Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» аталатын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Экономиканың маңызды саласы ретінде туризмді, соның ішінде эко және этнотуризмді дамытуға баса назар аудару керек.
Алтын Орданың 750 жылдығын біздің тарихымызға, мәдениетімізге, табиғатымызға туристердің қызығушылығын арттыру мақсатында атап өтуіміз қажет. Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылымдар құрылысымен, ең алдымен жолмен қамтамасыз ету, сондай-ақ білікті мамандарды даярлау маңызды», деді.
Соңғы бірнеше жыл бойы Батыс Қазақстан өңірінде ішкі туризмді дамыту бойынша қызмет етіп жүргендіктен, Президентіміз көтерген керемет идея үшін қатты қуандым. Расында да дұрыс жолға қойса, экономиканы дамытатын көрсеткіштің бірі – осы туризм.
Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамыту туралы айтты. Біздің Батыс Қазақстан облысында әлі күнге асфальт жетпей жатқан екі өңір – Жәнібек және Бөкей ордасы аудандары бар. Екеуі де туристік әлеуеті өте жоғары өңір. Бөкей ордасында әйгілі Хан ставкасы – Жалпыұлттық киелі нысандар қатарына енген Бөкей ордасы тарихи-музей кешені бар. Осы өңірге жол құрылысы басталғанымен, әлі қарқынды емес. Сондықтан Президенттің Жолдауы осы жол құрылысына да белсенділік әкеледі деп үміттенемін. Жол салынып бітсе, облыс экономикасының дамуына септігін тигізер еді деген ойдамын.
Шынын айтсақ, Батыс Қазақстан облысында туристерді қызықтыратын тарихи-табиғи нысандар көп. Амал не, ол жерлерде «жұмсақ» инфрақұрылым: жол сілтемелері, әжетхана, автокөлік тұрағы, бөліп жинайтын қоқыс орны, су, т.б. жоқ. Ең бастысы, жанашыр қожайын жоқ. Әрине қағаз жүзінде қожайын бар, бірақ барсаң, ешкім жоқ.
Мысалы, Ақжайық өңіріндегі ең әйгілі Шалқар көлін алайық. Жаз бойы көл жағасында құрылған киіз үй, шатырдың саны бірнеше жүзден асып кетті. Яғни, қызмет көрсетуші де бар, тынығушылар да бар. Бірақ көл жағасына келген туриске қызмет көрсетушілер арнайы білім алмаған, әркім өз білгенінше жүр. Сондықтан да бұл қызмет тиісті деңгейде емес. Біз Шалқар көлі бойынша өз жобамызды Теректі ауданы әкімдігіне ұсындық: арнайы мамандарды шақырып, көл жағасына келген халыққа қызмет көрсетуші Сарыөмір ауылының тұрғындарын ауыл туризмі бойынша оқытып, сертификат беру керек. Бұған қоса Шалқар көлінің жағасын спорт аймағы, автотұрақ аймағы, сауда-саттық аймағы, демалу аймағы деп түрлі санатқа бөлу; жағажайға жарық, су, өткізу; әрбір қызмет көрсетушіге тұрақты жер телімін төмен қаржымен жалға беру; су бойында 500 метрлік қорғау аймағын сақтау секілді мәселелер күн тәртібінде тұр. Аудан әкімдігі бұл жобаны қолдайды деп ойлаймыз. Міне, осы мәселелер жолға қойылса, Шалқар көлі үлгілі демалыс орнынан айналар еді. Бұл жерді тек жазда емес, қыста да пайдаланып, «Қансонар» байқауын өткізу, шана, шаңғы спортын дамытып, белсенді демалыс аймағына айналдыру жөнінде жобамыз да бар.
Айтпақшы, Президент өз сөзінде Қазақстан ішіндегі ұшақ билетінің өте қымбат болуын сынады. Егер жол құны төмендесе, бұл да қазақстандықтардың қарым-қатынасын дамытуға, яғни туризмге қосалқы тыныс беруге ықпал етер еді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы көтерген шағын кәсіпкерлікті салықтан босату мәселесі – бизнестің дамуына орасан зор ықпал ететін үлес деп ойлаймын. Соңғы кездері Ақжайық өңірінде бас біріктіре бастаған қолөнер шеберлері осы жаңалыққа ерекше қуанып жатыр. Жоғарыда айтылғандардың бәрі жүзеге асса, мемлекеттің мүмкіндігін арттыратын маңызды саланың тамырына қан жүгірер деген ойдамыз.
Айболат ҚҰРЫМБАЕВ,
«Tourwestkaz» тобының жетекшісі
Батыс Қазақстан облысы