• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Ең қысқа әңгіме 14 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Нұрболат Аманжол

943 рет
көрсетілді

Тайғақта

Алматының бүгінгі таңы аязды болды.

Ертелетіп жұмысқа бара жатырмын. Түнде жауған қар бар, оның алдында ерігені мұз боп қатқан, жол тайғақ. Таңертеңгі кептелісте асыққан көліктер әдеп пен ибаны әрі қойып, жолға таласты қыздырған. Оның бірінің рөлінде, әрине, мен де бармын. Алайда асыққаныңа қарап жатқан кептеліс жоқ. Әупіріммен алға жылжып келеміз. Анау жерде – кішігірім жол апаты болыпты. Соқтығысқан көлік иелері сыртта келісе алмай, керісіп жатыр. Мен жандарына жетемін дегенше, алдыңғы шопыр көлігіне отырып алды. Келесінің болса, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығуда. «Әминді» іштен айту керектігін ұмытқан. Көлік терезесін сәл түсірдім де:

- Қалай, бауыр! Сүзісіп қалдың ба? – деп сұрадым.

Әлгі өзінің бейәдеп қылығын енді аңғарған секілді:

- Сүйісіп қалдық! – деді зорлықпен жымиып.

- «Ойда жоқ махаббат» де.

Әңгімеміз осымен үзілді. Алға жылжып кеттім. Күлеміз-ау, бірақ кездейсоқ махаббат та расымен осындай болмай ма? Өмір жолы да тайғақ. Ақырын жүрмесең, аңдап баспасаң, жаманмен де жолың түйісіп қалуы мүмкін. Біріміз оны «сүзістік» деп, келесіміз «сүйістік» деп ойлаймыз. Ойлаймыз да, оңбай қаламыз. Кездейсоқ «сүйістен» моторыңа ақау келетіндей, жүрегің ауырады. Радиаторыңнан су кеткендей, көзіңнен жас ағады. «Қанатың» қайрылады. Екінші көлікке не, сенің көз жасыңа да қарамай, қалтаңды қағып алып, құйрығын бұлғаң-бұлғаң еткізіп жайына кетеді.

Ақырын жүрейік, бауырлар! Жол тайғақ!

Қазақтың күрегі

Көршім күрек сұрай келді. Құдық қазғалы жатыр екен. Күрек көршімнің көңілінен артық па, «ләббай» деп, ауланың түкпіріндегі шағын сарайыма енсем, әшейінде қаз-қатар тізіліп тұратын 5 күрегімнің бірі де жоқ. Бәрін де «көршінің садақасы» деп таратып жіберген екенмін. Апыр-ай, алтыншы көршімнен ұят болды-ау! Күректі қойшы, көңілін айтсаңшы?!.

Ертегінің мыстаны құсап, үстіңгі ернімнің астындағы қос күрек тісімнің бірін жұлып ап, аспап әзірлеп берсем бе екен? Өзінің де өңі өкпелегіштігін танытып тұр еді. Бұған дейін қайдағы бір темірге бола көңілім бұзылады деп ойламаған екем, бақсам, көңілдің күрмеуінің бір шеті күректе де жатыр екен ғой.

Қазақта күрек болмаған дейді, мал баққан қаймананың қасиеттісі – қамшы, қамыт. Ал темір деген бертінде ғана қолға тиді емес пе? Жалған. Олай болса, әлгі мыстанның күрегі қайдан әңгіме боп жүр? Жауына күйрете соққы беріп, күреп тастаған да біздің бабаларымыз. Қазақтың күрегі – оның тілінде, жүрегінде. Ендеше, көршіме жүрегімді берсем, жарасып жатыр емес пе? Өкпелегіш өңі жібімесе, өзіне сын.

100 теңге

Досым келіп мақтанды. Су жаңа әмиянын аялап сипайды. Қарасам, әмиян топ-толық, шертиіп, әрең жабылып тұр. Досым оны қолыма берді де, «санашы» деді. Міне, қызық, досымның бар байлығы – 2 он теңгелік, 1 бес теңгелік, 10 екі теңгелік, 55 бір теңгелік – ұзын-саны 100 теңге екен.

«Бары осы ма?» деген езуімдегі ерсі емеурінді көрді де, ол жүз теңгенің тарихын әңгімелеп берді. Сөйтсем, су жаңа әмиянды досыма қалыңдығы сыйлапты. Әмиянды бос сыйламайтын ырымы бар, тиындарды да салған сол қалыңдық екен. 100 теңге – 100 жас – қыздың жігітке тілейтін ғұмыры. 10 және 5 теңгеліктер, барлығы 25 теңге – жігіттің қызсыз жылдам өтіп кеткен 25 жылы екен. Ал қалған 75 теңге – асықпай, бір-бірлеп, әр жылдың бақыты мен қызығын көріп, бірге ғұмыр кешейік деген ниеттегі 75 жыл екен. Оның ішінде 2 теңгеліктер – қалыңдықтың бала көтеретін жылдары. Он 2 теңгелік – 10 баламыз болсын деген арманы.

