Бүгінде әлемнің барлық елдері үшін интеллектуалды миграция мәселесі өте өзекті. Жаһандық процестің субъектісі ретінде Қазақстан да аталған түйткілден тыс қала алмайды. Елімізде қазіргі таңда білімді жастардың шетелге бет бұру үдерісі күн санап артуда.
Осы орайда тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мен қазіргі кезеңдегі елімізден кеткен білімді мамандардың мамандық ерекшеліктеріне сапалық және сандық тұрғыда салыстырмалы талдау жасау, сонымен бірге мектеп бітірген түлектердің, яғни жас ақыл-ойдың шетелге кету себептерін анықтау, отандық ақыл-ой орталықтарын құру мен жетілдіру ісін жолға қою аса маңызды.
Қазіргі жаһандану кезеңі жоғары көші-қон белсенділігімен сипатталады. Бұл процеске зерттеушілер баса назар аударуда. Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында көптеген ғылыми жұмыс халықаралық көші-қонға арналса, қазіргі заманда интеллектуалды көші-қон факторлары мен тетіктерін зерттеу қажеттілігі туындап отыр.
«Интеллектуалды миграция» (ағылш. brain drain) – мамандардың, ғалымдар мен білікті жұмысшылардың өз елінен саяси, экономикалық, діни немесе басқа да себептер бойынша жаппай шығу үдерісін, яғни эмиграциялық процесті сипаттайды. Әрине, бұл ретте мамандарының бір бөлігі сыртқа кеткен елдерге айтарлықтай экономикалық, мәдени, ал кейде саяси залал келтірілсе, керісінше, иммигранттарды қабылдайтын мемлекеттер үлкен және арзан зияткерлік капиталға ие болады. Ал ақылды жастарын, мамандарын жоғалтқан ел зиян шекпей қоймайды.
Еліміз үшін білімді мамандарымыздың, ақылды жастарымыздың шетелге білім алуға кетіп, оралмай қалу қаупі үлкен алаңдатушылық тудыруда. Сондықтан бірінші кезекте интеллектуалды көші-қонның үлкен ағыны – жоғары білімді дайын мамандардың сыртқа кетуі мәселесін және жоғары білім алу мақсатында шетелге арман қуып кеткен жастардың елге қайта оралмау жағдайын талдау қажет.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары, яғни 90-жылдардың басынан 2000 жылдар аралығында ақыл-ой ағынының сыртқа бағыт алуы жағдайына түсіністікпен қарауға болады. Өйткені Қазақстанда тұратын көптеген этнос өкілі өздерінің тарихи отандарына оралды. Мемлекеттік статистиканың мәліметтері бойынша, 1994-2004 жылдар аралығында Қазақстаннан жоғары білімі бар 245 390 адам, аяқталмаған жоғары білімі бар 82 974 адам және арнаулы орта білімі бар 463 323 адам кеткен. Кеткендер мен келгендер арасындағы айырмашылық: 152 949 адам – жоғары білімді, 36 947 – аяқталмаған жоғары білімді және 383 705 – арнаулы орта білімі барлар. Бұл шығындар 2004 жылға дейін жоғары, ал 2004 жылдан салыстырмалы төмен эмиграциялық белсенділікті көрсетеді, өйткені басқа этнос өкілдерінің өз отандарына көшу қарқыны бәсеңдеді. Ал елімізден біржола кеткен жоғары білімі бар мамандардың құрамына талдау жасасақ, 1996-2004-жылдар аралығында республикадан кеткен 184 632 адамның 47 563-і – техникалық, 37 990-ы – педагогикалық, 19 266-сы – медициналық, 18 380-і – экономикалық, 12 061-і – сәулет-құрылыс, 9 595-і – ауыл шаруашылығы, 4 500-і – заңгерлік, 35 277-сі басқа да мамандық иелері болғанын көреміз.
