Қазақстанда ең көп сұраныс жасалатын мекенжай анықтамасы енді атымен болмайды. 2019 жылдың 1 қарашасынан бастап мекенжай анықтамасын алып тастайды. Бұдан былай азаматтардың тұрғылықты мекенжайы туралы мәлімет мемлекеттік органдардың біріктірілген базасында сақталады.
Айта кететіні, жыл сайын халыққа қызмет көрсету орталығына 4,5 миллионнан астам мекенжай анықтамасын алуға өтініш жасалатын көрінеді. Бұл ақпарат жұмысқа орналасу, мектепке, балабақшаларға және медициналық мекемелерге ресімдеу кезінде талап етіліп келген еді. Бұл туралы Astana Hub-та өткен «Цифрлық күз» шарасында кеңінен аталып өтті. Сонымен қатар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев осы жылдың күзінен бастап eGov-тың жаңартылған мобильдік қолданбасының заманауи мүмкіндіктері жайлы сөз қозғады.
«Біз мемлекеттік қызметтерді мобильді түрде алуға баса көңіл бөліп отырмыз. Өйткені бүгінгі күні азаматтардың бәрінде смартфон бар. Сол себепті, eGov-тың мобильдік қосымшасын жаңарту жұмыстары басталған кезде, әріптестеріме, ең бірінші кезекте, бұл қосымшаны өздеріңіздің аналарыңыз пайдалана алатындай етіп жасаңыздар деп ұсындым. Өйткені қосымша қызметті оңай әрі жылдам алу үшін ол өте ыңғайлы болуы керек», деді А.Жұмағалиев.
Министрдің айтуынша, жаңа қолданбаның көмегімен қызметті саусақпен бір басу арқылы алуға болады. Мобильді қолданбаның Beta-нұсқасы PlayMarket және AppStore-де жақын болашақта қолжетімді болмақ. Оның көмегімен 23 қызметті алуға, ЭЦҚ-ға өтінім беруге және оның әрекет ету мерзімін ұзартуға болады.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Әсет Тұрысов мобильді қосымшаны әзірлеушілер электронды цифрлық қолтаңбаны пайдалануды барынша халыққа ыңғайлы әрі үйреншікті етіп жасағанын айтты.
«Жаңа мобильді қолданбаны пайдалану үшін азамат ЭЦҚ-ны аса қажет етпейді. Біз бәріміз телефонның құлпын саусақ ізімен немесе FaceID арқылы ашуды әдетке айналдырдық. Дәл солай осы қосымшада ЭЦҚ-ны биометрияңызға байлап, қызметке тапсырыс берген кезде өзіңіздің TouchID немесе faceID арқылы сұрауыңызды растай аласыз», деді Ә.Тұрысов.
Халық арасында кең таралған Телеграммдағы еGov боты арқылы бүгінде 15 қызмет түрін лезде әрі еш қиындықсыз алуға болады. Дәл осындай жүйе Вконтакте және Фейсбук сияқты әлеуметтік желілерге де енгізілді.
«Азаматтарға арналған үкімет» АҚ басқармасының төрағасы Әсемгүл Балташева алдағы уақытта бірқатар қызметтің «белсенді» болатынын, ол үшін азаматтарға тек sms-хабарламаға жауап беру қажеттігін айтты.
«Бұдан өзге, бала тууды тіркеу, некені тіркеу немесе бұзу, бала асырап алу қызметтерін өзіңіз қалаған ХҚО-дан алу мүмкіндігі пайда болады», деді Ә.Балташева.
Биылғы күздің цифрлық жаңалықтарын салық төлемдерін жүйелі түрде жеңілдету жұмыстары түйіндеп берді. Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаевтың айтуынша, азаматтарға салық төлемдері туралы алдын ала хабар беру қызметі іске қосылған.
«Салықты төлеу де жеңілдетілді. Бұрынғыдай салық органдарының кодтарын енгізудің қажеті жоқ, тек саусағыңызбен бір рет баса отырып, банктік қолданбалар арқылы салық төлей аласыз. Мұндай функционал Kaspi банкте іске асырылды, ал жақын арада «Халық банкі» іске қосады», деді Р.Еңсебаев.
Мұның бәрі халықтың уақытын үнемдеп, жұмысын жеңілдетуге ықпал етпек. Ең бастысы, кез келген уақытта, ешқайда шықпай-ақ қалаған құжатыңызға қол жеткізе аласыз.