Кез келген тіршілік иесінің тағдыры тақтайдай түзу жолдан тұрмайтыны белгілі. Бүгін қуанып жүрсең, ертең қуарып, бүгін көл болып жүрсең, ертең шөл болып қалуың табан астында. Адамның бір аты пенде болған соң қазір не күтіп тұрғанын болжай алмаса да, бір жылдығын жоспарлап тастайды. «Құдайдың бұйрығынсыз қурай да сынбайтынын» білмегендіктен құдіреті жетпес нәрсеге құлшынып, шамадан тыс шаруа атқарамын деп шаршайды.
Жолы болмай жоспары бұзылса, өмірге өкпе айтатындар бар. Апатқа ұшырап аман қалса да Аллаға шүкір айтып, жүрегі соғып тұрғанға қуанатындар қаншама. Жалған өмірді жан-тәнімен сүйетін жандар үшін кез келген кедергі қарсы тұра алмас қайғымен тең. Ал тіршіліктің мәнін терең түсінгендер үшін ауа жұтып, аман-есен жер басып жүргеніне жететін нығмет жоқ.
Біздің кейіпкеріміз Біржан да сынаққа сынбай, қиындыққа қиылып кетпейтін қайратты жан. Оның қайраты аяғынан айрылса да аянбай еңбек етіп, айналасындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға да жұмыс тауып беріп, оларды табандылыққа тәрбиелеп, намысына қамшы басуында деуге болады. Біржан бүгінгі таңда «Ғибадат» ЖШС директоры, «Демеу» мүгедектерді қолдау қоғамының төрағасы.
«Бұрынғы жұмысым жол сақшысы еді. Сол қызметте жүргенде аязда аяғымды үсітіп алдым. Ол кезде жасым отыздан енді асқан болатын. Дәрігерлер аяғымды кесіп, ауруханадан қол арбамен бір-ақ шықтым. Алғашқы жылдары ауыр болғанын жасырмаймын. Көптеген досым менен теріс айналып кетті. Сол кезде өзімді дәлелдегім келді», дейді Біржан.
Иә, басыңа іс түскенде бас сауғалап қашатын жандар аз емес. Осындай пендешілік пейілдегі адамдардың қарым-қатынасы Біржанның намысына қамшы болып, қайратын оятып жеке кәсіп ашуына жетелеген екен. Ол бүгінгі таңда қазақы оюлармен безендірілген сандық, бесік және түрлі жиһаздар жасаумен айналысады. Айналысып қана қоймай өзге жандарды да тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
«Қазір мен өзімді дәлелдеп қана қоймай, он екі мүшесі сау адамға да, мүмкіндігі шектеулі жандарға да жұмыс тауып беріп, олардың нәпақа табуына өз үлесімді қосудамын. Осы дәрежеге жеткізген намыс пен қайрат деп ойлаймын. Жалпы менде мұндай кәсіп ашамын деген ой болған жоқ. Негізгі жоспарым сал ауруымен ауыратын балаларға қимыл-қозғалыс аппаратын жасау еді. Сол арқылы қоғамға бір пайдам тигенін және сол құрылғыны алған балалар да басқалар сияқты жүріп кетсе екен деген арманым болды. Шынымен де қарап отырсақ, сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту орталығы еліміздің ірі қалаларында ғана бар екен. Осындай орталықтар кішігірім қалаларда да болса деп ойлайсың. Біздің мақсатымыз мемлекеттің бір жағына шығысып, қолымыздан келгенше пайдамызды тигізу», дейді Біржан Қожақов.
Сөзімізге дәлел болсын, ол еліміз бойынша сал (ДЦП) ауруымен ауырып, төсек тартып жатқан сырқат балаларға арнап вертикализаторды тегін жасап берген. Сауапты іске ұмтылған азаматтың алған бағыты айрықша. Мақсаты – табыс тауып қана қоймай, айналасындағы жандарға жан-жылуын төгу. Сегіз жыл ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған оның жеке кәсібін жетілдіріп, жүйелі жүргізіп әкетуі – қажырлы қайраты мен өз-өзіне деген сенімінің нәтижесі болса керек. «Ғибадат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрған бүгінгі кейіпкеріміз сау адамға да, сал адамға да үлгі.
««Ғибадат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кеңсеге арналған корпусты жиһаз түрлерін, үйге арналған жиһаздар, оқу орындары мен мектеп жасына дейінгі балалар мекемелеріне арналған жиһаздарды, сонымен қатар бұйымдардың жүзден астам түрін дайындайды. Оның ішінде ұлттық нақыштағы жер үстелі, сандық, бесік секілді жиһаздар да кіреді. Шығарылатын өнімнің түрлері әрдайым нарықтың жаңа беталысына сәйкес жаңа бұйымдармен толықтырылып отырады. Жиһаздардың көптүрлілігі мен алуан түстілігі талғампаз тапсырыс берушілердің көңілінен шығуда. Әрбір тапсырыс берушінің бабын табудың нәтижесінде ерекше әрленген бағасы мен сапасы қолайлы жиһаздар дайындап отырады. Барша өнім шетелдік жабдықтардың көмегімен жасалады. Жиһаздың сапалы болуы білікті мамандар және қызметкерлер еңбегімен өндірісті басқару жүйесінің жоғары дәрежедегі ұйымдастырылуына байланысты. Жиһаздар Қазақстанның кез келген бөлігіне EMS kazpost пошта қызметі арқылы жөнелтіледі. Кәсіпорын мемлекеттік сатып алу порталының тапсырыстарына белсене араласып, адал жабдықтаушы ретінде танылып отыр. «Ғибадат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұстанымы сапалы, жайлы жиһазды төмен және бәсекелі бағалармен ұсына отырып, қарапайым адамдардың күнделікті өмірін жақсарту. Сондықтан «Ғибадат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз тұтынушыларының сенімі мен құрметін бағалайды және өзара тиімді ынтымақтастықта жұмыс істеуге әрқашан дайын», дейді кейіпкеріміз.
Еске сала кетсек, 2017 жылы Біржан Қожақов «Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін» аталымы бойынша «Алтын жүрек» ұлттық қоғамдық сыйлығының иегері атанып, биыл Елбасының Алғыс хатымен марапатталды. Әрине машақаттың марапатын көргенге ештеңе жетпейді. Қолынан келетін көмекті аямайтын абзал азаматтың ізгілікке толы ісі кімді болсын сүйсіндірмей қоймасы анық.