«Қарашаңырақ» ұғымы өткен ғасырдың еншісінде қалып қойған жоқ па? Бүгінде ол қандай болуы, тәлім мен тәрбиенің ошағынан қандай ұстанымды өзек етуіміз керек? Жыл басында неміс басылымдарының бірінен ата мен немере, балаға бірге тұруға мүмкіндік беретін әлеуметтік жобаның қолға алынғанын оқыдым. Жоба бойынша мегаполис қалалардың айналасынан екі қабаттан тұратын үлкен үйлер салынатын көрінеді. Бұл бастама неміс қоғамы тарапынан қолдауға ие болған. Кейін белгілі болғанындай, мұндай жобалар Оңтүстік Корея мен Жапонияда да жүзеге аса бастаған көрінеді.
Жоба бойынша ата-әже мен немерелердің бірге тұруына қолайлы жағдайдың бәрі жасалмақ. Әзірге, тәжірибе ретінде қолданысқа енгелі жатқан бұл қанатқақты жобада бағын сынап көрмек болғандардың қатары күн өткен сайын көбейіп келе жатқан көрінеді.
Қала тұрмысы ата-апаларымызбен бірге ауыз үйдің ортасына дөңгелек үстелді қоя салып, аз-көп болсын, бөліп-жарып таңдайға татырлық балдай етіп шай ішіп отыратын кезеңдерді өткен күннің еншісіне ұзатып жібергендей. Батыс қазақтың қара шаңырағының құдіретінің барына мойынсұна бастағандай.
Ал біз ше?.. Ғалымдар тарихта отбасы институты индивидтен гөрі қоғамға қызмет көрсете бастағанын айтады. Қазіргі отбасының құндылығы өзгеріске ұшырап, отбасылық міндеттері мен ажырасқаны үшін жауапкершілік те азайды. Қарашаңырақ – осы отбасылық дәстүрді ертеңге алып баратын құнды жүйе екенін естен шығармауымыз керек.
Бұл ата мен немереге, бауыр мен шөпшекке тәлім-тәрбие үлгісін көрсететін салиқалы мектеп. Тәлім-тәрбиенің үрдісі сол қарашаңырақтағы өнегелі істерден өріс алып жатады.Ондағы әрбір өнеге боларлық іс үрім-бұтаққа сеп болып жатса қуанарлық іс деп біліңіз. Ата тәлімінен үлгі алып жатқан баланың үйренген өнегелі еңбегі сабақ. Соның өзі өзгеге үйрете алса үлкен үлгі.
Батыс елдерінде отбасының негізгi діңгектері сөгіліп бара жатқаны жасырын емес. Мәселен, Исландияда некесіз туған балалар саны – 65 пайыз, Эстонияда – 56 пайыз, Швецияда – 55 пайыз, көрші Ресейде 30 пайызға жетуі отбасы институтының күйрегенін білдіреді.
Қазақстанда әлі күнге дейін ата-әженің рөлі жоғары бағаланатын «үлкен отбасы» үлгісі сақталып келгенімен, бұған да қауіп жоқ емес.
1970-1986 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бюро мүшесі, Алматы қаласының басшысы, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Кеңес Аухадиев бірнеше жыл бұрын журналистермен кездескен кезде отбасы институтындағы қарашаңырақ керегесінің тарылуына қазақтың қалалық ұлтқа айнала бастауы үлкен әсер еткенін жеткізген еді. Себебі ауылда қалған әке-шешенің қалалық болып кеткен ұл-қызымен бірге тұруға мүмкіндігі қалмады.
«1970-1980 жылдарға дейін құрылыс жобаларында таза ауамен демалуға мүмкіндік беретін балкон мүлдем ескерілмеді. 1980 жылдары ғана біз балконды жобалауға рұқсат ала алдық. Біз мұны қазақтарға ғана арнап жобаладық. Себебі қазақтың ұлының соңынан көшіп келу үрдісі сол жылдардан басталды. Кезінде ауылдағы қазақ аналарының қалаға көшін Асқар Сүлейменов, Асанәлі Әшімов, Әбіш Кекілбаевтардың аналары бастады» деген еді Кеңес Аухадиев.
Қазір еркіндік...
Қала шетінде 300-500 шаршы метрден асатын зәулім коттедждер салынып жатыр. Қазіргі жағдайда жеті атасымен бірге тұруға мүмкіндік бар. Тек көңіл сыйса болғаны. Бірақ «үлкен әулет болып тұрып жатыр» дегенді сирек естиміз.
