Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі бүгінгі таңда аса өзекті болып отырғаны айтылды.
Ақмола облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы жыл басынан бері жеке, заңды тұлғаларға және мемлекеттік органдарға қатысты 1 606,19 гектар жерге 320 тексеру жүргізіп, 1605,7 гектар жерде жер заңнамасы нормаларының 283 заң бұзушылығын анықтаған. Бұл келеңсіз көрініс былтырғы көрсеткіштен әлдеқайда көп. Осы заң бұзушылықтар бойынша 27 әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды. Айыппұлдың басым бөлігі бюджетке түсті. Осы арада ара-жігін ажыратып айта кететін бір жайы бар. Айыппұл сомасының азаюына басқарма құзыретінен ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбағаны немесе ұтымсыз пайдаланғаны үшін айыппұл салуды алып тастау себеп болып отыр. Сондай-ақ Жер кодексінің 92, 94-баптарына сәйкес анықталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында 945,78 гектар жерге жер учаскелерін нысаналы мақсатқа сәйкес пайдалану қажеттігі туралы 211 ұйғарым шығарылды. Тағы бір айта кетерлігі, қалалар мен аудандарда құрылыс мақсатына арналған пайдаланбайтын немесе жер заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын жер учаскелерін анықтау үшін жұмыс топтары құрылды.
Басқарма жыл басынан бері құрылыс нысандары үшін берілген 944,53 гектар жердегі 205 жер учаскесін тексерген. Тексеріс нәтижесі бойынша Жер кодексінің 92, 94-баптарына сәйкес жер учаскелерін нысаналы мақсатқа сәйкес пайдалану қажеттігі туралы ұйғарымдар берілді. Аталған жер учаскелері бойынша бір жыл өткеннен кейін тағы да тексерулер жүргізілетін болады.
Құрылыс нысандары үшін берілген жер учаскелері туралы мәліметтер Ақмола облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне жер салығының жоғары мөлшерлемесін қолдану мақсатында жіберілген. Бүгінгі таңда коммерциялық мақсатта пайдаланылмайтын жерлер бойынша 2015 жылдан бастап 24 миллион 721 мың теңге жер салығының жоғары мөлшерлемесі қолданылған.
Оның 12 миллион 773 мың теңгесі бюджетке түскен. 2018 жылғы коммерциялық мақсаттағы жер учаскелеріне берілген ұйғарымдар бойынша бақылау тексерулерінің нәтижесінде бұрын анықталған заң бұзушылықтардың бүгінге дейін жойылмауына байланысты сот органдарына 67,9 гектар жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою туралы 16 талап-арыз жолданған. Осы жұмыстар арқылы кейбір жер учаскелері мемлекеттік меншікке қайтарылып алынды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2018 жылдың қараша айында жергілікті атқарушы органдар облыс бойынша прокуратура органдарымен бірлесе отырып, 4273,6 гектар жер аумағында коммерциялық мақсаттағы пайдаланылмайтын 422 жер учаскесін анықтады. Жоғарыда көрсетілген жер телімдерінің мекенжайын тексеруге де материалдар келіп түсті. Бұл дегеніңіз 4272,9 гектар алаңдағы 386 жер учаскесі. Жұмыс нәтижелері бойынша анықталған жай 2998,2 гектар алаңдағы 176 жер учаскесі тексеруге жатпайтын болып шықты. Тексерілетін субъектілерінің орналасқан жерінің анықталмауына байланысты 571,8 гектар алаңдағы 97 жер учаскесі бойынша материалдар жергілікті атқарушы органдарға иесіз мүлік ретінде есепке қою үшін жіберілді. Жоғарыда біз айтып өткен тексерулер бойынша 3,5 гектар алаңдағы жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Пайдаланылмайтын коммерциялық жерлер бойынша іс-шараларды орындау барысында мәселелер бар. Хабарлама жіберілген кезде меншік иесі көбінесе алдағы тексеруден жалтарады. Кейбір жағдайларда тексеру туралы хабар түскен соң жер учаскелерінің меншік иелері үшінші тұлғаға сатып жіберуге тырысады.
Басқарма тексеру тәртібін түсіндіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізген, аудандағы инспекторлар тағылымдамадан өткен. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2018 жылдың қараша айында жергілікті атқарушы органдар прокуратура органдарымен бірлесе отырып, 975139,8 гектар жерге ауыл шаруашылығы мақсатындағы 744 жер учаскесінің пайдаланылмайтынын анықтады. Осы орайда аудан әкімдіктерінің мемлекеттік инспекторлары жалпы көлемі 572 177 гектар алқапта 389 жер учаскесі бойынша тексеру іс-шараларын жүргізіп, 195 субъектіні әкімшілік жауапкершілікке тартты. Меншік иелерінің жер телімдерінен өз еркімен бас тартуы, жалға алу шартын бұзу жолымен 17531,5 гектар жердегі 37 жер учаскесі мемлекеттік меншікке қайтарылды. Иесі жоқ мүлік санатына 8481 гектар жердегі 4 жер телімі қайтарылды.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді алып қоюға байланысты проблемалық мәселелер де туындайды. Айталық, шаруа қожалығы немесе фермер ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскесін мақсатты пайдаланбаған сәттен бастап екі жыл өтсе, онда мұндай жер учаскесі заңда көзделген тәртіппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады. Іс жүзінде пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмысты аудан әкімдіктері созып алады. Оған себеп болып отырған жайт талап-арыз бергенге дейін үш тексеру жүргізілу талап етіледі. Осыған байланысты берілген сәтінен бастап екі жыл бойы жерді пайдаланбау фактілерін анықтау мерзімін қысқарту жөнінде Жер кодексіне өзгерістер енгізілуі қажет-ақ.
Бүгінгі таңда облыс аумағында өз қызметін жүзеге асыратын жер қойнауын пайдалану саласында 172 келісімшарт тіркелген. Өткен жылы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы арасында пайдалы қазбалардың ғарыштық мониторингі бойынша қызмет көрсетуге шарт жасалған. Нәтижесінде акционерлік қоғам келісімшарттық аумақтан тыс өндіруді жүзеге асырылуының 117 суретін ұсынды. Осы жұмыстардың нәтижесінде келісімшарттағы міндеттемелерді орындамағаны үшін 6 шарттың қолданылуы тоқтатылды. Қазіргі уақытта әкімдікпен далалық зерттеу жүргізу және тау-кен инженерлік қызметтерін сатып алу үшін бюджет қаражатын бөлу мәселесі қарастырылуда. Бұл орайда жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан қоршаған ортаға келтірілген залалды мемлекет пайдасына өндіріп алу қолданылып жүрген заңдарға сәйкес сот органдары арқылы жүзеге асырылатын болады. Басқарма 2019 жылдың сәйкес мерзімінде 90 мың гектар алқапқа қатысты 54 талап-арыз берген. Оның 15-і қанағаттандырылған. Пайдаланылмайтын жер учаскелерін мемлекеттік меншікке мәжбүрлеп алып қою бойынша жалпы көлемі 66,75 гектарды құрайтын жерге қатысты 16 талап-арыз берілген.
Бүгінгі таңда негізгі міндеттерге сәйкес жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде прокуратура органдарымен бірлесе отырып, бірқатар тексерулер жүргізілуде. Тексеру барысында жер учаскелерін беру заңдылығына қатысты жер заңнамасы нормаларының өрескел бұзушылықтары анықталып отыр. Жоғарыда біз келтірген деректерге қарай отырып, әлі де болса жерге иенің де керек екендігін, игере де білу қажет екендігін ұғынасыз.
Ақмола облысы