Құтқарушылар тығырыққа тірелді деген сөз, «жаман айтпай жақсы жоқ», қиын жағдай орын ала қалса, ел-жұрт қиындық құрсауында қалады деген сөз. Қандай жағдайда да апаттың алдын алу үшін сақадай-сай тұруға тиісті құтқарушыларды алаңдатқан тендер тәлкегінің тасасында не тұр?
Апат айтып келмейді. Әсіресе мұнай-газ өндіруші аймақ Маңғыстауда өндіріс қауіпсіздігіне салғырт қарауға болмас. Осыны ескергендіктен әу бастан-ақ қауіпті өндірістік нысандарда төтенше және апаттық жағдайларда жүргізілетін тау-кен құтқару, атқыламаға қарсы, газдан құтқару, қатердің алдын алу, сондай-ақ өртті сөндіру және алғашқы медициналық көмек көрсету және басқа да авариялық-құтқару жұмыстарын атқару мақсатында құрылған авариялық-құтқару қызметі мекемесі бар. «Әу бастан» дейтініміз, бұрын республикалық мемлекеттік мекеме құрамында жүріп, биыл наурыз айынан бастап жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып өзгерген мекеме өз ісінің мақтаулысы. Яғни кеше кенеттен пайда бола кетіп, бүгін тендер мәселесінде қиындыққа тап болып жатқан кешегісі күмән, тірлігі тұман кім көрінгеннің бірі емес. 51 жылдық тарихы ішінде ірілі-ұсақты апаттарды ауыздықтап, ел алғысына бөленген тұстары аз емес. Алайда тендер төңірегіндегі түйткіл құтқарушыларды тығырыққа тіреп отыр.
Тендер тәлкегі
«Ақберен» ЖШС авариялық-құтқару қызметі Маңғыстау филиалының директоры Амангелді Қуаналиевтің айтуынша, Маңғыстау облысында мұнай-газ саласында апаттар бола қалған жағдайда кәсіби мамандармен толыққан, техникасы озық, тәжірибелі құтқару қызметі көмекке шұғыл кірісуі тиіс. Маңғыстау облысы аумағында қызмет етіп жатқан ірілі-ұсақты өндіріс ошақтарында жұмыс тәртібі қатаң сақталады дегеннің өзінде, апат дегеніміз – ешкіммен ақылдаспай-ақ ойран салуы ықтимал дүлей. Кез келген жағдайда орын ала қалған оны ауыздықтауға шамамыз келе ме, дүлейге төтеп берер қауқарымыз қаншалықты?
Бізде орны бар, барынша қалыптасқан құтқару қызметін одан әрі қолдап, заманауи тұрғыдан жаңғырта жаңартып, жетілдіре түсудің орнына, оны аяқтан шалып, қаржыдан қағажу қалдырып, омақастыру оңай болып тұр.
«Нақтырақ айтсақ, қазір Маңғыстауда тендер тәлкегі құтқарушыларды әбден титықтатқан көрінеді. 120-дан астам адам еңбек ететін, заманауи 40 шақты арнайы ірі техникасы бар бұл серіктестікпен тендерге тең дәрежеде аты-жөні белгісіз, қызметі күмәнді компаниялар түседі екен.
Қызмет құнын 4-5 есе төмен қойып, тендерді жеңетін оларда қажетті талаптар мен шарттар қағаз жүзінде ғана бар. Құжаты сақадай-сай, небір апаттарды тойтаруға өзін бесаспап маман ретінде көрсетіп, тендерге таласатындар арасында «бір кабинет» ішінде қызмет етіп, не тұрақты базасы, не техникасы, тіпті мардымды құтқарушылары жоқ «ойыншылар» табылады. Олар апатты жағдай орын алып, жанұшырған шақырту дабылы түскенде оқиға орнына аттап баспай бой тасалап қалады екен. «Ақберен» серіктестігі басшысының айтуынша, «Ембімұнайгаздан» мұнай атқылап, апат болғанда жоғарыда аталғандай көлденең компаниялардың бірі оқиға орнына мүлдем келмей қойған, есесіне оларға тиесілі барлық жұмысты «ақберендіктер» атқарып, қауіпті жойған.
– Жақында «Қаражанбасмұнайгаз» компаниясы тендер жариялап, оған аз қаражатпен ақтөбелік құтқару компаниясы да қатысады. Өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ниетті компанияны тексеріп Ақтөбеге барған мұнайшылар аты бар, заты жоқ құтқарушыларды ешқандай талапқа сай емес деп таныған. Бұл – жұмыстарына жауапкершілікпен қарайтын мұнай компаниясының әрекеті. Бірақ барлығы осылай құтқарушылармен жете танысса жақсы ғой. Бір ғана келісіммен, «бармақ басты, көз қысты» әрекетпен жасалатын тендерлерге тоқтам керек, – дейді Амангелді Құрмашұлы.
Бүгінде «Ақберен» ЖШС Маңғыстау филиалымен өңірдегі 50 шақты компания келісімшартқа отырған. 24 сағат кезекшілікпен еңбек ететін құтқарушылардың ауыз толтырып айтатын жетістіктері баршылық. Олар «Қаламқас» кен орнында бірнеше күнге ұласқан өртті ауыздықтап, үлкен қатерді тоқтатты.
Өз қызметін республикалық бюдеттен қаражат алмай, қызмет көрсетілетін шаруашылық субъектілерімен шарттарды орындаудан түскен жеке кірістері есебінен жүзеге асырып келеді. Кәсіпорын қойылған мақсаттарын іске асыру үшін қызметтерін жоғары сапа, асқан жауапкершілікпен жүзеге асырады. Мекемеде техникалық қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Мамандар күнделікті жаттығып, үш жылда бір рет аттестациядан өтіп отырады. Республикалық деңгейдегі оқу-жаттығуларда ақберендіктердің шашасына шаң жұққан емес. Сондай-ақ мекемеде қызметкерлерді әлеуметтік тұрғыдан қолдау да қарастырылған. Олар жылына бір рет тегін медициналық тексерістен өтеді. Сауықтыру орындары, еңбек демалысы, бала туу, сабаққа бару немесе отбасындағы қайғылы жағдай кезінде қаржылай көмек беріледі. Мұның өзі құтқарушылардың өз қызметіне салғырт қарамауына серпін беріп келеді.
Құтқарушылық қызмет – бұл мемлекеттік пе, жекеменшік серіктестік пе, меншік иелігі кімге тиісті болса да халық үшін барынша қажетті қызмет. Сондықтан құтқарушылардың қызметін бейбіт күнде тасада қалдырмай қолдап, жетілдіріп отырудың орнына «тендердің талапайына» тастап, сергелдеңге салу орынсыз.
«Сақтансаң – сақтаймын» дейтін сөздің өзі біздің халқымыз үшін құлақсіңді болған тіркес болуы мүмкін апаттарды және одан сақтану керектігін ескертеді емес пе?!
Маңғыстау облысы