Шығыс Қазақстан тұрғындарының шымбайына батқан мәселелер қандай? Өңір халқын алаңдатқан жайттар қалай шешімін тауып жатыр? Аймақтағы жұрттың мұң-мұқтажы дер кезінде бақылауға алына ма? Осы мәселені зерттеп-зерделеу мақсатында Nur Otan партиясының облыстық филиалына, облыс әкімінің жеке тұлғаны қабылдау бөлмесі мен былтыр ғана ашылған облыс әкімінің қоғамдық қабылдауына арнайы барып, құжаттарды қопарып, сандарды сапырып, мән-жайға тереңірек үңілуге тырыстық.
Тұрғындарды толғандыратын 4 мәселе
Біз ең әуелі жұрттың шағымы ең көп түсетін орынның бірі Nur Otan партиясы облыстық филиалына бардық. Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов өңірде партияның 20 қоғамдық қабылдау бөлімі халықпен тығыз жұмыс істейтінін айтады. «Партия қоғамдық қабылдау жұмысын бірінші орынға қойып отыр. Қоғамдық қабылдау – партия жұмысының негізгі бөлігі. Осы арқылы біз өңір тұрғындарын қандай мәселелер толғандыратынын, олардың көңіл күйін біліп отырамыз. Қоғамдық қабылдау партия жұмысының жүйелілігін, партияға деген елдің сенімін көрсетеді. 2018 жылы 5 мыңға жуық адамды қабылдадық. Соңғы жылдары тұрғындар тарапынан арыз-шағым көбейіп кетті. Адамдар бізге көп келеді. Келгенде, мәселелерінің шешім табатынына сенгендіктен келеді. Тұрғындар тиісті орындарға тікелей арыз жазғаннан гөрі партия арқылы барса мәселелерінің тез шешілетінін біледі. Біз арыз-шағымдарды тиісті, өкілетті орындарға жібереміз, дұрыс шешілуін бақылаймыз. Мәселе шешілмей күрделенсе, қоғамдық тыңдау өткіземіз. Арнайы бекітілген кестеміз бар. Өскемендегі партия филиалында тұрғындарды облыс әкімінің өзі қабылдайды. Мәселен, облыс әкімі жыл басынан бері тұрғындарды 6 рет қабылдады. Мемлекеттік атқарушы органдар басшылары да осы жерде қабылдау өткізеді», дейді ол.
Партияның облыстағы филиалдарына жыл басынан бері, яғни 1 қыркүйекке дейін ұзын саны 4808 арыз-шағым түсіпті. Тұрғындардың өздерін толғандырған мәселелерді партия филиалына келмей-ақ, үйде отырып-ақ тиісті орындарға жеткізуіне партия филиалы тарапынан жағдай жасалыпты. Мәселен, жоғарыда атап өткен 4808 арыз-шағымның 237-сі партияның ресми сайтына түссе, 58 тұрғын «Skype» бағдарламасы арқылы өтініш-тілектерін жеткізіпті. Ал өңірдің 48 тұрғыны партияның облыстық филиалында орнатылған бейне конференция арқылы орталықтағы басшыларға шығып, арыз-шағымдарын айтуға мүмкіндік алыпты. Осы тоғыз ай көлемінде партияның қоғамдық қабылдау бөлімдері арқылы 1280 қабылдау ұйымдастырылып, 2311 азамат қабылдауға жазылыпты.
Партияға кімдер келеді? Қандай мәселемен келеді? Партия филиалының облыстық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жансая Қаныбекованың айтуынша, биыл партия филиалдарына арыз-шағымын жеткізген азаматтардың 18 пайызын зейнеткерлер, 14 пайызын аз қамтылған отбасылар, 8 пайызын жастар, 7 пайызын толық емес отбасылар, 6 пайызын мүгедектер, 5 пайызын көп балалы және жас отбасылар, 3 пайызын мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, 2 пайызын шаруа қожалықтарының өкілдері мен оралмандар, қалған 1 пайызы сотталғандар мен тыл ардагерлері, басқа да санаттағы азаматтар құрапты.
