Статистика деректеріне сүйенсек, жарық дүние есігін ашқан әр оныншы сәби 15 жасқа толмаған қыздардың перзенті. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 15 пен 18 жас аралығындағы 79 қыз бала жүкті болған. Былтыр жаза басқандардың саны 69 болған екен. Курортты аймақтағы сәбилер үйіндегі бейкүнә балалардың қатарын көбейтіп жатқандар да негізінен солар.
Щучье қаласындағы сәбилер үйінің тарихы 1945 жылдан бастау алады. Зұлмат соғыстың соңы. Ел ішінде жетім-жесірдің көп кезі. Әйтсе де көнекөз қариялардың еске алуынша, алғашқы жылдары бес-алты-ақ сәби болған. Кісіліктен кенде, адамгершіліктен ада болмаған тұс. Қайырым көп, жанашырлық мол. Қазір облыстағы жалғыз мекеме елу балаға арналған. 37 сәби бағылып, күтілуде. Мекеме қызметкерлерінің айтуына қарағанда, соңғы жылдары тастанды балалардың саны біршама азайды. Ал мұндағылардың тағдыр соқпағы сан қилы. Бірден айта кетелік, 37 сәбидің алтауы ғана тұлдыр жетім, қалғандарының аналары, кейбірінің әкелері бар.
Тағдыр жолы қилы-қилы. Бір алаңдатарлығы, соңғы жылдары жас аналардың көбейіп кетуі. Бой жетпеген бейбақтардың жаза басып, жүкті болып қалуы – сәбилер үйін толтырудың ең басты себептерінің бірі екен. Тығырыққа тірелгенде, әлде тағдырына налыған ашу үстінде онсыз да қарақан басын қайда сыйдырарын білмей жүрген жас босанған, әлі отбасын құрып үлгермеген жас аналар бір жапырақ қағазды қос жанарынан сорғалаған көз жасына шылап, баладан бас тартамын деген өтініштерін жазатынға ұқсайды. Сәбилер үйінің қызметкерлері облыстағы перзентханалардан дәл осындай оқыс оқиға жайлы жайсыз хабар түссе, міндетті түрде жетуге асығады. Бірден онсыз да тағдырдан таяқ жеген бейбаққа ақыл-кеңес айтып, ширықтырмай, мән-жайды майдан қыл суырғандай етіп, жайлап білуге тырысады.
Бұл жерде де жүрек жылуы керек. Райынан қайтаруға, үміт отын жағуға жандарын салып бағады. Әсіресе, қаракөз қарындастар ар-ұят жағын көп ойлайды екен. Жаза басқанын әке-шешесіне айтуға жасқанады. Көрші-қолаң, ет жақын ағайын-туыс бар дегендей. Табалап, күстәналайтындар да табылмай ма?! Тағы бір себебі, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер. Әлі мамандық алып үлгермеген, баспанасы жоқ, табыс таппайтын жас ана баласын құшақтап қайда бармақ? Кімнің құшағына сияды? Есі кетіп есеңгірегенді есіркеп, маңдайынан сипайтын жан табылар ма?..
Сәбилер үйінде «Үміт» тобы бар екен. Дәл жаңағыдай жаза басқандардың жағдайын сәл де болса түзеп, қолтығынан демеуге арналған. Үміт отын үзбеуге бағытталған. Аналармен алты айға келісімшарт жасалады. Өз қолы өз аузына жеткенше. Бәлкім осы уақыттың ішінде табысын талғажау етер жұмыс табылып қалар. Ал баспана мәселесі жуық арада шешіле қоймайтын, қиын түйін. Әйтсе де, үмітсіз шайтан ғана емес пе, адам баласы тырмысса керек. Өзі үшін, өзегін жарып шыққан перзенті үшін. «Үміт» тобындағыларға анасының күнделікті келіп, жанары жасқа толған шарананы көруіне, күтуіне, аялауына, аймалауына рұқсат етіледі. Мәселенің өзі де баласынан безіп кетпей, бауыр бастыруға деген ұмтылыста жатыр. Жас анаға да мекеме қызметкерлері қолдарынан келгенінше көмек көрсетеді. Осы топ биыл сәбиінен бас тартқан отыздан астам ананы райынан қайтарып, балаларын бауырына алуға себепші болыпты. Бұл әрине, мекеме қызметкерлерінің айтып ауыз жеткізгісіз жеңісі. Жеңіс болғанда қандай, отыз сәби өз отбасында тәрбиеленіп, ана махаббатына бөленбек. Жаратқаннан одан өзге не тілерсің?
Осы арада бір ғана оқиға жөнінде сөз сабақтай кетелік. Сәбилер үйінің басшысы Дана Шахметованың айтуына қарағанда, оқыс оқиға жайлы кезекті хабар жеткен. Он алтыға енді толған жас қыз аяқ-қолын бауырына алыпты. Шекесі торсықтай екі сәби – егіз бала! Ал әкесі?! Әкесі беймәлім. Ана ғана білсе керек. Бірақ тіс жарып айтпайды. Жараның аузын тырнап, қазбалап сұрау тағы қиын. Тасбауыр тағдырдың таяғы мұндай қатты болар ма? Жастықтың әсерінен жаза басқан ананың өзі тұлдыр жетім. Жетімнен туған жетімектерді бағатын баспана, табыс табар жұмыс жоқ. Мекеме қызметкерлері өмірден түңілген, тағдырына налыған ананың үзіліп бара жатқан үмітін жалғаған. Егіз баланы «Үміт» тобына алған. Ал жас ананы өздеріне жұмысқа орналастырыпты. Арада үш жарым жыл өткенде қанша қатал болғанымен, тағдыр да қашанғы жылата берсін, ел қатарына қосылған. Бұл бір ғана мысал. Ал мұндай оқиғалар тіптен жиі кездеседі екен.
