Адамзаттың асыл перзенттерінің бірі, түрік әлемінің биік шынары, киелі қазақ халқының текті ұлы, сұңғыла сөз зергері, қазақ әдебиетінің бәйтерегі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дара тұлға абызымыз Әбіш ағаның құйрықты жұлдыздай ағып дүние салғанына да біраз жыл өтіпті.
Қанша жерден «Жан бар жерде – қаза бар» десек те, Әбіш ағаның қазасы Алаш жұртының қабырғасын қайыстырып, естісін есеңгіретіп, орманын селдіретіп, тауын жаңғырықтырып кетті. Сол күні Әбекеңді ақтық сапарға аттандырып, бақилыққа қоштасып қалуға ағылып жатқан қаралы халықтың нөпірінде толас болмаған еді. Енді қайтсін, дүниеге бір келер дария кеуде, тау мүсін Әбішін қара жердің қойнауына қимай, жүректері қарс айырылмады ма. Тіпті жиналған қауым тек қана Әбіш ағаның отбасына ғана көңіл айтып қоймай, бір-біріне де көңіл айтып жатқанының куәсі болғанмын.
Шын мәнінде Әбекең жаратылысы мүлде бөлек жан еді. Ол кісімен сыйласып жүрген жылдар аралығында біреуге жел болып тигенін, көлеңкесін түсіріп бұлт үйіргенін, сағын сындырып жанын жаралағанын көрмеппін. Бірақ ел тағдыры таразыға түскенде аянып қалған жері жоқ. Тәуелсіздігіміздің баянды болуы жолында білек сыбанып жұмыс істеді. Бойындағы бар күш-қайратын, ерік-жігерін, білімін Қазақстанның гүлденуі мен экономикасының тұғырлы болуына, әлеуметтік жағдайының нығаюына жұмсады.
Әбекең, әсіресе егемен еліміздің рәміздері мен геральдикасын жасақтауға да етене араласып, тіл мәртебесін арттыруда қиып түсер сөз семсерімен араша түскені баршамызға мәлім. Ол бар саналы ғұмырын елін, Отанын сүюге арнап, сол жолда қызмет етіп, мемлекетіміздің нығаюына ерекше серпін күш беріп, қазақ руханиятының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан асыл азамат болатын. Бір сөзбен айтқанда, ұлт руханиятының алып бәйтерегі.
Алаш үшін арпалыста күн кешкен;
Қаламынан түн қашып,
Қабағынан дұшпан бұғынып,
Қара сөзіне қараша ілескен;
Маңдайы да аламанға пейіш аңқыған,
Көз жауы да көкірегімізге егілген
Абыз өтті дүниеден! – деп көкірегі шерге толып күйзелген Тыныштықбек Әбдікәкімұлының жырында еш боямасыз шындық жатқанын ұғыну еш қиын емес.
Әбекең халқына жазушы болып танылды. Оның қаламынан туған алғашқы «Алтын шуақ», «Бір шөкім бұлт» атты жыр жинақтарының өзі тосын ой, айрықша үнмен елді елең еткізген. Бірақ каламгер ретінде қалыптаса бастаған Әбең өмірдің терең қатпарларын, қалтарыс-бұлтарыстарын, қайшылықтары мен олқылықтарын, жақсылықтары мен жасампаздықтарын поэзияның әсем өрнекті, жеңіл өрімімен аша жүріп білген соң, кең құлашты прозаға қалам тартты.
Әбекеңнің қаламынан елі мен жерінің терең тарихы мен ұлан-асыр тағдырын көркем бейнелеген «Бір уыс топырақ», «Тырау-тырау тырналар», «Үркер», «Елең-алаң» сияқты ондаған кітаптар аққан судай тасыды. Соңғы екі романы қазақ әдебиетінің үлкен табысы, қазақ сөз өнеріне қосылған елеулі үлес ретінде бағаланып, 1984 жылы Мемлекеттік сыйлық алды.
Осылар ғана емес, оның барлық шығармалары да халқымыздың рухани қазынасына айналған классикалық туындылар. Мәселен, тарихи тақырыпқа арналған «Аңыздың ақыры» романында орта ғасырлардағы Орта Азия мәдениетінің бір кезеңі келісті көрініс табады. Сол кездің тұнығына еркін шомып, тынысына кең құлаштайсың.
Әбекең көркем шығарма ғана емес, көсемсөз саласында да айрықша еңбек сіңірді. Оның «Дәуірмен бетпе-бет» атты сын мақалаларының жинағы, Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні және болашағы туралы толғаған «Ұйқыдағы арудың оянуы» тарихи баяны, «Заманмен сұхбат», «Азаттықтың ақ таңы» публицистикалық толғамдар жинақтары терең ойдың мағыналы қазынасы.
Енді осы тұлғалық қалыптасу жолын қысқаша шолып өтелік. «Болар бала бесікте бұлқынар, болар құлын желіде жұлқынар» демекші, студенттік шағының өзінде шығармашылығымен ғана емес, өткірлігімен, шешендігімен, белсенділігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп жүрген жігіт университеттің соңғы курсынан сол кездегі ұлттық ой-санамыздың органы десе боларлық «Қазақ әдебиеті» сияқты беделді газетке қызметке тұрады. Мұнда жас жігіт сын жанрында тер төгіп, өзінің кең құлашты қарымымен бірден көзге түскен. Содан оны таралымы бойынша сол кездегі республикада ең танымал басылым болып саналатын «Лениншіл жас» редакторы шақырып, бөлім меңгерушілігіне тағайындайды.
Маңдайы кере қарыс, талабы таудай, еңбекқорлығы қара нардай жас жігіт осында еңбек еткен үш жылда әдебиет пен көсемсөздің барлық жанрына да қалам тартып, өзінің ерекшелігімен көзге түседі. Арада Мәдениет министрлігі, «Қазақфильм» киностудиясы сияқты сатылардан өткен соң жас Әбіш Кекілбаевты Қазақстан КП ОК өзіне қызметке алады. Обалы не керек, ОК өзіне кадр таңдауда сирек қателесетін. Ол 35-ке енді келген қарымды жас өзінің саясаты мен билігін іске асыруда орны толмас зор тұлғаның бірі боларын бірден болжаған.
Әбекең қолынан келгенінше барлық көмегін ұлттық дүниенің өріс алуына, тіпті жарқырай түсуіне жәрдем етті. Әбекеңнің ОК-тегі қызметінен жақсы хабардар, өзі де сол кездерде партия жұмыстарында істеген халқымыздың тағы бір ардақты ұлы Қуаныш Сұлтанов ол туралы: «Әбіш Кекілбаев партияның солақай қолшоқпарына ешқашан айналған емес. Керісінше, әсіресе әдебиет, мәдениетке партия саясатының әділ қалыптасуына оң ықпалын тигізді. Өйткені Әбекең өзінің табиғи шыншыл, адал, әділ болмысын сақтап қана қоймай, қоғамдағы әртүрлі оқиға, қарым-қатынасқа да азаматтық ар тұрғысынан қарай білді.
Біз кейде, бүгінгі күннің биігінен қарап, өткен заманымыздың қыр-сырына үңіліп жатпастан, бәрін «бір қауызға» сыйғызып, «бір сыпырғышпен» сыпырып, баға беріп жататынымыз бар. Сол тоталитарлық жүйенің кезінде де әртүрлі лауазымды қызметтерде жүріп, ұлтымыздың мәдениет, әдебиет, мұра, салт-дәстүрлерінің сақталуына сақшы болған ардақты адамдарымыздың баршылық болғанын ескермейміз.
Әбекең ол адамдардың өмірі мен қызметін, ұлттық ұстанымдары мен дүниетанымын жақсы біледі, олар туралы ауыз тұшытып айтып та жүреді. Әбекеңнің сондай ыждаһатпен айтатын адамдарының қатарында Нұртас Оңдасыновтың, Ілияс Омаровтың, Өзбекәлі Жәнібековтің орындары бөлек. Олар сол кездерде партияның идеология саласының немесе үкімет басшысының қызметінде жүргендерін қазақтың ұлттық мәдениетінің өркендеуіне жұмсағанын тек шежіре түрінде ғана жинақтап қоймай, өзінің қоғамдық, мемлекеттік қызметінде де үлгі еткенге ұқсайды.
