• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 02 Қазан, 2019

Париждегі қазақ-француз келіссөздері стратегиялық серіктестік рухында өтті

129 рет
көрсетілді

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың 30 қыркүйек пен 1 қазанда Парижде өткен келіссөздерінің нәтижелері қос тараптың қазақ-француз стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуға деген өзара мүдделілігін көрсетті. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сырты істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Францияның Еуропалық және сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы, Экономикалық ынтымақтастық бойынша қазақ-француз үкіметаралық комиссиясының Тең төрағасы Жан-Батист Лемуанмен кездесуде тараптар екіжақты форматта және көпжақты алаңдардағы өзара ықпалдастық мәселелерін кеңінен талқылады.

Францияның бұрынғы президенті Жак Ширактың қайтыс болуына байланысты ресми аза тұту рәсімдеріне қатысқан Р.Василенко Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айтуын жеткізіп, көрнекті саясаткердің халықаралық қатынастар тарихындағы ерекше орнын және оның қазақ-француз қатынастарының дамуына қосқан айтарлықтай үлесін атап өтті.

Келіссөздер барысында барлық маңызды бағыттар бойынша екіжақты стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету мәселелеріне аса ден қойылды. Сонымен қатар Франция Президенті Эмманюэль Макронның алдағы уақытта Қазақстанға жоспарланған сапарына дайындық аясында ынтымақтастыққа жаңа серпін беретін басымдыққа ие жобаларды іске асыру барысы қарастырылды.

Р.Василенко қазақстандық тараптың өзара іс-қимыл спектрін кеңейтуге, оның ішінде цифрландыру, ауыл шаруашылығы, баламалы энергетика сияқты жаңа салаларды арттыруға бағытталғанын растады. Осы бағыттағы жұмыстың соңғы уақыттағы позитивті мысалдары ретінде Францияның аймақтарында биыл Қазақстан Елшілігі ұйымдастырған шаралар атап өтілді: наурыз айында Канндағы цифрландыру және баламалы энергетика бойынша форум, қыркүйектегі Ренн қаласындағы ауылшаруашылық және агроөнеркәсіп форумы болды, сондай-ақ 8 қазанда Парижде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың қатысуымен өтетін инвестициялық форумы. Іс-шаралар француз іскер топтары арасында үлкен қызығушылық тудырды және іскерлік байланыстар орнатудың тамаша алаңына айналды.

Нұр-Сұлтан мен Париж білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге үлкен мән беруде. 1993 жылдан бастап Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақ» стипендиялық бағдарламасы жұмыс істейді. 2014 жылдың желтоқсан айынан бастап біздің елімізде «Сорбонна-Қазақстан» институты өз жұмысын атқарып келеді. Өткен жылдан бастап магистранттар мен аспиранттардың «Абай-Верн» қазақ-француз стипендиясының құрылуына байланысты елдеріміздің академиялық ұтқырлығы артты.