Кеше Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет жан-жақты талқыланды.
Алқалы жиында алдымен Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдинаның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімі мақұлданды.
Бұдан кейін Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде баяндады. Оның айтуынша, Кодекстің мақсаты – қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медициналық білім мен ғылымды, электронды денсаулық сақтауды жетілдіру, медициналық көмектің сапасы мен тиімділігін қамтамасыз ету. Бұл құжаттың жаңа жобасын қабылдау ұзақ мерзімді және тиімді, тұрақты денсаулық сақтау ісін әзірлеу және енгізу қажеттілігіне байланысты болып отыр. Заң жобасы ұлттың денсаулығын нығайтуға, халықтың өмір сүру жасын ұлғайтуға және медициналық технологияларды дамытуға, медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге бағытталады. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласын цифрландыру да басшылыққа алынбақ.
Отырыстың күн тәртібіндегі негізі мәселе «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер енгізу жайында болды. Бұл заң жобасы жөнінде бірқатар министрлік өкілі баяндама жасады.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов осы жылдың республикалық бюджетіндегі кірістер мен шығыстарға бірсыпыра тоқталды.
– 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізгі көрсеткіштерін сақтау ескеріледі. Бұл – ішкі жалпы өнімнің өсуі 3,8%, мұнай өндіру 89 млн тонна. Мұнайдың әлемдік бағасы жоғары құбылмалылықты көрсетіп отыр. Осыны ескере отырып, мұнайдың болжамды бағасы барреліне 55 доллар деңгейінде сақталды. Жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 4-6% шегінде тұр. Республикалық бюджеттің кірістерін 95 млрд теңгеге арттыру ұсынылады. Жалпы республикалық бюджеттің кірістері трансферттерді есепке алмағанда 2019 жылы 7 трлн 81 млрд теңгені құрайды. Түсімдер түрлері бойынша кірістер құрылымы сақталады. Олардың ең үлкен үлесін қосылған құн салығы (2,8 трлн теңге), корпоративтік табыс салығы (2 трлн теңге) және халықаралық саудаға салынатын салықтар (1,5 трлн теңге) құрайды. Түсімдердің жалпы көлемі 95 млрд теңгеге өсіп, 10,7 трлн теңгені құрамақ. Трансферттердің түсімдері, оның ішінде Ұлттық қордан трансферттер өспейді. Шығыстар 95 млрд теңгеге артады, бұл кірістердің өсуімен сәйкес келеді. Республикалық бюджет шығыстарының көлемі 12 трлн теңгеден асады, – деді Р.Дәленов.
Бұған қоса Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов республикалық бюджетке енгізілген түзетулер туралы айтып берді. Оның мәліметі бойынша әлеуметтік саладағы шұғыл қаржыландыру мәселелерін шешу мақсатында әлеуметтік блоктың шығыстары 6,7 млрд теңгеге ұлғайтылды. Шығыстарды қайта бөлуді ескере отырып, қосымша қаражат атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге, медициналық көмек көрсетуге және денсаулық сақтау нысандарының құрылысын жалғастыруға бағытталады. Нақты сектордың шығыстары 15,6 млрд теңгеге өсті. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ұсынған қаражатты қайта бөлуді ескере отырып, өнеркәсіпті қолдауға, Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына тұрғын үй қарыздарын беруге қосымша шығыстар көзделді. Сондай-ақ азаматтық қызметшілердің еңбекақысын арттыру, жылу энергетикасы мен көлік инфрақұрылымын дамыту, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу үшін өңірлер арасында қаражат қайта бөлу ескерілген.
Ал Ұлттық банк төрағасының орынбасары Есжан Біртанов биыл қыркүйек айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 5,3% болғанын хабарлады. Соның ішінде азық-түлік инфляциясы қыркүйекте 9,1%-ға жетіп, жоғарғы деңгейде қалды. Ұлттық банктің бағалауынша инфляция жыл соңында 5,7-5,8% деңгейінде қалыптасады.
Жалпы, аталған заң жобасының жай-жапсарымен танысқан соң Мәжіліс депутаттары атқарушы мемлекеттік органдар өкілдеріне сұрақтарын қойып, қордаланған мәселелерді қызу талқыға салды.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінетін бағдарламалардың орындалуына жауапкершілікті арттыру мәселесін көтерді. Айталық, Спикер ең қажетті мамандықтар бойынша колледждер мен жоғары оқу орындарын жаңғыртуға және білікті мамандарды даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізуге бағытталған «Жас маман» жобасының орындалу барысына назар аударды. Ол жыл басында Елбасы Жастар жылының ашылу рәсімінде аталған бағдарламаның орындалуын Үкіметке тапсырғанын, бірақ қажетті іс-шаралар әлі басталмағанын атап өтті. Осы ретте Мәжіліс Төрағасы Білім министрі Асхат Аймағамбетовті қатты сынға алды.
– Тапсырманың орындалмағаны қынжылтады. Бағдарламаны жүзеге асыру тәртібінің өзін әзірлеуді қағазбастылықпен кешіктірді. Бір құжатты келісуге 9 ай уақыт кетті. Ал сіз бір бұйрықты шығара алмай отырсыз. Мен мұны жастардың қызығушылығын оятатын бағдарламаны орындаудағы бюрократияның жарқын үлгісі дер едім. Жастар жылы соңына таяп қалды, ал сіз енді оянып жатырсыз, – деді Н.Нығматулин.
Осыдан келіп Мәжіліс Төрағасы мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін арттыруды алға тартты.
– Бүгін халқымыздың әлеуметтік жағдайын одан әрі күшейтуге тағы бір нақты қадам жасалды деп айтуға болады. Себебі Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2019 жылға арналған бюджетті нақтылау бойынша әлеуметтік салаға қосымша қаражаттар қаралып отыр. Бұл халқымыздың бірқатар нақты мәселесін шешуге бағытталған. Енді осы бөлінген әрбір теңге кәдеге жарап, өз нәтижесін беруі керек. Сол үшін Парламент бюджеттің тиімді жұмсалуын қатаң бақылайды, – деді Палата Спикері.