– Аналарды да кінәлауға болмайды, – дейді мекеме басшысы Дана Тасболатқызы, – ең басты мәселе әлеуметтік-тұрмыстық жағдайда ғой. Сәбилерін бағып-күтетін жағдайлары болмаған соң не істесін? Аналар үйінде бір жарым жасқа дейін ғана көмек көрсетіледі. Одан соң балабақшаға да бере алмайды. Баспанасы, табысы болмаған соң шарасыздықтан осындай қадамға барады.
Сәбилер үйін паналаған титтей жазығы жоқ бейкүнәлардың ішінде денсаулығында ақауы бар балалар да бар екен. Ата-аналары сол себепті бас тартқан. Мекемеде қазір оңалту мәселесі оң жолға қойылыпты. Бұрын қимыл-қозғалысында кінәраты бар балаларды арнайы мекемелерге апарып оңалтса, қазір қажетті медициналық құрал-жабдықтарды өздері орнатып жатыр. Сәбилердің денсаулықтары қатты қадағаланады. Балалар емханасы таяқтастам жерде. Өздерінде де дәрігерлер, медбикелер бар.
Әне бір жылдары өз ұлтымыздың сәбилері көптеу болатын. Қазір сирепті. Әйтсе де бар. Бұл жерде әр ұлттың сәбиі өз тілінде тілі шығуына айрықша мән беріледі екен. Мүмкіндігінше, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтауға көңіл бөлінген.
Жанашырлар да бар. Қолдау-демеу көрсетіп тұрады. Мекеме ештеңеге мұқтаж емес. Сәбилердің ас-суы, киім-кешегі жеткілікті. Ал демеушілік, жан жылуы моральдық тұрғыдан қажет. Қоғамда мейірімді жандардың көптігі көңіліңді демдейді екен. Құдды әлгі қамқорлыққа өзің бөленіп тұрғандай. Мекеме қызметкерлері астаналық кәсіпкер Павел Калашниковтың көмегін жыр қылып айтады. Міне, осындай азаматтар бар жерде қамкөңілді кептеген көк мұздың да көктем шуағымен жібігеніндей еріп кететініне күмән жоқ.
Бейкүнә балаларды бауырына басып, асырап алушылар да аз емес. Өтініштер жиі түсіп тұрады. Бұрынғыдай әдейілеп ат сабылтып келіп, түрін, түсін, жынысын білудің де қажеті жоқ. Бәрі мекеменің сайтында мөлдіреп тұр. Бірден келіп ала салмайды да бала асырап алуға ниет білдірушілерге 15 күн уақыт беріледі. Осы уақыт ішінде әлгі мейірімді жандар өздері қалаған сәбиге бауыр басулары керек. Еттері үйренгенше. Жұпар иісі бұрқыраған жас сәбилердің демімен мауқын басқанша. Бәлкім, ең керегі – махаббаты оянғанша. Осы уақыт ішінде болашақ ата-ана сәбидің жайын аңдағанда, мекеме қызметкерлері оларды да бақылайды екен. Баланы қалай киіндіреді, қалай тамақтандырады, көздерінде мейірім шуағы бар ма?
– Біз кез келген ата-анаға егер ниет білдірсе, сәбидің бар жайын жасырмай айтамыз, – дейді мекеме басшысы Дана Тасболатқызы, – денсаулығын, қалыптасып келе жатқан мінез-құлқын, тіпті шыққан тегін де.
Бір баланы бағып-қағуға шамасы жеткенімен, мейірімі жетпейтіндер болып қала ма деген сақтық та. Оларға тағдырдың таяғы бір рет оңдырмай тигені де жетіп жатыр емес пе?!
– 2017 жылдан бастап «Балажан» жобасы жүзеге асырыла бастады, – дейді патронаттық медбике Гүлназ Карпина, – бұл топта қазір 17 бала бар. Күндізгі балабақша есебінде. Түпкі себебі, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға байланысты. Үйлерінде балаға қарайтын жан жоқ. Ал жұмыс істемей, қол қусырып отыруға тағы болмайды.
Гүлназ Майданқызының айтуына қарағанда, жас аналардың шақшадай басын шарадай қылатын қаны шығып тұрған мәселе, әлеуметтік-тұрмыстық жай. Таяуда ғана перзентханада сәбиін қолхатын жазып тастап бара жатқан жас анамен жүздескен. Жұмыс бабымен. Өзі де, психолог та жылы-жылы сөйлегенімен, жас ананың жанын жадырата алмапты. Үміт оты да тұтанбаған. Алдында екі жол тұр. Екеуі де ауыр, аянышты. Жас ана сәбиінен жеріп, бақытын болашақтан тағы іздемек. Бәлкім табылып қалар, ал сәбилер үйіндегі жетімектің жайы ше? Аш болмас, жалаңаш болмас. Ана махаббатын, мейірін, сезімін сезінбей өседі-ау...
Мекеме қызметкерлерінің бар жайды тұрмыстық мәселеге тірегенімен, мұның арғы жағында тәрбиенің тайыздығы, отбасындағы, мектептегі, қоршаған ортасындағы адами құндылықтардың олқы түсуі жатқан жоқ па екен?..
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы