Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Ақтау қаласындағы емханаларды аралады.
Алдымен жұмыс сапары Ақтау қалалық №2 емханасынан басталды. Емхана басшысы Бектібай Төлегенов науқастарды қабылдау тәртібі, емхана мүмкіндіктері, медициналық қызметкерлердің жалақысы туралы баяндап берді. Бердібек Сапарбаев емханаға келген науқастармен тілдесіп, медициналық қызмет көрсетудің сапасы туралы сұрады. Кездесу Маңғыстау облыстық ауруханасында жалғасын тапты.
Шара барысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» басқарма Төрағасы Айбатыр Жұмағұлов Маңғыстау облысының медициналық сақтандыруға қаншалықты дайын екендігін жеткізді. «Маңғыстауда 99 пайыз тұрғын сақтандырылған статусын алып отыр. Бұл көрсеткіш басқа аймақтарға қарағанда әлдеқайда жоғары», - деп атап өтті Айбатыр Нышанбайұлы. Оның келтірген деректері бойынша, Маңғыстауда шамамен 15 мың адамның мәртебесі жаңартылған жоқ.
-Бүгінгі таңда 2018 жылдың басында мәртебеге ие болған 2,7 млн адамның 2 млн. астамы (немесе 74,6%) мемлекеттік органдардың дерекқорында анықталды. Біз бұл адамдардың мәртебесін айқындау үшін жергілікті орындаушы органдармен үлкен жұмыс жүргіздік. Қалған 700 мыңға жуық адамды рәсімдеу осы жылдың соңына дейін аяқталады, - дейді ол.
Премьер министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылықтарына тоқталды. «Әлем тәжірибесінде бар бұл жүйеге біз де өтуіміз керек. Әскери қызметкерлер мен мемлекеттік қызметкерлерден кейін, ант беретін маман иелері – дәрігерлер. Сол себепті дәрігерлер антқа адал болуы тиіс», - деді Үкімет басшысының орынбасары.