми-зерттеу экспедициясына жолға шықты.
Экспедицияны музей-қорық директоры тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар бастап жүр. Топ құрамында музей-қорық қызметкерлері, ҰҒА корреспондент мүшесі, геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор Н.Сеитов, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, суретші О.Кендір, тарих ғылымдарының докторы С.Сапанов, тарих ғылымдарының докторы А.Ахмет, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің географ ғалымы А.Тұрғанбаев, журналистер, өлкетанушылар бар.
- Экспедиция мақсаты - Жошы Ұлысы -Алтын Орда тарихындағы астаналардың орнында ғылыми зерттеулер жүргізу. Осы сапарда Астрахань, Волгоград музейлерімен бірлесіп жұмыстар атқару үшін келіссөздер жүргіземіз. Атырау облысы бойынша туризмді дамыту үшін тур компанияларымен келісімшартқа отырамыз, - дейді Әбілсейіт Қапизұлы.
Бүгін халықаралық экспедиция Ресей Федерациясы Астрахань облысы Володар ауданына қарасты Алтынжар ауылына ат басын тіреп, күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлы кесенесіне зиярат етеді.