• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
07 Қазан, 2019

Кісілік және кісі құны

1527 рет
көрсетілді

Бір жазушы ағамыз өзінің сұхбатында жастық шағы туралы айта келіп, «Оқудан құлап келдім. Әкемнің алдында құным түсіп кетті. Малға салды» деді. Осы сөзді естігенде әуелі аңтарылып, кейін іштей абыржытқан түсініксіз күй кештім. Ойландырды. Әке мен бала арасындағы осы бір жағдаят адам мен қоғам, адам мен мемлекет, адам мен әлем арасындағы қатынастың кіші формасы секілді көрінді маған. Тіпті, жаратушы мен адам арасындағы рухани байланыста да осы тұр.

Кейде кімнің алдында құнымыздың түсіп кеткенін сезіне бермейміз. Ата-ананың, ағайын-бауырдың, дос-жаранның, қызметтестердің, тіпті қоңсы қоныс тепкен жандардың да алдында алуан күй кешеміз. Бірі салқын амандасқандай, бірі қабақ бермегендей, бірі көңіл үшін ғана бас изегендей көрінеді. Жолын бөгеген, өкпелеткен тұсым бар ма еді деп қарадай қапа боласыз. Оспадар қылық болмаса да, қиыстау жерде қылған рабайсыз іс, қолайсыз сөздің өзі кісі құнын төмендетіп тұрады.

Кейде қараптан қарап жүріп өзің тәуір көрген адамның бір әбес қылығына, бір әнтек, аңдаусыз айтқан сөзіне қарның ашып қалады. Не бір әділетсіз әрекетін көріп іш жиып қаласыз. Ал кейде болымсыз деген адамның өзінің болмайтын бір ұсақ-түйек шаруада ірілік көрсеткенін аңдап қалсаңыз, көңіл түкпірінде бір нәрсе жылт ете қалады. Жөн болған екен дейсіз . Кісі бойынан тым болмағанда бір жақсы қасиет ұшырасып қалуы керек қой дейсіз. Бірақ бұл кездейсоқ жағдайда туған екіұдай сезім болымды кісіні қадірсіз, болымсыз деген кісіні бір демде қадірлі етіп жібермейтіні тағы бар. Өзіңіз үшін ғана ой түйіп қоясыз.

Қадірі кету, қасиетсіз көріну, көңіл қал­дыру, сенімге селкеу түсіру, жек­кө­рі­­­нішті болу бөлек те, ал құнның түсуі – басқа нәрсе. Бұл – ауыр сезім. Бірақ өтпелі, белгілі бір уақытқа дейін ғана созылатын сезім. Көңіл сырқаты секілді.

Кісі мен кісіліктің құны жайлы да осы ретте сөз айтуға болатын секілді. Даланың арғы тарихына қарасақ, бабаларымыз кісіліктің құнын да, кісінің құнын да өте жоғары деңгейде бағалағанын көреміз. Дала заңдары – «Есімханның ескі жолы», «Қасымханның қасқа жолы», «Әз Тәукенің «Жеті жарғысында» ердің құнын жүз жылқыға немесе мың қойға бағалайды. Бұл – қараның құны. Құн төлеу түркі баласында ғана емес, барлық халықта бар. Мысалы, Ярослав Мудрыйдың «Русская Правда» заңдар жиынтығында вира, яғни ердің құны – 40 гривен: жиырма сиыр немесе екі жүз қой. Біздің бабалар ердің құнын бұдан бес есе жоғары бағалап отыр. Қазақ кісісі қымбат болып отыр. Адамның басы ардақты. Жаны аяулы. «Қыз Жібекті ойласаң нең кетеді, орамалы тұрады бес жүз жорға» дегендей, нағыз азаматтың, нақ арудың да қарақан басы ғана емес, ары да, намысы да, сөзі де қымбатқа түседі.

Ал енді кісілік құны дүние-мүлік, малмен есептелмейді. «Өзімнен сөзім қымбат» дейтін қазақтың сол «қымбат сөзінің» артында кісілік қасиеті тұрған жоқ па?! Сөзі арзан адамның өзі де арзан болғаны ғой. Ісі татымсыз адамның басының да бағасы кем болғаны ғой. «Бір аяқ асқа алғысыз» дейтініміз де осы болар.

Кісінің құнын не түсіреді? Не көтереді?

Кейде кісінің құнын бір ауыз аумалы сөзі де түсіреді. Бір қалыс айнымалы мінезі де түсіреді. Әркіммен бір араластығы, әр шаруаның басын бір шалғыштығы түсіреді, тым кінәмшілдігі түсіреді. Басқаша айтқанда, кісілігі девальвацияға ұшырайды. Бұл – ауыр. Өзің үшін, өзге үшін де. Мұны сезіну бар, сезіне алмау бар.

Бұл құнның мөлшері – дүние-байлықта, атақ пен мансапта, лауазымда емес. Мұның мөлшері – адамшылықта, кісілік қарым-қатынаста. Ситуацияны сезіне алуда. Приоритетті дұрыс қоюда. Арақатынасты әділ бағалауда. Жанкешті еңбекте. Адалдық пен тазалықта. Сөзге тұрақтылық пен сертке беріктікте. Өз қадіріңді, кісінің қадірін білуде.

Тағы бір қаламгер ағамыздың «сол совет заманында, оқуға түсе алмай келгенде, елге көрінуге жүз шыдамай, үйге бұқпантайлап, таса-тасамен барушы едік» дегені есіме түсіп отыр. Демек, кісілік құны деп отырғанымыздың бір қыры – ұятты сезіне алу екен. Өзіңді қор санау, қораш көру, аласаның қасында асқақтау, биіктің қасында бүгежектеу емес, нақ сол ұятты жан-жүрегіңмен сезіне алу. Ұяттан өртену. Олай болмаса, бәрі де дұрыс секілді. Өзіңдікі жөн секілді. Білген кісінікі білместік секілді.

 Ерлан ЖҮНІС,«Egemen Qazaqstan»