Қазақ театры мен кино өнерінің мақтанышы, КСРО халық әртісі, Еңбек Ері Асанәлі Әшімов жақында ғана Анапа қаласында өткен ХХVІІІ халықаралық «Киношок» кинофестивалінде «Ең үздік ер адам рөлі» жүлдесін жеңіп алды. Қазақ киносының мэтрі бұл жүлдені режиссер Қуат Ахметовтің «Аруақ» фильміндегі Ағатай қарттың рөлі үшін иеленді.
Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Аруақ» фильмі прокатқа биыл көктемде шыққан болатын. Режиссердің айтуынша, фильм идеясы А.Әшімовтің өзіне тиесілі. Жапан далада жалғыз өмір кешкен қарияның жас ұрпаққа айтқысы келетін ойын, фәни жалған туралы толғанысын парасатпен өрген кинотуындыда идея авторының жеке көзқарасы мен пайымы басым. «Бұл фильмнің кейіпкері ғарыштық кеңістіктегі адам. Ол көптеген тіл біледі, көп елді мекен еткен. Бір қарағанда, «Атаманның ақырындағы» Қасымхан Чадьяров тағдырының жалғасы сияқты, кейіпкер 80 жаста, ендеше бұл оның дәлме-дәл жалғасы емес, біртіндеп басқа тарихты жасаған адам», дейді А.Әшімов.
Сүйген жары қайтыс болған, ағайын-туысы да қалмаған, өз ортасынан безіп, қу мекиен даланы пана тұтқан Ағатай есімді қарттың кішкентай жетім балаға кезіккен оқиғасы көрерменді бейжай қалдырмайды. Құлазыған ақсақалдың жарымжан көңілі жетімдер үйінен қашып шыққан баланы көргенде өзгеріп сала береді. Қазақ ақсақалына тән даналық, терең ойлау дағдысы фильмнің өн бойына арқау болған. Түркі елдерінің ертегілері мен аңыз-әңгімелерінің желісі бойынша түсірілген фильмнің бас кейіпкері осы образы арқылы әлі де бабындағы актер екенін барша жұртқа тағы бір мәрте дәлелдеді.
«Егемен-ақпарат»