• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Қазан, 2019

Маңғыстауда кәсіпкерлер палатасында маңызды мәселелер талқыланды

257 рет
көрсетілді

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасында облыс әкімі Серікбай Трұмов бизнес өкілдерімен кездесті. Бұл туралы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінен хабарлады. Өңірлік кеңес мүшелерімен басқосуда кәсіпкерлерге қолбайлау болып отырған өзекті мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары айтылды.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев елді мекендерде скрининг жүргізу аудан әкімдерінің қатысуымен белсенді жүріп жатқанын баяндады. Сонан соң кәсіпкерлерге жер, ондағы коммуникация жайы көрсетілген ақпаратты жария түрде алуда қиындықтар туындағанын жеткізді. Мұнан бөлек кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын жергілікті бюджет есебінен қаржыландыру жолын ұсынды. Мамандыққа даярлау саласында кәсіпкерлер палатасы сенімгерлікпен басқаруға дайын екенін атап өтті.

-Облыстағы 16 колледждің 7-еуі сенімгерлікпен басқаруға болатындығы жөнінде білім басқармасымен бірлесіп талдау жүргіздік. Бұл мемлекет шығынын үнемдеуге көп көмегін тигізеді, - деді ол.

-Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын қаржыландыру жағын қарастырамыз. Кәсіпкерлер мәселесін бірлесіп шешуге дайынбыз. Колледждерде мамандық дайындауға келер болсақ, жұмыссыздықты азайту жағынан септігін тигізсе, сұранысқа ие мамандарды қайта даярлауға серпін берсе бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Сондықтан да ұсыныстарыңызды қолдаймыз, - деді облыс басшысы.

Сонан соң облысқа белгілі кәсіпкерлер сөз алып, шешімін таппаған жайттарды ортаға салды. МО Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған Маңғыстауда қолөнершілер орталығын ашу туралы ұсыныс айтты. Сонда маңғыстаулық бай нақышпен жасалатын қолөнер бұйымдары бір орталықта жасалып, өнімдер саудаға да шығарылмақ. «

-Облыста киіз үй жабдығын тігетін алдыңғы буыннан 4 қана шебер қалды. Олардың жасы 60-тан асып барады. Солардың білетін мол мұрасын, киіз басу, басқұр, ши тоқу т.б.бұймдарды жасауды жастарға үйрететін шеберлік мектебі ашылса. Сонда шеберлердің әрқайсысы мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, Маңғыстау мұрасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін ізбасарлар толқыны үзілмес еді, деді ол.

Кездесу барысында кәсіпкерлер жер, құрылыс, туризм саласын дамыту, әйелдер кәсіпкерлігін жетілдіру, жергілікті өнімді тұтыну сынды маңызды мәселелерді қозғады. Облыс басшысы қашан да өңір дамуы үшін тиімді жобаларды қолдауға дайын екенін айтты.

Бұл қолдау облыста қызмет ететін 114 мыңнан астам адам орта және шағын бизнес саласы өкілдеріне үлкен серпін береді. Өңірдегі бизнес нысандары 53 мыңға жетіп қалды. Бұл кәсіпкерлер қатарының өткен жылмен салыстырғанда 9,5%  артқанын көрсетеді.

Маңғыстау облысы