Халықты қай кезде де әлеуметтік мәселелер толғандыратыны белгілі. Биыл да жылдағыдай әлеуметтік мәселе – бірінші орында. 2019 жылдың тоғыз айында өңір тұрғындарының 28,6 пайызы партия филиалдарына әлеуметтік мәселелерін алға тарта келіпті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,5 пайызға көп. Біз атаған 28,6 пайызды құраған әлеуметтік мәселенің өзін бірнеше топқа бөлуге болады. Жіктеп айтсақ, партияға әлеуметтік мәселелерін айтқан азаматтардың 47 пайызы материалдық және қайырымдылық көмек сұрай келсе, 19 пайызы өздерін зейнетақы тағайындау, жәрдемақы, жеңілдік, төлем және өтемақы мәселелері мазалап жүргенін жеткізіпті. Әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі, әсіресе облыстың Риддер қаласы тұрғындарының 73, Аягөз тұрғындарының 49, Шемонаиха тұрғындарының 44, Өскемен мен Үржар ауданы тұрғындарының 25 пайызының көңілін алаңдататын көрінеді. Облыстағы партияның қоғамдық қабылдауларына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша түскен арыз-шағымдар 18 пайызды құраса, бұл тарапта Риддер (44), Өскемен қалалары (30), Шемонаиха (30) және Ұлан (27) аудандары «белсенділігімен» көзге түсіпті. Аймақ тұрғындары жұмысқа орналасу және еңбек даулары (жалақы мен зейнетақы төлемдерінің төленбеуі) бойынша да көп шағынады екен. Биылғы көрсеткіш – 15 пайыз. Әсіресе осы мәселелермен Үржар (21), Бородулиха (18) және Тарбағатай (17) ауданының тұрғындары партияға біршама арыз-шағым түсіріпті. Тоғыз айда партия филиалына келіп түскен арыз-шағымдардың 14 пайызы тұрғын үй және жер телімдерін бөлу, оның ішінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй беруге қатысты екен. Бұл ретте арыз-шағымдардың басым бөлігі Зайсан (42), Абай (38), Глубокое (27) және Үржар (23,5) аудандарынан келіп түсіпті.
Тоғыз айға тоқталдық. Ал партияға 2016 жылы 5777, 2017 жылы 5658, 2018 жылы 4784 адам хабарласыпты. Былтыр арыз-шағымдардың 43 пайызы оң шешімін тауып, 55 пайызына кеңес беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті. 2018 жылы 2920 қабылдау ұйымдастырылып, 4569 адам мәселелерін айтуға мүмкіндік алыпты.
Үш жылды салыстырып айтар болсақ, өңір тұрғындарын негізінен 4 мәселе – әлеуметтік қамсыздандыру, жұмысқа орналасу, еңбек даулары, тұрғын үй және жер алу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері көбірек толғандыратынын және бұл түйткілдер жыл өткен сайын көбеймесе, азаймай отырғанын да анық байқаймыз.
«Министрлікке барсам, үй тез беріледі» деп ойлайды
Партияның облыстық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жансая Қаныбекова халық арасында «мәселе тек жоғарының нұсқауымен шешіледі» деген көзқарас қалыптасқанын айтады. Кейбір тұрғындардың мәселесі өзі тұратын жердегі ауыл әкіміне қатысты болса да, оған бармай бірден облыс әкіміне шағымданып жатады. Бізге тұрғындар көбінесе үй кезегі бойынша келеді. Олар бізден бұрын жоғарыға, орталықтағы басшыларға шағымданады. Елордадағы басшылар кезекті жылжыта алмайды ғой. Бәрі заң аясында шешілмей ме? «Министрлікке барсам, кезегім жылжиды, үй тез беріледі» деп ойлайды. Ол кісінің алдында да сол кісі секілді қанша мұқтаж адам бар екендігін естен шығарады. Білмегеннен кейін анда барады, мында барады. Уақытын жоғалтады. Бізге мәселесі әбден ушыққан кезде келеді. Артынан «Бірден сіздерге келуіміз керек екен ғой» деп жатады. Жасыратыны жоқ, облыста шешілмейтін мәселелер де бар. Бұл мәселелер негізінен сот шешімдеріне қатысты» деген ол қазіргі уақытта «Халыққа көмек» және «Заңгерлік көмек» деп аталатын екі жоба іске асып жатқанын жеткізді.
