Кеше Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын іске асыру барысы туралы жан-жақты талқыланды.
Биыл жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасы бекітіледі
Алқалы жиында Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко «Нұрлы жер» бағдарламасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әзірленгенін, бұл халықтың жаппай тұрғын үйге қол жеткізуінің тиімді жолы болғанын атап көрсетті.
– «Нұрлы жер» бағдарламасы бірден пайда бола қойған жоқ. Тұңғыш Президенттің тапсырмасымен тұрғын үй кешені және азаматтарды қолдау шаралары жүйелі түрде дамып жатыр. Баспанамен қамтуды көбейту үшін 2005-2007 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы мен 2010-2014 жылдары құрылыс материалдарын өндіру жөніндегі бірқатар бағдарлама сәтті іске асырылды. «Нұрлы жол» және өңірлерді дамыту, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламалары орындалды. 2015-2017 жылдары 16 525 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді, оның ішінде 5663 жеке үй салынды, – деді В.Божко.
Сонымен қатар вице-спикер 2019 жылы бәрінен бұрын көп балалы аналарға пәтер берілгенін, кезекте тұрғандардың 922-сі үйлі болғанын айтты. Бұған қоса, ата-ананың қамқорлығынсыз өскен балаларға 518 үй берілген. «Нұрлы жер» бағдарламасы заңды түрде ашық кезек қалыптастыруға және кезекте тұрған адамдарға пәтерлерді әділетті бөлуге негізделген. Жалпы, биыл елімізде 4537 адам пәтерге қол жеткізген.
Депутаттар алдында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылу барысы мен алдағы жоспарлары туралы баяндады. Оның айтуынша, 1991-2018 жылдары республикада 1,3 млн азамат үйлі болған. Әлеуметтік тұрғын үймен 160 мың отбасы қамтамасыз етілді, 63 мыңнан аса үлескердің тұрғын үй мәселелері шешілді.
– Азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы іске асырылып жатыр. Осы бағдарлама тұрғын үйдің қолжетімділігі мен құрылыс секторын қолдаудың әртүрлі тетігін ұсынады. Бағдарламаның басты ерекшелігі мен мақсаты – мемлекеттің тұрғын үй құрылысына мүмкіндігінше аз қатысуы, нарықтық тетіктерді дамыту. Бұған жеке инвестициялар тарту арқылы және халықтың жинақтары есебінен қол жеткізуге болады. Барлығы 2017-2018 жылдары қаржыландырудың барлық көздерінен 23,7 млн шаршы метрден аса тұрғын үй салынды, 1,9 трлн теңге инвестиция тартылды. 214 мыңнан аса азамат өз тұрғын үй жағдайын жақсартты. 2018 жылы рекордтық 12,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бір тұрғынға шаққанда 0,68 шаршы метр құрады. Бұл – ТМД елдерінің ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіш, – деді Б.Атамқұлов.
Сонымен қатар министр бағдарлама аясында орындалатын жұмыстарға тоқталды. Осы жылы 13 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй немесе 118 мың тұрғынжай салынады. Мемлекеттік инвестиция есебінен 1,7 млн шаршы метр пайдалануға беріледі, бұл 30 мыңнан аса мұқтаж азаматты тұрғын үймен қамтамасыз етеді.
2019 жылы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын 6002 жалға берілетін пәтермен қамтамасыз ету жоспарланған. Сондай-ақ Елбасының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін 40 мың жалға берілетін тұрғынжай немесе жыл сайын көп балалы отбасылар үшін 6 мың пәтер салу көзделген. Осы мақсат үшін 7 жылдың ішінде 350 млрд теңге қарастырылған.
Тұрғын үй кезегінде 38 мың отбасы тұр. 3 өңірде – Түркістан (5937), Алматы (5093) облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында (3409) көп балалы отбасылардың саны көп. Көп балалы отбасылардың тұрғын үй мәселелерін тез арада шешу үшін мамыр айынан бастап барлық қаржыландыру көздерінен 3046 баспана берілді. Әкімдіктердің деректері бойынша биыл көп балалы отбасыларға 8 мыңнан аса пәтер берілмек.
– Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасын іске асыру аясында жылдың соңына дейін жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасы бекітіледі. Бұл 5 міндетті қамтиды: бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру, халықты сапалы ауыз сумен және су бұру қызметтермен қамтамасыз ету, коммуналдық секторды жаңғырту және дамыту, тұрғын үй қорын күрделі жөндеу және жаңарту, құрылыс саласын дамыту. Осының шеңберінде қазақстандықтар табыс деңгейіне сәйкес тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бағдарлама жобасында елімізде бұған дейін қолданыста болған тұрғын үй бағдарламаларының барлық аспектілері мен артықшылықтары қарастырылады, – деді министр.