Енді шетелге елімізден ақылдың ағынына негіз болып отырған себептер қандай деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Қазіргі таңда ең негізгі себептердің бірі, білімді мамандардың, әсіресе жас ақылдың өз деңгейінде бағаланбауы, қоғамды жайлаған коррупция көп жағдайда жастардың жұмысқа орналасуларына кедергі болып отыр. Олар интеллектуалдық еңбекке жоғары ақы төленетін жерлерден жақсы табыс табу мүмкіндігін іздеуге мәжбүр болады.
ХХ ғасырдың 90-жылдарындағы ақыл-ой миграциясы Кеңес өкіметінің құлауымен Қазақстанда өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерінің тарихи отандарына оралуымен сипатталады десек, бүгінгі еліміздің ең білімді, ақылды жастарының шетелге кетуінің мазмұны біршама өзгеше. 2000 жылдардан кейін ақыл-ой ағыны ұлттық сипатқа емес, әлеуметтік, экономикалық, ғылыми ізденушілік мәселелерге байланысты өзгере бастады.
Еліміздің жоғары білімді азаматтарының басқа елдерге қоныс аударулары ақыл-ойдың ағынын күшейтіп, қоғамымызға кері ықпалын тигізеді. Атап айтсақ, 2000 жылы техникалық мамандар – 13998, педагогтар – 5460, экономистер – 3906, медицина – 2868, сәулет саласы мамандары 2195 цифрлық көрсеткішті көрсетті. Бұдан біз осы кезеңде елімізден кеткен интеллектуалды мамандар ағынының ішінде техникалық мамандардың көрсеткіші жоғары екені аңғарамыз. Ал 2006 жылы біршама статистика көрсеткіші төмендеп, кеткендер саны кеміді. (техникалық мамандар – 290, педагогтар – 623, экономистер – 74, медицина – 499, сәулет саласы мамандары – 252). Демек, елдегі экономикалық тұрақтылық мамандардың жаппай көшуін тоқтатты.
2009 және 2010 жылдардағы әлемдік дағдарыс еліміздегі ақыл-ойдың ағынына да әсер етпей қоймады. Яғни көшу процесі біршама тұрақтанды. 2017 жылы, яғни соңғы жылдары экономистердің шетелге ағыны басқа мамандарға қарағанда күшейді. Олар – 2 805-ті құраса, педагогтар – 1633, техникалық мамандар – 5293, медицина – 578, сәулет саласы мамандары – 453. Байқап отырғанымыздай, экономика саласының мамандарына ыңғайлы жұмыс саласы кеңірек: сауда, қызмет көрсету, бизнес, т.б салалар.
Қазақстандағы интеллектуалды көші-қон процестері қазіргі кезде әртүрлі факторлардың: әлеуметтік-экономикалық, саяси, этностық, экологиялық және басқа да әсерлерге қатысты орын алатыны белгілі болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап көші-қон процестерін реттеу қазіргі күнге дейін мемлекеттік саясаттың ең өзекті бағыттарының біріне жатқызылғанымен, әлі шешімін таба алмай келеді.
Техникалық сала мамандары арасынан 2000 жылы 13 998 адам кетсе, қазіргі таңда бұл саладан сыртқа кеткендер 5 293 адамды құрап отыр. Демек, әлі де интеллектуалды миграция процесінде техника саласы мамандарының ағыны күшті.
Еліміздің болашағы ғылым мен білімнің дамуына тікелей ықпал ететін бүгінгі жастардың ақыл-ойы. Жалпы, интеллектуалды мамандарды жоғалту еліміз үшін үлкен шығын десек, елімізді нық ұстап тұратын жастарымыздың шетелге оқуға кетіп, қайта оралмау қауіпі де алаңдатпай қоймайды.
Ақыл-ойды тартуда шетел оқу орындары көптеген тиімді қадамдар жасауда. Олар қазақстандық мектеп бітірушілерді әртүрлі тегін гранттармен қызықтыруда. 1996 жылдан бастап Германия неміс тілінде оқитын мектеп оқушыларын, тіл білімі деңгейіне қарап, кез келген ЖОО-сында тегін оқуға үміткерлікке қабылдайды. Сол сияқты Балтық жағалауы елдері де шәкіртақы мен тегін баспана ұсыну арқылы білім алушыларды тарта бастады.
Ресей қазақстандық мектеп түлектерін өзіне тартып отыр. Олимпиадаларды жиі өткізу арқылы біздің оқушыларымыздың зеректерін іріктеп, оларды тегін білім алуға шақырады. Шәкіртақылар тағайындау, жатақханада тегін тұру, әрі қарай жұмысқа орналасу жағдайларын ұсыну арқылы біздің болашағынан зор үміт күттіретін оқушыларымызды жинап алады. Және де Ресей ЖОО-лары Қазақстанда көшпелі емтихандар өткізеді. Бұл өз кезегінде басқа мемлекетке барып емтихан тапсырудан әлдеқайда тиімді. Қашықтықтан тест алу тағы бар. Демек, оқу орнына түсудің жолдарын жеңілдетіп қойған.
Жастарымыздың басқа елге кетуінің тағы бір себебі, көптеген түлек ҰБТ-дан қорқады, сондай-ақ шекті деңгейден өтпеген оқушылар, көбіне жақын шетелді, әсіресе Ресейді таңдайды. Ал 18 жасқа толған жастар – бұл мемлекеттің ең қымбат қазынасы. Мемлекет мектепте тегін білім беру, бакалавр мен магистрлер дайындау ісіне қыруар қаржы жұмсайды. Ал өзіміз дайындаған адам ресурсын басқа елге беріп қою өкінішті жайт.
Қазақстанның ақыл-ойы АҚШ, Канада, Ресей, Германия, Израиль, Гонконг, Сингапур, Қытай елдеріне тарауда. Шетелден мамандарды тартудан қарағанда, өз мамандарымызды пайдалану әлдеқайда тиімді. Қайтарымсыз интеллектуалды эмиграция салдарымен күресу қиын болып отыр, өйткені ақылға бәсекелестік бүкіл әлемде өсуде, ал Қазақстан әзірге өз білімділеріне, таланттарына ерекше ұсыныс жасамайды. Яғни еңбек ақы төлеу деңгейі, әлеуметтік пакет және дамыған елдермен салыстырғанда басқа да көптеген параметр бойынша артықшылықтар жоқ.
Бізге адам және интеллектуалды капиталын жоғалтудан болған залалды бағалау, талдау ісін жолға қою керек. Олай болмаса, еліміздегі салалар мен өңірлердегі жұмыс күшінің перспективалық қажеттілігін бағалау қиын.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 20 мыңға жуық шетелдік студент білім алуда. Шетелде білім алатын біздің студенттеріміз одан әлдеқайда көп, олар – 120 мыңға жуық. Ресей Білім министрлігінің сайтында РФ-да Қазақстаннан 100 мыңға жуық студент оқиды деп айтылған. Олардың ішінде қашықтықтан білім алатындары да бар.
2020 жылға қарай шетелдік студенттер саны 50 мыңға жетеді деп болжануда. Қазақстан білім беру туризмін дамытуға және шетелдік студенттерді тартуға елеулі көңіл бөлуі қажет. Осы тұста қуанарлық жайт – Astana Hub IT-стартаптарының халықаралық технопаркінің құрылуы. ІТ бағдарламаларға 67 миллиард теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр. Сонымен бірге ТМД елдерінен және әлемдік деңгейде ақыл-ойды тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Ақыл-ойды тарту біздің елімізге не береді деген сұраққа тоқталсақ, шетелдік таланттардың қатысуымен отандық білімді жастар жаңа әлемдік деңгейдегі инновацияға бейімделеді, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады.
Соңғы он жылда әлемде өз елінен тыс жерде жоғары білім алатын студенттер саны 70%-ға өсті. ЮНЕСКО статистика институтының есебіне сәйкес, 1999 жылы шетелдік студенттер 1,68 млн болса, 2014 жылы осындай студенттердің саны 207 млн-ға жеткен.
