• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Қазан, 2019

Белгісіз Мәмбеев

375 рет
көрсетілді

Белгілі де белгісіз Мәмбеев. Суретшінің өзі бір кездері бастан кешкен арайлы сәттерінің елесі, бәлки сол сәттердің өзі болар мәңгілік ғұмырын әлі де сүріп келе жатқандай. Ұлттық музейде Сабыр Әдірасулұлының шығармашылығына арналған көрме көрерменнің ақыл-ойы мен жанын билеп алып, түстік қатардың діттеген ғажайып тұтастығына самғатты. Жаны нәзік колористің әлеммен үнқатысқандағы көңіл күйі мен сезімі, дүниетанымы мен толқынысының түгел сайрап жатқанына куә болдық.

Көрмеге Мәмбеевтің өмі­рінің әр кезеңінде жазылған 70-ке тарта туындысы қойылды. Оның Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтында оқыған студенттік жылдары мен дәуірлер кезеңімен таныстығы түстің шексіз мүм­кіндіктерін ашып берді. Суретші шығармашылығында портрет жанрының қашан да маңызды болғандығы әр­бір модельдің сазына сергек қараған қолтаңбасынан анық көрінеді. Көзі тірісінде қатар жүрген замандасы, белгілі өнертанушы, Заманауи өнер музейінің директоры Нелли Шиврина да аталған жиынға қатысып, суретшінің қазақ менталитетін пайымдау идея­сына қатысты жылы лебізін ірікпеді.

–Жастайынан жетім қал­ған Мәмбеевтің қанында, са­на­сында, тегінде Қазақ сән­дік-қолданбалы өнерімен ты­ғыз байланыс жатты. Кар­тиналардың өн бойында жат­қан этюдтік мінезге қаныға отырып, дәл осы дүниенің оның шығармашылығының ұстыны екенін ұға аласыздар. Ол бір кездері Қазақ­стан Суретшілер одағы басқар­масының төрағасы болып тұрғанда суретшілердің жұ­мыс істеуіне бар жағдайды жасады. Зиялы, мәдениетті, қайраткер жан еді, – деген ол Дюрер сияқты соншалық ашық жазбаса да, батыл әрі сыпайы бейнеленген жас дененің сұлулығын түсіріп қалуға ұм­тылған кескіндемешінің се­зімі, жан толқынысы туралы да шешіле сөйледі.

–Мен Мәмбеевті ертеден танимын. Ал «Белгісіз Мәмбеев» көрмесіне шақырту келгенде ойланып қалдым. Мен өзі Мәмбеев туралы толық білем бе? Неге белгісіз? Алғаш таныстықта байқағанымдай, Мәмбеев қызыл тілге жүйрік, шешен адам болатын. Оны тыңдамау мүмкін емес-тін. Әдемі, сауатты, бай. Сыртқы фор­масымен ғана емес, ішкі мазмұнымен баурап алатын. Оның суреттеріне қарап тұрып таңданбасқа шараң жоқ. Батыл да жалпақ жақпа техникасы оның дарынды суретші екенін әйгілеп тұрған жоқ па?! Оның соңғы жылдардағы ізденісі композициясын өзгертті әрі бояу мен түс үйлесімділігіне ден қойды. Ол өзінің сөзсіз талантын өмірде де, өнерде де көрсете білді,– дейді өнер­танушы Нелли Шиврина.

Пішін, түс пен кеңістік­тің біртұтастығын іздеп өт­кен кескіндемеші Са­быр Мәм­беевті әманда тұл­ға­лар мен мінез-құлық қы­зық­­­тырды. Көлеңкелі кеңіс­тіктегі динамикалық фон ке­йіп­керлердің жай-күйін ал­дыңғы қатарға шығарып, шаңырақ астында өтіп жататын өмірдің әр алуан сәті түрлі кейіпкермен қауыштырады. Мәмбеев қылқаламындағы пейзаждар әуені әр басқа. Олар қаншалықты таныс болса да, форма мен күз­гі ланд­шафт бояуының мол­дығы кімді болсын қайран қалдырады. Суретшінің өзі үнемі тағат таппай ізденетін өзгерістері әуелі оның пейзаждарында көрініс табатын. «Қазақстанды көп араладым, көп көрдім, этюдтер жаздым. Осы материалдардың бәрі маған тыныштық бермеді. Бо­яумен өрнектеуді талап еткен кезеңдер болды...Үнемі қоршаған ортаңнан, табиғаттан, өнердің өзінен өзіңді шабыттандырып, жандандыратын күш іздеуден жалықпау керек», деген су­ретшінің кезінде айтқан пікірі тұтастық пен үйлесім идеалына деген берік сенімге бас ұрғанын көрсетсе керек. Импрессионистік көркемдік мәнер аңғарылатын «Төбелер. Күз», «Тауға барар жол», «Жол», «Кең дала» пейзаждары Мәмбеевтің жыл өткен сайын түстік құрылымның бірлігіне қол жеткізу сынды бекзат әуеннің ажырамас бөлігіне айналды.