Алматыдан таң бозынан шыққанбыз. Күн қарыс сүйем көтерілгенде, Суықтөбеге жеттік, құрық бойламай Қоңыртөбенің етегіне іліктік. Екеуі де алып тау, аты төбе болғанмен... Жаздың аптап ыстығында басында қар жатады. Сол қар қыркүйек кетіп, қазан басталғалы көлемін ұлғайта береді.
Ақтеректің ақ таңы
«Қос төбеде қыс ерте басталыпты-ау» деп күздікүнгі ауа райын тау басындағы қарға қарап болжайды ауыл жұрты. Еншісі бөлінбеген екі ағайынды секілді екі таудың басынан қар ғана емес, бауырынан ел де кетпеген ежелден. Алматы облысындағы Жамбыл ауданының бірнеше ауылы осы екі алыптың етегін ала жайғасқан. Бүгінгі діттеп бара жатқан Ақтерек ауылы соның бірі.
Алматы – Бішкек тас жолының Қордайға жетер тұсынан солға бұрылдық. Қос қаптал қалың қамыс. Заманында Көлқамыс жәрмеңкесі болған екен. Бертінде патша әскері бекініс салған. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде ол бекіністі Әли батыр жасақтары шапқан, тарихта Көлқамыс көтерілісі деген атпен қалған жер. Қала мен ауылды байланыстырып тұрған жалғыз жолдың жағдайы жақсы екен, Ақтерекке демде жеттік.
Ауыл емес, қалаға кіргендейміз, көше толы адам. Қатар жатқан бес көше түп-түзу тартылған. Жаңадан салынған асфальт жолдың қолданысқа берілгеніне көп бола қоймаса керек, тақтайдай тегіс. Жиегіне қаз-қатар көше шамдары орнатылыпты. Ауылда құрылыс қарқын алғаны көрініп тұр. Іргетасы биік ақ шатырлы, көк шатырлы жаңа үйлер алыстан менмұндалайды. «Ақтерек» шаруа қожалығының басшысы, «Құрмет» орденінің иегері Темірлан Шайнүсіпов бауырымыздың ұжымшардағы еңбеккерлерге жүзден астам баспана салып бергені жайлы «Егеменде» бірнеше мәрте жазылды да. Өзінің жеке тұрғын үй бағдарламасын қабылдаған кәсіпкер еңбегі еленіп, бірер жыл бұрын «Алтын жүрек» сыйлығын иеленген.
Саябақтағы салтанат
«Темірлан субұрқағы бар саябақ салғалы жатыр», «ауыл шетінен шомылатын бассейн құрылысын бастапты» дегенді көктемге салым естіген едік. Бассейн келер жаздың еншісіне қалған болу керек, әзірге мектептің сол қапталынан орын тепкен саябақ ашылды. Қаланың саябақтарындай гүл отырғызып, ағаш көшеттерін егіпті. Қақ ортада екі субұрқақ атқылап тұр, ойын балалары су шашысып, асыр салады. Орындықтарға қаз-қатар жайғасқан қарттардың бір тобы әңгімеге қызу кіріссе, бір парасы риза көңілмен айналаға маңғаздана қарайды.
Ауыл әкімі Ғабит Шортанбаев саябақ аумағы бір гектарға жетеғабыл екенін, 200 түптен аса қылқан жапырақты ағаш егіліп, 20 көше шамы орнатылғанын, бұл шаруаға Темірлан Шайнүсіпов 20 млн теңге қаражат жұмсағанын жеткізді. Саябақтың қақ төріне шежіре тас қойылыпты. Ұлы жүз жаныстан тарайтын Баба руының шежіресі. Мұрағат деректеріне қарағанда, Баба – әйгілі Қасқарау бидің немересі. ХVІ ғасырда өмір сүрген, жас күнінде жау түсірген батыр, қартайғанда батагөй кісі болыпты. Ұзынағаш, Қордай аймағында «Бабаның батасымен» дейтін нақыл қалған. Шежіре таста осы Бабаның кіндігінен тараған 14 баласының есімі қашап жазылған.