Досымның байлығын бағаламай қалыппын. Сол сәт әлемде одан бай жан жоқтай сезіндім. Кеудемде бірдеңе бүлк еткендей болды... бірақ, қызғаныш емес, қайта қуаныш болар.

...және арман. «100 теңгем болса ғой» деген.

Тоқтаңызшы...

Тоқтаңызшы... Біз таныс емеспіз бе? Мен Сізді бір жерден көрген сияқтымын. Иә, жүзіңізді шырамытып тұрмын, бірақ... бірақ... түуһ, есіме түспей тұрғаныңыз. Шынымен қартаяйын дегенім бе? Бұл адамның есте сақтау қабілеті дегенді қойсаңызшы, әбден ұятқа қалдырып бітті. Әй, мені ме?..

...Көшеде жүзі таныс біреуді көріп қалғанда, осылай ақталып жатуға тура келеді. «Тоқтаңызшы» деп... Неге екенін, осы «тоқтаңызшыны» сол жанмен танысқан кезде айтып, жүзіне барлап қарап алмаймын. Асығыс, ала шапқын, оны енді мүлде көрмейтіндей, не болмаса, мәңгілікке өшпестей жадыма өзінен-өзі құйылып қалатындай, өзіне де, сөзіне де мән бермеймін. Содан шырамытып тек елесі ғана қалады.

***

Тоқтаңызшы... Біз таныс ек қой! Әлде тез-ақ ұмытып кеткеніңіз бе? Мен сізді ақжарқын жан ба десем, тәкаппарсыз ба, қалай? Жақтырмағандай мойын бұрмайсыз ғой тіпті! Әлде шынымен ұмытайын дегенсіз бе? Бұл көңілді қойсаңызшы, бірде көл, бірде шөл, әй, Сізді ме?

...Көшеде жүзі таныс біреу көріп қалғанда, осылай айыптап жатады. «Тоқтаңызшы» деп... Неге екенін, жан-жағымда адамдар жүргенде, жүздеріне барлап қарамаймын. Арасында танысым жүр ме деген ой да келмейді. Асығыс, ала шапқын, жақындарымның жанымда жүргенін де елеп-ескеріп жатпай, тік қараған бетіммен, жан-жаққа мойын бұрмастан зулап өте шыға кетемін. Содан көңілде шым-шым еткен өкпе ғана қалады.

***

Тоқташы... Біз егіз емеспіз бе? Мен – сен, сен – мен емес пе едік? Өзгені қойып, маған да бұрылып қарамаймысың? Бұрылып та қажеті шамалы, үңіле салсаң жеткілікті ғой маған. Әй, сені ме?

...Оңаша қалғанда, ішкі дүнием де айыптап жатады. «Тоқташы» деп...

Қорқамын

Жар болғым келмейді. Үйленуден қорқамын. Үйленуден қорықпаймын-ау, үй салудан қорқамын. Үй салудан да қорықпаймын-ау, үй болудан қорқамын.

Әке болғым келмейді. Балалы болудан қорқамын. Балалы болудан қорықпаймын-ау, тәрбиесінен қорқамын. Тәрбиесінен да қорықпаймын-ау, нәтижесінен қорқамын.

Ақын болғым келмейді. Атағынан қорқамын. Атағынан қорықпаймын-ау, шарабынан қорқамын. Шарабынан да қорықпаймын-ау, Алланың ақынға қояр сұрағынан қорқамын.

Әкім болғым келмейді. Қаласынан қорқамын. Қаласынан қорықпаймын-ау, жабар жаласынан қорқамын. Жаласынан да қорықпаймын-ау, мойынға жүктер халықтың наласынан қорқамын.

Ғалым болғым келмейді. Атынан қорқамын. Атынан қорықпаймын-ау, хатынан қорқамын. Хатынан да қорықпаймын-ау, ғылымға қосар затынан қорқамын.

Адам болғым келмейді. Бар ісінен қорқамын. Бар ісінен қорықпаймын-ау, кінәсінен қорқамын. Кінәсінен де қорықпаймын-ау, пәни дүниеде жасайтын күнәсінен қорқамын.

 

 

Нұрболат АМАНЖОЛ