Осы арыстардың қазақтың тілін, әдебиетін, мәдениетін, ұлттық ерекшеліктерін мәртебелеу жолындағы білімдарлық еңбектерін, саяси ұтқырлықтары мен тапқырлықтарын нақты деректермен негіздеп, олардың іс-әрекеттері туралы шабыты келген шақта төгілтіп әңгіме айтады» деп жазды («ЕҚ», 2006 ж., 12 мамыр).
Қаншама қаламгерлер ОК-тегі Әбіш Кекілбаев арқылы билікке сөзін өткізіп, материалдық игіліктерге қолын жеткізді. Әсіресе қазақтың сөз өнерінде жарқырап көрінгенімен, қатардағы пәтерге де қолын жеткізе алмай жүрген талай қаламгерлер Әбекеңнің көмегінің арқасында ОК-тегі мықтылардың алдына баруға қолдары жетіп, мәселелерін шешіп алып жататын.
Осы кезеңдерде Әбекеңнің қайраткерлік қырлары ұштала түсіп, бұрынғы сыршыл жазушы Әбіш Кекілбаевтан гөрі қоғамдық қатынастардың, билік саясатының ұңғыл-шұңғылына терең үңілген, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді қаламына арқау еткен сарапшылық қасиеті кеңінен ашылды. Мұны сол жылдары өмірге келген шығармаларынан да аңғаруға болады.
1995 жылы берген бір сұхбатында Әбекең өзі туралы: «Адамдар мен халықтардың арасындағы жарастыққа қызмет ету – менің суреткерлік те, азаматтық та парызым. ...Мен әдебиетші болмасам, саясатқа келмес ем. Суреткер болмасам, күрескер де болмас ем» деген екен. Бұл сөздер біздің пікірімізді тірілте түседі.
Осыдан кейін Әбіш Кекілбаевты партия Қазақ КСР Мәдениет министрінің орынбасары қызметіне тағайындады. Оның да үлкен сьіры бар. Ә.Кекілбаевтың шығармашылық интеллигенция арасында зор беделге ие болып, құрық әкетер шаққа жете бастағанын көрген билік енді оның арынын тежеп, аяғын шаруашылықтың шырмауықтарымен тұсап тастағысы келген сияқты.
Мәдениет саласына ол жылдарда жеткілікті дәрежеде қаражат та бөлінбейтін, бөлінгеннің өзін, «сары аяққа бал құйып, сабынан қарауыл қарайды» демекші, ұлттық мұраттарды жандандыруға емес, партияның мүддесі жолындағы істердің ілгерілеуіне жұмсалып жатқаны қатты қадағаланып отыратын. Алда-жалда өзінің рұқсат еткен лимитінен тыс «көлденең» шығындар болса, қара аспанды жаудырып, дүние күйіп кеткендей шырылдайтын.
Алайда бұл қызметте жүргенде де Әбекең халқына пайдасын тигізетін біршама игі істердің басын қайырған еді. Соның ішінде, сол кезде ғана қолға алынып жатқан мемлекеттік тарихи мұражайдың құрылысын жүргізуге үлкен еңбек сіңірді. Сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінде ұмыт бола бастаған тарихи ескерткіштердің жөнделуіне лайықты үлес қоса білді. Мәселен, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіруге тырысушылық сол жылдары қолға алынған болатын.
Мұндай істер солақай саясаттың ұстанымына кереғар дүниелер болатын, ұлттық сананың өрістеуіне жол ашатын ондай бастамаларды партия көктей құртып тастауға құмар-тұғын. Сондықтан да Кекілбаевты өзінің жазушыларының ортасына апарып топ ете түсіріп, одақтың екінші хатшысының орынтағына отырғызады. Осының өзі заманмен, өзгеріп жатқан қоғаммен үндескен орын ауыстыру болды.
Бұл жылдары Алаштың арыстары Шәкәрім, Ахмет, Жүсіпбек, Мағжандардың, солардын соңын ала Міржақыптың ақталған кездері еді. Қоғам сеңдей соғылып, теңіздерді гүрілдеткен асау толқындардай буырқанған ойлармен, алға қарай жүйткіген санамен ұлы өзгерістердің кезеңіне келіп қалған. Сондай кезде Әбекеңнің шығармашыл, еркін ой-санасы тұмшаланбаған ортаға келгені өзі үшін ұтымды сәт болды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел ағасы болып, ұлтымыздың ұлы құндылықтарын ұлықтай білетін қайталанбас тұлғаға айналған, егемендіктің ерекше сөздерін емін-еркін екшелеп айта алатын және оған тыңдаушысын сендіре алатын Әбіш Кекілбаевтың қызмет орны жиі ауысты. Өйткені Президент оның қуатты әлеуетін ең қажетті учаскелерде барынша тиімді пайдалануға тырысқаны білініп тұрды.
