Қазіргі таңда қоғамымызда жиі қозғалып, түрлі сыни пікірлерге арқау болып жүрген мәселелердің бірі – ысырапшылдық. Мұны қоғамдық дерт деп атасақ та қателесе қоймаспыз.
Кейбір жандардың даңғаза іс-әрекеттерін үлгі тұтып, солардай болсам деумен жінігіп талайлар жүр. Мұндайда қазақтың «Аттыға ерем деп, жаяудың таңы айырылыпты» деген сөзі еске түсе кетеді...
Негізінде ысырапшылдық, даңғазалық көріністері көбіне жекелеген отбасылардың жиын тойларында жарқырай көрініп жатады, кейде өлім-жітім рәсімдерінде де қылаң береді. Дегенмен соңғы кездері осындай «жарқыраған» көріністерге қарсы сын-ескертпелер, ой салатын, тоқтамға шақыратын пікірлер ел ішінде, бұқаралық ақпарат құралдарында көптеп айтыла бастады. Оның аталған дерттен қоғамды айықтыруға әжептәуір әсер етіп жатқанын байқап та жүрміз. Дәлірегі, талайлардың айтылған сын-ескертпелерге құлақ асып, аста-төк шашылудан тыйылғаны, даңғазалықтан бойын аулақ салып, жөнге көшкені қуантады. Бұл үрдіс өзінің заңды жалғасын тапса, көптеген «жаяуды таңы айырылуынан» сақтап қалар еді.
Біз жоғарыда сөз еткен жағдаяттар ерікті, қаржысының неге, қайда жұмсауын өз шешетін жекелеген адамдардың құзыретіндегі мәселелер... Ал осы орайда, бұл түйткілдердің қарапайым тұрғындарға ғана емес, атқарушы билікке, оның құзыреті аясында ұйымдастырылатын түрлі шараларға қатысы бар екенін де бір мезгіл, тіпті жиі еске салып тұрғанымыз орынды секілді. Өйткені атқарушы органдардың әрбір іс-қимылы халық құйған салықтың, мемлекет бөлген қаржының есебінен жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік мекемелерге жекелеген азаматтардың ысырапшылдыққа бой алдырмау жауапкершілігінен екі есе, тіпті мың-миллион есе артық жауапкершілік жүктейді. Халық қазынасына, мемлекет берген қаржыға үнем көзімен қарамау, орынсыз шашып-төгу – ысырапшылдықтың атасы. Сондықтан біз даңғазалықтың, орынсыз қаржы жұмсаудың қаншалықты дұрыс еместігін, оның күнәлі іс екенін, түбі өкініш әкелетінін, дініміз құптамайтын іс-әрекет санатына жататынын қарапайым тұрғындардан гөрі ел ісіне мемлекет атынан араласып жүрген, бюджеттің қаржысын тиісті шараларға жұмсауға заңды құқығы бар азаматтарға көбірек ескертуіміз қажет. Осы орайда, халық қазынасын орнымен, игілігін ел көретін істерге жұмсап, бюджетке жанашырлықпен қарайтын, үнемшіл адамдарды, оның обал-сауапқа негізделген іс-әрекетін үлгі ретінде ұсынғанымыз абзал.
Жалпы, атқарушы органдар тарапынан орын алатын ысырапшылдық туралы сөз еткенде алдымен олардың тарапынан ұйымдастырылатын «имидждік» шараларды өткізуге жұмсалған шығын жайы қозғалады. Бұл жөнінде, яғни мемлекетке, халыққа материалдық пайдасы жоқ қымбат «имидждік» жобалардан бас тарту туралы Президент Қ.Тоқаевтың бірнеше рет айтқан ескертпелері де мәселенің өзектілігін айқындай түседі. Мәселен, Мемлекет басшысы 27 тамызда бюджеттік жоспарлау мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, онда имидждік және консалтингтік шығындарды қысқартуға шақырды.
Шын мәнінде, мемлекеттің есебінен өткізіліп жататын инновациялық, инвестициялық және басқа да түрлі форумдарға жұмсалған қаржының болмады дегенде бір бөлігінің өтелуі қиын. Бұл арада ұйымдастырушылардың айтар уәжі: ертелі-кеш бір қайтарымы болады.
Мұндай шараларды ұйымдастыру біреулер үшін «қарпып» қалу мүмкіндігі. Тапсырыс беруші тарап пен мердігерлердің ым-жымын бір арнаға тоғыстырып, бірінші кезекте өз «мәселелерін» қамдау үрдістері талайлардың «имидждік» шараларды ұйымдастыруға деген құлшынысын арттыра түсетіндей...
Бір өкініштісі, ұйымдастырушыларға «өткізген «имидждік» шаралар елге қанша экономикалық пайда әкелді?» деген сұрақ қойыла бермейді немесе бұл сауал оның алдына көлденең тартыла қалса, оған нақты жауап беру талап етілмейді. Ал қоғамды толғандырған мұндай сұрақтың жауапсыз қалуы көңілді күпті етері сөзсіз.
Жалпы, «имидждік» шараларға қатысты қоғамға ой саларлық ұсыныс-пікірлерден гөрі нақты бастамалар аса қажет. Мәселен, таяуда Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның құны 65 млн теңге тұратын «Азия балаларға қамқор» атты конференцияны өткізуден бас тартуы, оны Президент Қ.Тоқаевтың қолдағаны қоғамымызға біршама қозғау салды. Жиынға қатысушылардың ұшақпен ұшып келуіне, оларды қымбат қонақүйлерде қондыруға, ас-суға жұмсалатын есіл қаржы қазақстандық балалардың қажетін өтеуге бағытталуы сұралды. Міне, бұл – нағыз үлгі тұтарлық, халыққа жағымды қадам.
Сөзімізді Алла тағаланың мінсіз де көркем сөздерімен қорытындылайық. Құранда: «Ысырап етпе, ысырап етушілер сөзсіз шайтанға бауыр болмақ. Ал шайтан болса, раббысына тым күпірлік етуші» (Исра сүресі, 27-аят) делінген. Олай болса, күпірлік етуші болудан сақтанайық, ағайын.