Бюджет қажеттілікке қарай бөлінуі қажет
Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов «Нұрлы жер» бағдарламасы тұрғын үй құрылысы индустриясын дамытуға серпін бергенін, дегенмен халықтың тұрғын үйге қолжетімдігі мәселесі әлі де толық шешілмегенін, сондықтан қосымша шаралар қабылдау қажеттігін мәлімдеді.
– 2017-2019 жылдары «Нұрлы жер» бағдарламасының шеңберінде жалға берілетін және кредиттік тұрғын үйді салу мен сатып алуға 414 млрд теңге бөлінді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында тұрғын үй мәселелерін шешу шараларын көздеп, жақында жария еткен Жолдауында мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді. Әйтсе де уәкілетті орган берген деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда 512 мың азамат тұрғын үй алу кезегінде тұр, оның ішінде 30 мыңға жуығы бұл кезекте тұрғанына 10 жылдан аса уақыт болған. Үй кезегінде тұрған 200 мыңнан аса азамат немесе 40%-ы халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына жатады. 2017 жылдан 2019 жылғы 1 шілдеге дейін 30 мың азамат тұрғын үй алған. Бұл – кезекте тұрған жалпы адам санының 6,3%-ы ғана. Ал осы мерзімде мемлекеттік инвестиция есебінен 53 мыңнан аса тұрғын үй салынған. Бұл халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдау қажет екенін айғақтайды, – деді депутат.
Осы тұста Н.Сабильянов «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырудағы негізгі мәселелерге тоқталды. Ол ең алдымен кезекте тұрған мұқтаж азаматтардың тұрғын үймен жеткілікті түрде қамтылмау мәселесін қозғап, бюджет қаражатын өңірлердің қажеттіліктерін ескермей бөлу үдерісі жалғасып жатқанын атап өтті. Мәселен, Алматы облысында 48 мыңнан аса азамат кезекте тұр. Соңғы үш жылда бұл өңірге бар болғаны 18,7 млрд теңге ғана бөлінген екен. Ал кезекте тұрған адамдар саны одан екі еседей аз (26 мың адам) Қостанай облысына мемлекеттік бюджеттен 26,8 млрд теңге бөлінген. 35 мың адам кезекте тұрған Қарағанды облысына 19,5 млрд теңге қаржы бөлінген.
Сонымен қатар осы бағдарлама бойынша шағын, моноқалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда жеке тұрғын үйлер салу қарқыны баяу жүргізілуде. Мұндай аймақтарда кезекте тұрғандар саны – 210 мың адам. Бұл – кезекте тұрған жалпы адам санының 40%-ы. 2,5 жыл ішінде оларда барлығы 188 үй (5 мың пәтер) салынған.
Бұған қоса, соңғы бес жылда бюджет қаражаты есебінен бірде-бір тұрғын үй салынбаған аудандар да бар екен. Мысалы, Түркістан облысының Сарыағаш ауданында 4 мыңға жуық азамат кезекте тұр. Бірақ соңғы 10 жылда бұл ауданда тұрғын үй салынбаған және кезекте тұрған тек 36 адам ғана тұрғын үй алған. Ақмола облысының Шортанды ауданында 600 адам кезекте тұрса да, 2013 жылдан бері онда тұрғын үй мүлдем берілмеген. Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында 1 мыңға жуық адам кезекте тұр. Мұнда да соңғы 25 жылда бірде-бір көппәтерлі жаңа тұрғын үй салынбаған.
Сондай-ақ бірқатар Мәжіліс депутаты тұрғын үймен қамтамасыз етудің басқа да мәселелерін көтеріп, жиынға Үкіметтен келіп отырған министрлерге және өңірлер әкімдіктерінің өкілдеріне сұрақтарын қойды. Айталық, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінен мәжілісмен Шакир Хахазов индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша салынған зауыттар неге тұрғын үй салу процесіне толық тартылмағанын және жергілікті атқарушы органдар не істеп жатқанын сұрады.
Ал депутат Тұрғын Сыздықов Қарағанды облысы және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдіктеріне қарата сөйлеген сөзінде аталған аймақтарда жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамту көрсеткіші төмен екенін баса айтты.
Бұған қоса Шаймардан Нурумов жаңартылған «Нұрлы жер» бағдарламасында «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын қарастыру жайын сұраса, Майра Айсина жастарды жалға берілетін тұрғын үйлер неліктен тек қана Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жоспарланғанын білгісі келді.
Отырыс соңында күн тәртібіндегі тақырып қызу талқыға түскеннен кейін айтылған сын-ескертпе қаперге алынып, атқарушы билік органдарға қарата ұсынымдар қабылданды.