«Халыққа көмек» жобасы бойынша аптасына бір рет бейсенбі күні әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдері, халыққа қызмет көрсету орталықтары, тұрғын үй инспекциясы секілді мекемелердің өкілдері қабылдау жүргізеді екен. Ал «Заңгерлік көмек» бойынша аптасына бір рет заңгерлер, адвокаттар, нотариустар адамдарға тегін кеңес беріп, әлеуметтік осал топтарға өтініш жазуға көмектесетін көрінеді.
Тұрғындар негізінен партияға жеке мәселелерімен көп шағымданатынын байқадық. Ал өз ауылының, ауылдастарының мәселесін көтеретін тұрғындар саусақпен санарлықтай болса да бар екен. Мәселен, Алтай ауданының Парыгино ауылының тұрғыны 2016 жылы бейне конференция арқылы сол кездегі «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхамедке шығып, «Алтай-Зубовск-Парыгино» жолының мәселесін көтеріпті. Нәтижесінде, партияның ықпалымен облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 2017 жылы 13 шақырымдық жол 200 миллион теңгеге жөндеуден өтіпті.
Биыл арыз-шағым жылдағыдан екі есе көп
Аймақ тұрғындары арыз-шағымдарын арқалап баратын жердің бірі – Өскемендегі облыс әкімдігі ғимараты, ондағы – жеке тұлғаны қабылдау бөлмесі. Біз де бардық бұл жерге. Тым алысқа ұзамайық деп екі жарым жылға сарап жасап көрдік. Облыс әкімі аппараты Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы, жеке тұлғаны қабылдау бөлмесінің жетекшісі Нәсира Мұстафина ұсынған мәліметтерге сүйенсек, 2017 жылы жеке және заңды тұлғалардан 1525, 2018 жылы 1708, 2019 жылдың жарты жылдығында 1273 арыз-шағым түсіпті.
2017 жылы облыс әкімі аппаратына түскен 1525 арыз-шағымның 1047-сі тікелей өтініш берушіден, 203-і Президент Әкімшілігі, 170-і республика деңгейіндегі әртүрлі ведомстволар (министрліктер, комитеттер, Бас прокуратура), 71-і Премьер-Министр кеңсесі және 34-і Парламент арқылы түсіпті. Өңір тұрғындары арыз-шағымының көрсеткіштері бойынша облыс орталығы – Өскемен мен Семей қалалары көш бастап тұр. 2017 жылы Өскеменнен 532, Семейден 295, Риддерден 40, аудандардан Глубокоедан 48, Зайсаннан 45, Аягөзден 43, Көкпекті мен Ұланнан 37 өтініш келіп түсіпті. 2018 жылғы 1708 (+183) арыз-шағымның 1172-сі тікелей өтініш берушіден, 219-ы Президент Әкімшілігінен, 223-і республика деңгейіндегі әртүрлі ведомстволардан (министрліктер, комитеттер, Бас прокуратура), 49-ы Премьер-Министр кеңсесінен және 45-і Парламенттен келіпті. Былтыр шағым Өскеменде 52 (584), Риддерде 16 (56), Аягөзде 8 (51), Шемонаихада 19 (44), Үржарда 8 (39), Алтайда 4 (36) адамға көбейіп, Семей қаласы (290) мен Глубокое ауданында (43) 5 адамға төмендепті. Ал 2019 жылдың I жарты жылдығында 1273 арыз-шағым түсіпті. Оның 888-і тікелей өтініш берушіден, 116-сы Президент Әкімшілігінен, 188-і республика деңгейіндегі әртүрлі ведомстволардан (министрліктер, комитеттер, Бас прокуратура), 56-сы Премьер-Министр кеңсесінен және 25-і Парламенттен түсіпті. Облыс тұрғындарының осы арыз-шағымдарының 345-ы «Қазпошта», 308-і «Электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі», 194-і облыс әкімінің блогы, 127-сі «Электронды Үкімет» порталы, 