Біздің қолымызға ерекше кітап түсті. Шындығында мұны кәдімгі кітап деуден гөрі, жаңа заман технологиясы қуаттандырған аудио-кітап деу орынды секілді. Жинақ «Мұхитқа құйған бұлақтар» деп аталады. Ішіне ұлтымыздың елеулі руханият құндылықтары мен өнер жауһарлары енген.
Аудио-кітап екі бөліктен құралған: біріншісі – мазмұндама кітапша, екіншісі – ұлт рухани мұрасының үлгілері. Мұра 18 тараудан тұрады. Туған жер мен Отан, ата-ана мен отбасы құндылығы, өмірдің бел-белестері, ата дін мен иман әліппесі, бабалар-даналар сөзі, сана мен парасат, қарыз бен парыз, тұлғалар тұғыры, сал-серілер, аңыз арулар, өнер жасампаздығы, халық мирасы, Ертіс-Баянауыл, Торғай, Әулиеата өңірі мұрасы, талғам таразысы, ұрпақтар сабақтастығы, Абай даналығы, көне әуен тақырыбын қамтыған әндер, күйлер, термелер, әпсаналар, ой-толғаулар. Рас, негізінен сезім мен намыс пернелерін дөп басатын 1 мыңнан аса ән-әуендер.
Еліміздің рухани жаңғыруы аясында «осыншама байлықты құнттап, жиып, жүйелеп, бүгінгі және кейінгі ұрпаққа ұсынып жүрген кім?» дейсіз ғой. Айтайық – Кеңес Аманұлы Әубәкір.
Кеңес ақсақалды кеңес тұсындағы «Әубәкіров» фамилиясымен Торғай, Жамбыл, Ақмола, Павлодар облысы жұртшылығы жақсы білсе керек. Ол кісі кезінде осы өңірлерде аса жауапты да лауазымды қызмет атқарды. КСРО терминімен айтсақ, «нағыз коммунист» (бір кезде бұл шыншыл, принципшіл дегеннің баламасы еді), тәуелсіздік тоқтамымен байыптасақ, әрі халықшыл, әрі текті азамат.
60-80 жылдары басшы қызметтерде болған тұлғалардың деңгейін айқындайтын бір өлшем бар. Ол – әдебиет пен өнерге жақындығы. Тарих пен тілге құштарлығы – өз алдына бір әңгіме. Кеңекең солардың сойынан. Оның «мың ән» жинауы – бергідегі емес, арғыдағы әңгіме.
Замандастары ортасында – көсем, халық алдына шықса – шешен, арғы-бергіні толғап кетсе – дана, кеңестік тарих тағылымын айтса – дара. Сексеннің бесеуіне шыққан Кеңес Аманұлы – осындай адам.
Өзі Қазақ елін аштық пен дүрбелең жайпаған 1934 жылы Павлодар облысының Ертіс ауданындағы Сілеті өңірінде дүниеге келіпті. Ата-анасы еңбек адамдары болғандықтан, баласын жасынан маңдай термен нан табуға, адал жүріп, анық басуға үйреткен. Оның үстіне отарланған аймақ перзентінің намысы бар, Кеңекең мектептен кейін білім іздеп, Алматыдан бір-ақ шыққан. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша бітіріп, жолдамамен Баянауылға жіберілген. Міне, ғалымдар мен даналар туған өңір жас агроном үшін шынайы өмір мектебі болған. Естіген, көргенін хатқа түсіру осы кезден басталған. Агроном дәптері бірте-бірте руханият дәптеріне айналған. Шаруашылықта, өндірісте, ел басқару ісінде 40 жылдан астам еңбек етіп, ел абыройына бөленген.
Кеңес аға – Алматы мен Нұр-Сұлтан зиялыларына да таныс адам. Тұрқы да, ой-өрісі де биік азамат түрлі жиында ел ағасы ретінде сөз алғанда, халықты ұйытатынына талай рет куә болдық. Өйткені халық арда ақсақалдардың сөзіне көптен шөлдеп жүргені де рас.
Кеңес Аманұлы рухани жинағының ұрпаққа берер үлгі-өнегесі мен тәлім-тәрбиесі орасан зор. Өйткені құрастырушы телегей-теңіз байлықтың бәрін өз жүрегінен, сезімінен өткізген. Ыждағатпен құнттап жинап, хатқа түсірген.
Осыдан біраз уақыт бұрын Кеңекең имандылық пен мәдениеттілікті, адалдық пен жауапкершілікті арқау еткен «Теңізден терген маржандар», өмірін, аға ұрпақ пен замандастарын сипаттаған «Елім – мектебім, халқым – ұстазым», отаншылдық пен ұлт руханиятын асқақтатқан «Аталардың ақылы, даналардың нақылы» атты кітаптар жариялаған болатын. Оқырман бұларды жылы қабылдады.
Кеңес ақсақалдың жиған-тергенін жүйелеуге көмектесетін бір адал да еңбекқор жан бар. Ол – жұбайы Сағила Зәпішқызы 1958 жылы әйгілі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының физика-математика факультетін тәмамдаған, білім саласындағы ұзақ жылғы абыройлы қызметіне «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» атағын алған ұстаз. Бұл кісінің де көзі ашық, көкірегі ояу. Талай жұрттың өнерін, ана тілінің мәйегін меңгерген. Дәстүрге құштар, жаңашылдыққа жаны құмар. Жоспарында «Ел аналарының өнегесі» атты еңбек әзірлеп жатқанын да айтып қалды.
«Мұхитқа құйған бұлақтар» жинағының ерекшелігі – өз тыңдаушысына рухани ләззат сыйлаумен бірге, оны эстетикалық тұрғыдан байытып, ұлт құндылықтарын қастерлеуге, әдебиет пен мәдениеттің інжу-маржандарын тануға жұмылдырады.
Өмір жолында алған сабақтарын, таным баспалдақтарын, жиған-тергенін ұсынған Кеңес Аманұлы осы еңбек арқылы жас ұрпаққа халық мұрасына көздің қарашығындай қарауды аманаттайды. Ел ағасының бұл ізгі ниеті, нақты жұмысы жалпы мәдениет саласына елеулі қозғау салады деп есептейміз.
Жамбыл ТІЛЕП,
мәдениеттанушы