Атаның батасы, әженің әңгімесі, ертегісі, әкенің өнегесі, шешенің тәрбиесі – балаға үлкен тәлім. Олар тәлім-тәрбие берумен қатар бала бойында ақыл-қайрат, білім-тағылым алу қасиеттерін дамытуға үнемі көңіл аударып, жете мән береді. Осыдан бала отбасы мүшелері арасындағы ең жарасты, сыйлы қарым-қатынастардың куәсі болып, үлгі-өнеге алады.
Ата мен әже бала үшін қашан да мереке. Себебі ата-анасы салған тыйымға қариялар кашанда көз жұма қарайды. Мысалы, артық тәттіге деген әуесін қандыру, қалаған ойыншығын мөлшерсіз иелену деген сияқты. Әсемдікке құмар Франция елінің балдырғандарының басым бөлігі ата-әжелерін тек демалыс күндері ғана көреді. Себебі аталған елдің қариялары немерелеріне бесік жырын жырлағаннан гөрі, әрленіп алып өз замандастарымен мейрамханаларда қызыл шарап үстінде әңгіме-дүкен құруды жөн санайды екен. Үлкендердің өмірлік тәжірибесімен алмасуға, ақыл-кеңесін тыңдаудан шет қалған бала тәрбиесімен тек қана ата-анасы айналысады. Ал үлкендер тәрбиесін көрген бала көпшіл, байыпты, салмақты болып өседі. Қазақ халқы ата салтын, данышпан-абыздарын, қарияларын қашанда қадірлеген. Ұрпағы өзі тәрбие алған ата-анасымен қатар, ата-әжесінің де абыройын асқақтатуға асыққан. Баладан «кімнің баласысың?» деген сұраққа бірінші кезекте әкесінің емес, атасының есімін атаған болатын. Тымағы мен қолынан таяғы түспейтін шежірелі қариялар мен кеңетек көйлекті, ақ жаулықты, жүздерінен жылы мейірім төгіліп тұратын әже бейнесі әр қазақ баласы үшін ұлы бейне, орны ерекше әрі қадірлі жандар. Қариялардың тәрбиесі арқылы бала жақсы-жаманды ажыратып, үлкен-кішіні сыйлай білуге дағдыланады. Дана халқымызда «Бесік жырын естімегеннен не адамшылық күтесің» деген нақыл сөз бар емес пе?! Осыдан баланың мінез-құлқы салмақты қалыптасып, шаруаға бейім, тілалғыш, мейірімді болып өседі. Үлкендердің тәрбиесін алғанды халық «тәрбиелі бала», «көргенді бала» деп бағалап жатады. Себебі бала олардың мейірімі мен жүрек жылуына бөленіп өседі. Қариялардың баланы үнемі той-томалақ, жиын, ас, тіпті жаназаға ертіп баруының да тәрбиелік мәні бар. Көріп, танып, біліп, көңіліне тоқып, ой түйсін дейді. Міне, тәрбиенің осындай әдісін қолданған халқымыздың ұрпағы, шүкір, елінің еңсесін түсіріп жатқан жоқ. Қазіргі белді қоғам азаматтары, қоғам қайраткерлері үлкендердің алдын, тәрбиесін көргендер, адамгершілік, имандылық сезімдері ояу, қайырымды, ілтипатты, қамқор жандар. Осындай үрдіске енді бет бұрып жатқан батыстықтар бұдан опық жемейді деп ойлаймыз. Еркіндік, адам құқығы деп жар салған батыстықтар қоғамдағы өнегесіз қылықтарға (бір жыныстылардың некесі, жынысын өзгерту және т.б.) да жол беріп қойды және рухани тәрбиеден алшақтап қалғаны байқалады. Ал бір шаңырақтың астында бірлесе өмір сүру – үлкендердің өмірлік тәжірибесімен алмасу, ақыл-кеңесін тыңдау, жақсы мен жаманды ажырата білуді үйрену, ата-анасының ғана емес, ата-әжесінің де ыстық алақанын, мейірімін сезіну дегенді білдіреді. Бұл әңгімеден аңғаратынымыз, өсіп-өнген отбасы қашанда елдің ұйытқысы. Олардың өнегелі ісі көпке тәрбие құралы болып келеді. Қарашаңырақ – қашанда тәрбие құралы. Осы мақаланы жазып отырғанда досым телефон шалды, балам үйленіп, соның құдалығында отыр едім дейді. Сөз арасында қарашаңырақтан кім бар екенін сұрап едім, ол «қарашаңырақтың иесі Сартай келді», деді. Жалғастық деген де осы.
АЛМАТЫ