«Жазым болса быламыққа тіс сынар» демекші, бейнеттің жеңілі жоқ және тап болмайтын жері де жоқ.
Жаңаөзен қаласының екі жасар тұрғыны Абылайхан Сатыбалды ойнап отырып аузындағы емізікті жұтып қойған. Шашалған баланы ата-анасы шұғыл Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына жеткізеді. Ал бұл кезде тоқтаусыз құсып, әлсіреген балдырғанның денесі құрғай бастаған болатын.
Ақтау қаласындағы балалар ауруханасына жеткізілген бойда дәрігерлер баланы рентгенге түсіріп, ішекте кедергі барын анықтап, шұғыл эндоскопиялық ота жасайды. Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы травмотология-ортопедия бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты балалар хирургі Құрман Қайрановтың айтуынша, алғашында диагноз қою қиын болған, себебі рентгенге түсіргенде емізік көрінбеген, алайда ішек өткізбеушілігінің белгісі болған.
Егер де ата-ана уақтылы дәрігерге хабарласпағанда баланың эксикозға түсіп кетуі мүмкін еді, себебі тамақ пен су ішпеген жағдайда дене құрғап кетеді, нәтижесінде әлсіздік пайда болады. Бұл жерде ең бастысы бала уақытында жеткізіліп, оған жедел көмек көрсетілді. Имфузиялық ем тағайындалды. Бүгінде эндоскопиялық хирургияның дамығаны соншалық, үлкен кесінді жасамай және ішкі құрылысын ашпай, ішіне кіріп қажетті көмек жасалып отыр.
– Ауруханаға алғашқы түскен кезі ауыр деуге болады. Себебі ішкен астың барлығын кері қайтарып жатты. Бозарып, тамақ пен су іше алмағасын шөлдегені соншалық баланың денесі құрғай бастаған. Ата-анасының рұқсатын алып, ота жасалды. Ота сәтті аяқталды, баланың қазіргі жағдайы жақсы, тамақ пен сусын ішіп жатыр. Менің 21 жылдық тәжірибемде осыған ұқсас жағдайлар болып тұратын. Көбіне тиын, пластикалық кішкентай ойыншық, жұлдызшаны жұтып қойған баланың өңешінен алып жүрміз, – дейді дәрігер Қ.Қайранов.
Қиын жағдайды болдырмас үшін дәрігерлер ата-аналар балаға мұқият болса дегенді айтады, әсіресе кішкентай баланың әрбір қимылын қадағалаған дұрыс.
Қазір «емізік жұтқан ердің» жағдайы жақсы, денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ. Енді екі жасар Абылайхан Сатыбалды үйіне жіберілмек.
Маңғыстау облысы