Көрер көзге көрікті, тұрқы биік нысанды ауылға сыйға тартқан Берік Мамытов есімді кәсіпкер екен. Өз қалтасынан 3 млн теңге шығарып, ескерткіш орнаттырған азамат «бұл бізді бірлікке шақырады» дейді. Шежіре тастың ашылуына Қазақстан Республикасы Авторлар қоғамының төрағасы, көрнекті жазушы Марал Ысқақбай, Алматы облысының және Жамбыл ауданының құрметті азаматы Әскербек Абаев, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Далабаев, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Батырхан Мендебаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмабек Чажабаев және ауған соғысының ардагерлері қатысты. Әрқайсысы сөз сөйлеп, саябақ пен ескерткіш салған азаматтарға алғыс айтты.
Жиында сөз сөйлеген Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, жазушы Уәлихан Қалижан жаһандану дәуірі басталғанын, бұл кезде көп нәрсе жұтылып кетуі мүмкіндігін, сондықтан ұлттың генетикасын сақтау мақсатында, сондай-ақ тарихты, мәдениетті, халықтың жүріп өткен жолын кейінгі ұрпаққа жеткізуде бұл шежіре тастың маңызы зор екендігін баса айтты. Ал ауған соғысына қатысқан ауылдағы екі азаматқа баспана салып берген еңбегі үшін Темірлан Шайнүсіпов Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» төсбелгісімен марапатталды.
Құнды кітап
Шежіре тастың алдында тағы бір әдеби шежіренің тұсауы кесілді. Ақтерек ауылының тумасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халық ақыны Есдәулет Кәндекұлының есімі көптен елеусіз қалып келген еді. Заманында Кененнің үзеңгілес серігі болған ақын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде Әли Нұрғожаұлының жасағына қосылып, ән-жырымен сарбаздарға дем береді. Осы үшін айыпталып, түрмеге қамалады. Патша тақтан құлаған соң бостандыққа шығып, өле-өлгенше өнерге қызмет етеді.
Есдәулеттің Ақжолтай, Кенен, Қалқа, Рахмет, Күнімжамал, Жақсыбаймен айтыстары сақталған. Сол секілді «Шаян батыр», «Күреңбай батыр», «Жетіген батыр», «Әли батыр», «Қос жұлдызды Жазылбек» секілді дастандары бар. Бір қиыны, осы еңбектер толықтай оқырманға жетпей, талай жыл архивте шаң басып жатты. Ауыл азаматы Дастан Шалтабаев демеушілік танытып, биыл Есдәулет мұралары жинақталды. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен жарық көрген «Әли батыр» деп аталатын жинаққа ақынның өлеңдері, айтыстары мен дастандары топтастырылған. 500 данамен шыққан еңбек ел-жұртқа тегін таратылды.
Майтөбедегі ас
Бір кәсіпкер саябақ салып, екіншісі шежіре тас қойып, үшіншісі кітап шығартып жатқанда өзге жұрт та қарап қалған жоқ. Баба руынан тарайтын 14 атаның баласы бүгінде Жамбыл ауданының бірнеше ауылын мекендейді. Солар бастап, басқалар қоштап ауыл шетіндегі Майтөбеде бабалар рухына ас берді.
Қаздай тізілген ақбоз үйлер алыстан көз тартады. Табақ тасып, қымыз көтерген қызметші, даяшылар жосып жүр. Майтөбе дегеніміз, қатар жатқан екі төбешік. Соның біріне тақау шағын сахна орнатыпты. Ауыл жастары сауық құрып, әнші-бишілер өнер көрсетіп жатыр. Ел қатарлы біз де сайын далада өткен концертті тамашаладық. Ат жарысын көріп, көз құмарын қандырдық.
Майтөбедегі ас сәске әлетінде басталған. Содан қас қарайғанша жалғасып, дала сахнасында қыз-жігіттер әндетіп, көкпаршылар додаға түсіп жатты...
Алматы облысы,
Жамбыл ауданы