Алдымен Әбекең Жоғарғы Кеңестің Мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастар комитетін басқарды. Одан елдігіміздің ең қуатты рупоры – «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болды. Одан әрі жыл жарымдай уақыт Мемлекеттік кеңесші қызметін абыроймен атқарды.
Ол жылдарда Жоғарғы Кеңес барынша ықпалды болды, сонымен қатар оның құрамында бұра тартқыш депутаттар да көп болатын. Жас мемлекеттің іргесінің нығайып, уықтарының түзу шаншылуы үшін билік тармақтарының өзара кикілжіңге түспеуі қажет еді. Сондықтан да Президент Жоғарғы Кеңесті түзу жолға сала алатын адам ретінде оның төрағалығына Әбекеңді ұсынды.
Осы 13-ші шақырылымда мен де депутат болып сайланған едім, сондықтан Әбекеңмен бір шаңырақтың астында қоян-қолтық жұмыс істедік. Төрағамыздың білгірлігі, терең эрудициясы, сөзге шешендігі, қандай қысылтаяң жерлерден жол тауып кететін тапқырлығы, ұранды сөздерді айтқанда ұлағатпен дәлелдей білетін көсемдігі бізді таңғалдырушы еді.
Осы қызметте жүргенде Әбекең бастаған парламенттік делегацияның құрамында Пәкістан мен Иран сияқты ежелгі мұсылман елдеріне ресми сапарға барудың да сәті түсті. Пәкістан астанасы Исламабад сол жылдарда 35 жылдай ғана тарихы, жарты миллион халқы бар әрі жас, әрі шағын қала екен. Еуропалық үлгіде салынған ғимараттары көп. Алайда бізді Исламабадтан 15 шақырымдай жердегі ескі астанасы Равалпинди қаласына да апарып, аралатты. Бұл шаһар нағыз шығыстық қала екен, ескі орындары, тарихи жәдігерлері де көп көрінеді. Шулаған базар, қаптаған мәшине, құжынаған халық – бәрі-бәрі осында. Міне, ежелгі елдің осы қалаларын жас Қазақстан Парламентінің делегациясы өзінің төрағасының басқаруымен армансыз аралап, бірнеше келіссөз өткізді. Біздің елдің Кашмир мәселесіне байланысты көзқарасы туралы күрделі сұрақтар да қойылды. Әбекең бұл мәселені бүге-шігесіне дейін білетіндігін көрсетіп бізді таңғалдырған.
Ол барынша орнықты, салмақты пікірлер айтып, бұл мәселені екі ел – Пәкістан мен Үндістан халықаралық қауымдастықтың талабын ескере отырып, бейбіт жолмен, екі жаққа да тиімді, екі жақтың да мүддесін ескерген әділ келісімдер арқылы шешуі керектігін айтып беріп, жауабы қалай болар екен деп отырған бізді де, қай жақты қолдар екен деп күткен пәкістандықтарды да риза қылған еді. Сондай-ақ Пәкістанның сол кездегі президенті Сардар Фарук Ахмед хан Легари мырзамен де екіжақты байыпты келіссөздер жүргізген. Жас мемлекеттің жас лидерлерінің бірімін деген жоқ, ол өзін халықаралық саясатта әбден ысылған әккі саясаткер сияқты етіп көрсете білгенін күні бүгінгідей ұмыта алмаймын.
Ең қызығы, Әбіш Кекілбаевтың мұнда да танымал екендігі болды. Мәселен, Пәкістанның Өндіріс министрі Азгар мырза Әбекеңе: «Сіз өз еліңізде ғана емес, бүкіл дүниеге белгілі адамсыз», – деген еді. Сондай-ақ Сенат төрағасы Васим Ахмад Саджат мырза да Әбекеңнің шет тілдерге аударылған еңбектерін оқып, оларды жоғары бағалайтынын жеткізген. Сөйтіп білікті төрағамыздың арқасында біз сәтті сапар жасаған едік.