57-сі облыс әкімінің қоғамдық қабылдау бөлмесі, 3-еуі факс арқылы түсіпті, 239-ын өтініш беруші өзі әкеп тапсырыпты. Біз жіпке тізіп отырған 2 жарым жылдағы арыз-шағымдарды саласына қарай жіктесек, облыс тұрғындарын негізінен тұрғын үй, жұмысқа орналасу, еңбек дауы, зейнетақы төлемдері, жәрдемақылардың тағайындалуы, жерді пайдалану секілді мәселелер көбірек толғандырады. Мәселен, 2018 жылғы 1525 арыз-шағымның 337-сі (2017 – 397) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, 184-і (2017 – 208) жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыруға, 161-і (2017 – 115) мемлекеттік қызметке, 144-і (2017 – 87) лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), 122-сі (2017 – 64) білім, ғылым және инновация, 74-і (2017 – 60) жерді пайдалану мәселелеріне қатысты екен. Биылғы жарты жылдықта да тұрғын үй (304), жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру (154), мемлекеттік қызмет (76), жерді пайдалану (56) күнтәртібінен түспепті. Сонымен қатар мәдениет (90), БАҚ-қа (60), өнеркәсіп пен кәсіпкерлік (47) және ауыл шаруашылығы, білім, ғылым, инновация (36) салаларына қатысты арыз-шағымдар тіркеліпті.
Қош делік, тұрғындар тарапынан келіп түскен арыз-шағымдар қалай қаралып, қаншалықты шешімін тауып жатыр?
«Соңғы бір жарым жылға тоқталайын. 2018 жылы өңір тұрғындары тарапынан түскен 1708 арыз-шағымның 1254-і (73,4 %) облыс әкімдігінің құрылымдық бөлімшелеріне, 33-і (1,9 %) аймақтағы құқық қорғау органдарына (прокуратура, Әділет департаменті) жіберілді. Қалған 394 арыз-шағым (23 %) облыс әкімі аппаратында қаралды. Былтыр облыс басшылығы заңды және жеке тұлғаларға 123 рет қабылдау жүргізіп, 301 адамның мәселесіне құлақ түрді. Облыс әкімі 135, орынбасарлары 134, аппарат басшысы 29 тұрғынды қабылдады. Ал биылғы алғашқы жарты жылдықта 1273 арыз-шағым түссе, соның 1056-сы әкімдіктің құрылымдық бөлімшелеріне, 10-ы құқық қорғау органдарына (прокуратура, Әділет департаменті) жіберілді. 176 арыз-шағым облыс әкімі аппаратында қаралды. Биыл тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағым жылдағыдан екі есе көп. 24 қыркүйекке дейін 1969 арыз-шағым түсті. Халық мәселенің бәрі тек жоғарыдан шешіледі деп ойлайды. Сондай көзқарас қалыптасқан. Дұрысында, мәселе жергілікті жерде шешілуі керек. Халық осыны дұрыс түсінсе дейміз, кез келген мәселенің заң аясында шешілетінін ұқса дейміз» деген Нәсира Мұстафина халық тарапынан тек арыз-шағым ғана түспейтінін, әртүрлі ұсыныстар да айтылатынын жеткізді. Мәселен, Катонқарағай ауданының тұрғындары аудан орталығын Үлкен Нарыннан Катонқарағай ауылына көшіру жөнінде, ал Мақаншы тұрғындары Мақаншыны жеке аудан қылып қайта құру туралы ұсыныс білдіріпті.
Әкімдік қызметкерлерінің сөзінен түйгеніміз, келіп түсетін арыз-шағымның дені жеке бастың мәселесі. Алайда қара бастың қамынан елдің, ауылының қамын жоғары қоятын азаматтар да бар. Мәселен, Глубокое ауданы Зимовьё ауылының тұрғыны Людмила Балаболкина былтыр ауылда аялдама жоқтығын көтеріп, хат жазыпты. Биыл облыс әкімінің тапсырмасымен ауылға аялдама орнатылыпты.
