Жаһандық өркендеу қарқын алған сайын Азия дамудың даңғыл жолына түсті. Қай сала болсын, алдымен экономиканың тамырына қан жүгірту үшін жүйелі ұйымдастырылып, нәтижесінде Азия елдерінің әлеуеті едәуір артты. Бұл ретте Қазақстан басымдық берер бағыт қайсы? Ішкі-сыртқы саяси ықпалдастықтың ұрымтал тұсын ұтқыр пайдалану үшін нендей тәуекелге бару керек? Әлем елдерін жаппай ойландырған өзекті мәселелер ортақ алаңда жан-жақты талқыланды. Бұл шеңберге өз шешімін ұсынған Қазақстанның үнін Мемлекет басшысы ашық әрі айқын жеткізді. Осы орайда Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин журналистерге сұхбат беріп, «Валдай» пікірталас клубы сияқты жиындарға қатысудың Қазақстан имиджі үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті.
– «Валдай» пікірталас клубы – әлемдегі танымал әрі ықпалды сарапшылар алаңы. Клубтың кеңінен танылуына, әлем жұртшылығы назарына ілігуіне бірнеше фактор әсер етеді. Алдымен Батыс елдері, оның ішінде АҚШ, Еуропа, сонымен қатар Азияның алпауыт мемлекеттерінен беделді ғалымдар, әйгілі саясаткерлер мен экономист мамандардың басын қосқан ортақ алаңға айналғанын ерекше атап өтуге болады. Әр мемлекеттен жиналған сарапшылар белгілі бір аймаққа немесе халықаралық аренадағы саясатқа, саяси шешімдердің қабылдануына ықпал еткен тұлғалар. Кездесу барысында саяси қайраткерлер мен мемлекет басшылары сарапшылар қауымдастығы арқылы өз елдерінің ішкі және сыртқы саяси бағытының басымдығын жеткізуге тырысады, – деген Е.Қариннің айтуынша, биыл он алтыншы рет ұйымдастырылған шараға тұңғыш рет Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып отыр. Пікірталас алаңы кезінде Мемлекет басшысы әлемдегі ықпалды, танымал сарапшылармен кездесіп, өз пікірін білдірді. Клуб отырысына өзге де мемлекет басшылары қатысып, бұл ретте Президент әріптестерімен екіжақты, көпжақты кездесулер ұйымдастырылды.
− Клуб аясында саяси-экономикалық салаларды арқау еткен мәселелер кеңінен талқыланды. Саясаткерлер әдетте ресми кездесулердің алаңдарында ғана емес, бейресми шаралар аясында өтетін кездесулерді ұтымды пайдалануға тырысады. Бұл ретте халықаралық деңгейдегі осындай кездесулер Қазақстан үшін аса тиімді болмақ. Себебі біз халықаралық және аймақтық процестердің қатысушысы болғандықтан, сыртқы саяси басымдықтарымызды түрлі ортадағы саяси сарапшылар қауымдастығына ұтымды жеткіземіз. Бейбітшілік бағытындағы Қазақстанның бастамалары әлемге аян. Оның ішінде ядролық қарусыздандыру аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған тиімді әрі мойындалған түрлі бастамалар жүзеге асырылуда. Сол себепті елдің сыртқы саяси басымдықтарын кеңейтіп, қолдаушылар аясын арттыруға көңіл бөлінбек, – деді Президенттің кеңесшісі.
Әлем елдері қауымдастығының ортақ алаңына биыл бесінші мәрте қатысқан Е.Қарин соңғы үш-төрт жылда «Валдай» клубының негізгі тақырыбы Азия елдеріне арналғанын айтты. Оған себеп, ресейлік сарапшылар қауымдастығы тарапынан Шығыстың рөлі артып, Батыс елдеріне бәсекелес болуға толығымен қауқарлы екені мойындал- ған.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын Ресей басшысы В.Путин «Шығысқа қарай бет бұру» деген сыртқы саяси тұжырымдамалық бастамасын көтерген болатын. Соған сәйкес Ресей тұрақты түрде Шығыстағы Азия елдерімен байланысты нығайтуға ниетті. Шығыспен байланыс туралы сөз болғанда Ресей бұл бағыттағы стратегиялық әріптесі Қазақстанмен арадағы достық, ынтымақтастық, саяси-экономикалық байланыстардың жандануына ниетті. Өйткені көрші елдің өзге мемлекеттермен арадағы қарым-қатынасын біздің ел арқылы түзеуге, жақсартуға мүмкіндігі мол, – деді Е.Қарин.