Бұдан әрі Әбіш Кекілбаев Президенттің ең маңызды көмекшісі – Мемлекеттік хатшы міндетін де бірнеше жыл сәтті атқара білді. Бұл қызметте де ол ұлттық құндылықтарды қолдау, ұлттық мүдделерді алдыңғы қатарға шығару мәселелеріне қатты көңіл бөлді. Одан әрі Әбекең Парламент Сенатында байсалды, білікті, елдің қамы үшін барынша пайдалы ұсыныстар жасайтын сенатор қызметін атқарды.
Әбіш Кекілбаевтың еңбегі Елбасы тарапынан жоғары бағаланды. Ол «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденін ең бірінші болып алған адам. Сондай-ақ ол еліміздің ең жоғарғы ордені «Отанды» да ең алғашқылардың қатарында кеудесіне таққан.
Ал 1995 жылы Президент өзінің Жарлығымен қайталанбас қайраткерге «Бейбітшілік және келісім» сыйлығын да тапсырған еді. 2009 жылы оған «Қазақстанның Еңбек Ері» ең жоғарғы атағы берілді. Осының бәрі тұғыры биік тұлғаның ерен еңбегіне берілген әділ баға, барынша лайықты құрмет болатын.
Ол мемлекеттік қызметте жүргенде де ел үшін елегізіп жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етті. Ауылда туып, ауылда кіндігі кесілген қара домалақ бала болғандықтан оны ауылдың өмірі, шаруашылығының дамуы, адамдардың тұрмыс-тіршілігі де ойлантпай қойған жоқ. Бірде еліміздің Премьер-Министрі кезекті жиында «Министрлерді шетелге оқуға, тәжірибе алмасуға жіберу қажеттігі жайлы» мәселе көтереді. Сонда Әбіш ағамыз еш іркілместен «Министрлерді «Мерседес» мінгізіп шетелге жібергенше, есек мінгізіп ауылға жіберу керек. Қазақ тілін үйренсін. Ауылдағы қазақтың күнкөрісін көрсін» деуі сөзіміздің жарқын дәлелі.
Айта кету керек, Әбіш аға тек қана классик жазушы, әдебиет заңғары, маржан сөз шебері емес, ғазиз дос, қадірменді жар, асқар тау әке. Мына бес күндік жалған дүниеде екеуміз дос, аға-іні болып, сыйластығымыз жарасып бірге жүрдік. Сонда оның болмысынан зерделегенім әр сөзге, ойға, парасаттылықпен пайымдап, жауапкершілікпен қарап, әр нәрсеге өте терең түсіністікпен келетін. Осындай көркемдік, кемеңгерлік, ойшылдық абыз ағаның бойынан табылатын.
Тереңімізге бойлап тәлімдеген даналық қырларына тәнті болған мен мұндай әулиелік қасиет кімнен дарыды екен деп таңғалатынмын. Бәлкім, 360 әулиелі киелі мекен Маңғыстауда елеусіз ғана жарық дүние есігін ашқан оған қасиетті топырақ әсер етті ме екен деп те топшылайтынмын. Сөйтсем, атам қазақ «Қанына тартпай ұл тумас» демекші, Әбекеңнің арғы тегі де осал емес, тегеурінді текті ұрпақ екен. Ата жұрты – орақ тілді, аузымен құс тістеген шешен Қожаназар бай еді. Ал баланың жақсысы нағашыдан деп әспеттейтін қазақ ырымына жүгінсек, арғы нағашы жұрты – қалмақ ханы Аюкенің оң тізесін басқан пірі, әйгілі қара Боқан лама екен. Ендеше, тегі мықты жаратылысынан парасатты ананың уызына жарып, сүйегі асыл әкенің күшінен нәр алған Әбіш ағамыз қайдан осал болсын. Алаштан асып, арыстан туған ақылман ұл деп Әбішті айтсақ керек-ті.