Қазақстанда 18 млн халық үшін 140-тан астам жоғары оқу орны бар. Жоғары білім берудің тағы бір проблемасы білім беру мазмұны мен оны ұйымдастыру процесін мемлекет тарапынан орталықтандырылған бақылау болып табылады. Бұл университеттердің еркіндігін және олардың экономиканың, студенттер мен жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне ден қою қабілетін шектейді. Білім беру сапасын бағалаудың өте күрделі жүйесі қалыптасқан. Онда университеттердің өзін өзі бағалауы мен жетілдіруіне емес, тексерулерге басымдық беріледі. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу, инновациялық қызмет пен жұмыс берушілердің ЖОО-мен қарым-қатынас жасауға тартылуы да төменгі деңгейде жүзеге асырылуда.
Ғылыми-зерттеу және білім беру қызметі білім алушыларды толғандыратын басты мәселе. Сондықтан талантты, білімді, арнайы мектептерден білім алған, олимпиада жетістіктері жоғары оқушылар әлемдік деңгейдегі рейтингі жоғары оқу орындарын таңдайды. Демек, біз үшін білімге ұмтылатын жастарды қанағаттандыратын, бәсекеге қабілетті білім ордаларын лайықты деңгейге көтергеніміз дұрыс. Осы жағдайда әрине мектеп бітірушілер әлемдік рейтингте орны жоғары, грант, шәкіртақы, тегін жатақхана беретін оқу орындарын таңдайды. Мысал үшін, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде студенттер мен оқытушылар арасындағы ғылыми жұмыстың жоғары деңгейі қалыптасқан.
Қазақстан қазіргі уақытта әлемге студенттердің «доноры» болып отыр. Бұл жағдайды өзгерту үшін Үкімет, университеттер тиісті жұмыстарды күшейту керек. Яғни Қазақстан білім беру қызметтері нарығында өзінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға барынша ден қойғаны абзал.
Қазақстанның интеллектуалды эммиграциядан, яғни көшіп кетуден келген экономикалық шығыны жоғары. Адам капиталының азаюы ел дамуына кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Мемлекеттің индустриялық дамуына және жалпы экономикалық ахуалына да кері ықпал етеді. Атап айтсақ, еңбек нарығында сұранысқа ие емес гуманитарлық білімі бар мамандарға жұмыс орындары жетіспесе, керісінше елімізде тапшы техникалық саланың мамандары шетелге кетуде. Дегенмен, кейбір пікірлер керісінше интеллектуалды миграцияның тиімді жақтарын да көрсетуде. Мәселен, шетке кеткен мамандар тек жоғары жалақы үшін ғана емес, тәжірибе жинау мүмкіндігіне де ие болады, олар шетел компанияларында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап, жаңа білім алып, кейіннен елімізге келіп қызмет етеді деген пікір де айтылуда. Дегенмен, білімді жастарымыздың шетелде қалып қоймай, отанына қызмет істеу мәселелерін жолға қойған орынды.
Сондықтан, біріншіден, интеллектуалды миграциялық ағымдардағы білімділік деңгейі еліміздегі орташа білім деңгейіне қарағанда әлдеқайда жоғары және жоғары білімі бар адамдардың көшіп кету процесін азайту үшін, талантты жас мамандарды әртүрлі марапаттар мен гранттар арқылы қызықтыру қажет. Екіншіден, еліміздегі коррупция мәселесімен күреспей жас мамандарды жұмыспен қамту мүмкін емес. Үшіншіден, елге келген ақыл-ой иелері отандық білім ордаларының деңгейін көтерері сөзсіз. Таңдаулы білім алушылармен ортақ ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы ел таланттарының талаптарын қанағаттандыруға жол ашылады. Сөйтіп отандық ғылымға серпіліс беруге болады және де жас мамандардың өз отанында ғылыммен айналысып, дамуларына мүмкіндік молаяды.
Қарғаш ЖАНПЕЙІСОВА,саяси ғылымдар кандидаты,Гүлназ ҚАЛИАСҚАРОВА,докторант