Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайының директоры Бибігүл Құдабаева мәдени мекеменің залдары жастарға арналған іс-шараларды – көрмелер, фестивальдар, байқаулар, концерттер, шығармашылық кештер мен тұсаукесерлер өткізу үшін әрқашан ашық екенін айтады.
– Біздің мұражай шығармашылық жастарға – суретшілерге, ақындар мен жазушыларға, музыканттар мен актерлерге ерекше көңіл бөледі. Биылғы Жастар жылында біз жаңа дәстүр енгізбекпіз. Жас суретшілердің өз күштерімен ұйымдастырылған топтық көрмелерін өткізе бастаймыз. Бұл жас авторларға жыл сайын өз жұмыстарын көрсетуге мүмкіндік береді, – дейді музей басшысы.
Таяуда аталған мұражайда SERPIN-2019 жас суретшілерінің көрмесі ашылды. Экспозицияда 18-30 жас аралығындағы 20 талантты автордың жұмыстары көрермен назарына ұсынылды.
Мамандардың айтуынша, жас суретшілер үшін осындай көрмелерге жүйелі түрде қатысып отырудың маңызы өте зор екен. Мұның өзі болашақта олардың шығармашылық тұрғыда дамуына игі әсерін тигізеді. Сайып келгенде, жас авторлардың әрқайсысы өз әлінше қайталанбас дара тұлға, әркім өз әлемін танып-білуге ұмтылады және оны өз туындысы арқылы көрермендерге паш етуге тырысады. Дегенмен жас қылқалам шеберлеріне ортақ дүниелер де бар: ол – шығармашылық серпіліс, шексіз қиял мен асау сезім, туындыны жасау, ойнату, ойлау және қиялдау, өзінің қайталанбас ізін қалдыру. Міне, осы әрекеттер олардың басын біріктіріп тұрады.
SERPIN-2019 жас суретшілер көрмесі 3 қазанға дейін жалғасады.
ҚАРАҒАНДЫ