Әбіш ағамен қатар жүрген кезде оның бойынан мақтану, көреалмаушылық, күндеу, ғайбат әңгіме айту тәрізді тағы басқа пендешіліктерді көре алмадық. Әбекеңнің кейбір замандастары оның заманға, өмірге бейімделмегенін айтып жатады. Мен мұндай тұжырымдармен келісе алмаймын. Менің пайымдауымша ол нарықтың өтпелі кезеңіне тән қарпып қалу, жұлқып алу, сұғанақтық сияқты келеңсіздіктерден бойын аулақ ұстап, қай қоғамда да азбайтын, тозбайтын адалдық, парасаттылық, сабырлылық тәрізді категориялармен өмір сүрді. Сондықтан да ол заманның аласапыран кезінде де, нарықтық кезеңнің түсініксіз жағдайларында да ұлы адам қалпында қалды.
Мен Әбіш ағаның шығармашылығын шартты түрде екі топқа бөлемін. Бірі оның баспа бетін көрген шығармаларының жинағы, тарихи романдары, повестері мен әңгімелері, алуан түрлі жиындарда жасаған баяндамалары мен мақалалары. Олар халықпен бірге жасайды, ешуақытта жоғалмайды.
Ал екіншісі тойда, жиындарда айтқан пікірлері, небір шуақты, әдемі тілектері замандастарымыздың аудио-бейнежазбаларында сақталған деп ойлаймыз. Екінші бір бағыт көптеген жазушы замандастарының кітаптарына жазған алғысөздері. Онда да дәуір лебі, азаматтың тындырған игілікті істері сезіліп-ақ тұрады.
Әбіш ағаның қағаз бетін көрмеген әзіл әңгімелері де жетерлік. Мысал келтірейін. Бірде түскі шайға үйіне келген Әбекең анасының ақын Фариза Оңғарсыновамен әңгімелесіп отырғанын байқайды. Бірақ олар Әбіштің үйге кіргенін сезбейді. Сырт киімін ілгішке іліп жатқан Әбекең олардың мынадай әңгімелерін құлағы шалады: «Осы әйелдерге жұмыс жасап не керек. Күйеуін, қонағын күтіп, бала-шағасын бағып үйде отырмай ма. Оларда шайнам ақыл жоқ». Осы сәтте бөлмеге кірген Әбекең: «Жаратушы иеміз адамзатқа көп ақыл бермеген. Оның ішінде әйелдердің де үлесі аз болса керек. Сол аз ғана ақылдың өзін басқа әйелдерге бұйыртпай, екеуің бөліп ала қойыпсыңдар. Сондықтан ол байқұстарда ақыл қайдан болсын!», – деп бір күліп алыпты.
Әбекеңнің маңғыстаулық жерлестері «Әбіш Кекілбаев» деген журнал шығара бастады. Осы журналға Әбекеңнің көзін көрген, қатар жүрген, дидарлас болған замандастарының Әбекең туралы естеліктерін жоспарлы түрде жариялап тұрса. Жер бетіндегі өмірдің шектеулі екенін бәріміз де білеміз. Сондықтан естеліктер із-түзсіз жоғалмау үшін оған осы бастан қам жасаған жөн деп есептеймін. Елу жасқа толмай жатып-ақ, әлемдегі екі жүз ұлы жазушымен иық тіресіп, олардың қатарынан ойып тұрып орын алып, дөңгеленген дүниені дүр сілкінткен жоқ па? Бұл қаймана қазақ үшін әдебиет майданындағы ұлы жеңіс емей немене. Одан қалды Еуропаның төріндегі Германияның орталық баспасөзі: «Бізде ғажайып жазушылар, керемет философтар, сұңғыла экономистер бар, бірақ Кекілбаев жоқ қой» деп таңдай қаққаны да жер-жаһанды таңдандырғаны емес пе еді. Оның артында қалған құнды дүниелерінен сусындаған ұрпақ, Әбіштей абыздың есімін ғасырдан-ғасырға дейін жалғастыра түсетіні сөзсіз.
Дүние деген жәрмеңке,
Келдің екен көріп кет.
Дүние деген жәрмеңке,
Алдың екен беріп кет, – деп Әбіш аға өзі жырлағандай, мынау жәрмеңке дүниеде алғанынан бергені, айтқанынан жасағаны көп болды. Енді алтын құрсақ аналарымыз Әбіштей ұл туса игі.
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор