Ақтауда өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасымен бірлесе заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай іс-шара ұйымдастырылды. Бұл туралы Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының баспасөз қызметінен хабарлады.
Этнос өкілдеріне қазақтың тарихында ерекше орны бар дара тұлға, халық жазушысы, қоғам қайраткері Әбіштің өмір жолын, қаламгердің қайталанбас туындыларын таныстыру мақсатындағы с-шараға этномәдени бірлестік өкілдері, Ассамблея жастары, мектеп оқушылары қатысты.
Іс-шара барысында кітапханашы Асия Нутанқызы этнос өкілдеріне ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтер беріп, Әбіштің көзі тірісінде басып шығарылған кітаптарымен таныстырды.
Әбіш Кекілбаевтың немересі Елдар Әбіш пен ұстазы Тамара Степанова әйгілі жазушының туған күніне орай дайындаған видеофильмі көрсетіліп, құнды мәліметтер айтылды.
-Бүгінгі қазақ елінің жазушысы Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараға қатысқаныма қуаныштымын. Осы уақытқа дейін қаламгер туралы білмеген екенмін. Әбіш – ең мықты және атақты қаламгер. Ол В.Шекспирдің, А.Чеховтың, т.б. елдер қаламгерлерінің шығармаларын қазақшаға аударған дара таланттардың бірі екен. Қысқаша айтқанда, бүгінгі шарада абыз Әбіш туралы көптеген мағлұматтар алдым. Осы іс-шараны ұйымдастырушыларна үлкен рахметімді айтамын, дейді «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Руслан Баматгереев.