Әділет министрлігінің делегациясы Женева қаласында 30 қыркүйек пен 9 қазан аралығында өтіп жатқан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (ДЗМҰ) Бас Ассамблеясының 59-сессиясына қатысты. Бұл туралы ведомстваның баспасөз қызметі хабарлады.
Бас Ассамблеяның сессиялары ДЗМҰ-да жыл сайын өтетін басты оқиғалардың бірі, оған ұйымның 192 қатысушы-мемлекетінің өкілдері қатысады.
Бас Ассамблеяның ашылу салтанатында Әділет министрі Марат Бекетаев Қазақстан Республикасы атынан зияткерлік меншік саласындағы негізгі жетістіктер туралы баяндама жасады.
Қазақстандық делегация ДЗМҰ Бас директоры Фрэнсис Гарримен, оның орынбасары Сильви Форбэн, ҰЗМИ-дың өкілдерімен, сондай-ақ Германия, Сингапур, Франция, ҚХР және АҚШ-тың делегация басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.
Кездесу барысында еліміздің негізгі серіктестерімен ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен кеңейту және зияткерлік меншік саласында оның бастамаларын ілгерілету мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар Әділет министрлігі мен ДЗМҰ медиация және төрелік орталығы арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл құжат зияткерлік меншік саласындағы дауларды шешудің баламалы тәсілдерін дамытуға ықпал етеді.
Айта кету керк, соңғы жыл ішінде өткізілген іс-шаралар нәтижесінде Әділет министрлігі «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК мен Еуразиялық патенттік ведомство арасында электрондық құжат алмасу туралы келісімге қол қойған еді.
Келісімнің мақсаты – Еуразиялық өтінімдерді жіберудің электрондық форматына толық көшу. Бұл өз кезегінде қолданыстағы Еуразиялық патенттеу жүйесі шеңберінде тіркеу рәсімдерін оңтайландыруға көмектеседі.
Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (ДЗМҰ) – Біріккен Ұлттар Ұйымының зияткерлік меншік саласындағы мамандандырылған мекемесі.