Цифрландырылған қоғамдық қабылдау бөлмесі
Былтыр желтоқсан айында Өскеменде ашылған облыс әкімінің қоғамдық қабылдау бөлмесі – мемлекет пен қоғам арасында тиімді екіжақты байланыс орнату арқылы тұрғындардың билікке деген сенімін арттыруға бағытталған жоба. Бұл жерде бәрі цифрландырылған. Қоғамдық қабылдау бөлмесі фронт-офистен, контакт-орталықтан және порталдан тұрады. «Облыс әкімінің қоғамдық қабылдауы» цифрлық порталы – әкімдіктің тұрғындар үшін ашықтығы және қолжетімділігі ұстанымы бойынша жұмыс істейтін платформа. Бұл жобаның бірегейлігі оған барлық мемлекеттік органның қатысуында. Тұрғындардан келіп түскен арыз-шағымдар арнайы электрондық платформада сақталады. Бүгінде виртуалды қабылдауға 303 мемлекеттік орган мен 768 маман қосылған. Олар – аудан-қала әкімдіктері, облыстық басқармалар, ірі қалалар әкімдіктерінің бөлімдері, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері. Жұмыс тәртібі бекітілген. Жүйеге 700-ден астам пайдаланушы қосылып отыр. Портал 1331 нөмірлі контакт-орталықпен бірлесе жұмыс істейді. Фронт-офис Қазақстан көшесіндегі 59/1 ғимаратының бірінші қабатында орналасқан. Ерекше атап өтерлігі, аталмыш офис мүмкіндігі шектеулі адамдарды қабылдау нормаларына сай жарақталған. Яғни, кіреберістегі мүгедектерге арналған шақыру батырмасымен, көрсеткіш тақталарымен, мнемосхемалармен, рельефті-нүктелі жапсырмалармен және тактильді тақтайшалармен жабдықталған. Орынжайда қауіпсіздік талаптарына сәйкес бейнебақылау жүйесі де орнатылған. Мұнда келген азаматтар өз беттерімен де қызмет түрлерін ала алады. Сондай-ақ олардың білікті мамандардың көмегіне де жүгінулеріне болады. Бұл жоба – «Цифрлы Қазақстан» және «Цифрлы Шығыс» бағдарламалары аясындағы ауқымды жұмыстың басы ғана. Мұның бәрі – тұрғындардың тұрмыс сапасы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында қолға алынған іс-шаралар», – дейді облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Марина Гагарина.
Бұл жерге облыстың кез келген нүктесінен үй немесе ұялы телефоны арқылы 1331 нөміріндегі байланыс орталығына хабарласуға болады. Телефон шалу тегін. Жұмыс күндері тұрғындардың арыз-шағымдарын оператор, ал демалыс пен мейрам күндері автоматтандырылған жауап беру жүйесі қабылдайды. Сондай-ақ www.1331.kz порталына кіріп, электрондық сандық қолтаңбаңыздың көмегімен сауалыңызды жолдауға да мүмкіндік бар.
Облыс әкімінің қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысымен біз де арнайы барып таныстық. Байқағанымыз, мұнда арыз-шағымдардың көбі негізінен телефон, WhatsApp, электронды пошта, Instagram, мобильді қосымшалар арқылы түседі екен. Мәселен, қоғамдық қабылдау бөлмесіне жыл басынан бері (20 қыркүйекке дейін) ұзын саны 4585 арыз-шағым келсе, соның 3012-сы телефон қоңырауы, 1146-сы WhatsApp арқылы түсіпті. Бес күн бойы таңғы сағат 8-ден кешкі сағат 8-ге дейін жұмыс істейтін қоғамдық қабылдау бөлмесінің ерекшелігі, облыстың кез келген тұрғыны кез келген мекемеге өтініш білдіре алады.
«Заң бойынша тұрғындардың арыз-шағымы 15 жұмыс күні ішінде қаралады. Ал бұл жерде 10 күнтізбелік күн ішінде қаралады. Бұл – бір. Екінші, арыз-шағымдарды тексеру керек болса, бір айға дейін созылады. Мұнда 22 күнде қаралады. Бізде қалай? Тұрғындардан келіп түскен арыз-шағымды тіркеп бірден тиісті орындарға жібереміз. Біз тіркеген кезде мемлекеттік мекемелерге арыз-шағым автоматты түрде түседі. Ал кезек күттірмейтін шұғыл жағдай болса, өзіміз телефон соғып, қосымша хабарлаймыз. Сұрақ бізге қалай келеді, солай жауап береміз. Мәселен, электронды поштамен келсе электронды поштамен жібереміз. Жауап барған кезде «жауапқа қанағаттанасыз ба, қанағаттанбайсыз ба?» деген жазу шығып тұрады. Егер қанағаттанбаса әрі қарай басқа орындарға жібереміз», дейді облыс әкімінің қоғамдық қабылдау бөлмесінің инспекторы Эльвира Шалқыбаева.
Шұғыл демекші, инспектор бізге шұғыл жағдайда келіп түскен хаттардың бірін көрсетті. Риддер қаласының тұрғыны Иван Вичиков 23 қыркүйек күні сағат 14:47-де WhatsApp арқылы шаһардағы көшелердің бірінде тоқ үзіліп, адамдарға қауіп төндіріп тұрғанын хабарлап, суреттерін жіберіпті. Содан кейін екі сағат шамасында, яғни сағат 16:25-те тиісті мамандар жұмыс істеп жатқанын хабарлап, қоғамдық қабылдау бөлмесіне алғысын жеткізіпті. Бұл – бір ғана мысал.
Қоғамдық қабылдау бөлмесіне телефон шалмай-ақ, тура келетін тұрғындар да бар. Соның бірі – қоғам белсендісі, Өскемен қаласының тұрғыны Руслан Смағұлов. Русланды әкімдіктегілердің көпшілігі жақсы таниды. Ол қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылғаннан бері 15 рет болыпты. «Бұл жер қарапайым адамдарға өте қолайлы. Жасыратыны жоқ, кейбір басқарма, департамент басшылары әрнені сылтауратып қабылдамай қояды. Ал мына жер арқылы алдын ала жазылып, кез келген басқармаға кіруге болады. Мәселен, мені жақында Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары қабылдады. Қоғамдық қабылдау бөлмесінде бекітілген кестеге сәйкес мемлекеттік органдар басшылары қабылдау өткізеді», дейді ол.
Облыс әкімінің қоғамдық қабылдау бөлмесінің инспекторы Эльвира Шалқыбаеваның айтуынша, жыл басынан бері барлық мекемелерге түскен арыз-шағымдар саны 40 мыңнан асып жығылыпты. Өңір тұрғындарын негізінен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, нақтырақ айтсақ, баспана мәселесі толғандырады екен. Екінші кезекте – денсаулық сақтау саласы. «Дәрігерлер дұрыс қабылдамайды, дұрыс қарамайды, барсаң орнында жоқ, «Damumed» неге істемейді, дәрігерлер менімен дұрыстап сөйлескен жоқ» деген секілді арыз-шағымдар айтылады. Жіктеп айтар болсақ, арыз-шағым, өтініш-тілек ең көп түсетін қала – Өскемен, одан кейін Семей, Алтай. Аудандардан Көкпектіден көп хабарласады», дейді Эльвира Шалқыбаева.
Түйін
Біз мақалада өңір тұрғындарының тек ресми орындарға түсіретін арыз-шағымдарына ғана тоқталуға тырыстық. Облыс халқының, аймақтағы белсенді азаматтардың әлеуметтік желіде, басқа да орындарда көтеріп жатқан мәселелері өз алдына бөлек әңгіме. Әлеуметтік желі демекші, облыс әкімі Даниал Ахметовтің фейсбук және Instagram әлеуметтік желілерінде ашылған жеке парақшасына облыс тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерін ашық жазып, ұсыныстарын жеткізіп жүр.
Шығыс Қазақстан облысы