18 қазанда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Үлкен залында Халық Қаhарманы, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің жаңа концерттік маусымының шымылдығы ашылады.
Аса дарынды күй өнерінің шебері, музыка өнерінде қайталанбас із қалдырған композитор Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев ұжым алдына биік мақсаттар қойып, оркестрді ірі драмалық ойларды жеткізе алатын, мүмкіндігі кең ұжым қатарына көтерген еді. Бүгінде оркестрге Н.Тілендиевтің қызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева жетекшілік етеді. Қазақ ұлттық музыка аспаптарының аса бай жинағымен таныстыруға мүмкіндік беретін Н.Тілендиев атындағы оркестрдің бас дирижері Д.Тілендиева әке жолын жалғап қана қоймай, ұжым өнерінің жаңа белесін заманауи музыка талабына орай репертуарын байытып, жетілдіре білді. Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мүсілім Әмзе мен Жалғасбек Бегендіков те дирижерлік жасайды. Концертте Қазақстан композиторларының шығармалары орындалып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлзат Дәуіраева, халықаралық байқауларлардың лауреаты Фархат Кубиев, Нұржан Жанпейісов, Нұрсұлтан Шатырханұлы, Олег Татамиров, Әсем Әубәкірова, Әбілқайыр Бейсеков өнер көрсетеді.
«Отырар сазы» оркестрінде байырғы қазақ аспаптары – домбыра мен қобыздан басқа да, жетіген, шертер, шаңқобыз, месқобыз, сырнай мен сазсырнай, сыбызғы, сондай-ақ ұрмалы аспаптар – асатаяқ, дауылпаз, тұяқтас, қоңырау, қайрақ үн қатады. Осындай дыбыстардың алуан түрлілігі оркестрге ұлттық фольклордың бай төлтума үлгілерін кеңінен көрсетуге мүмкіндік береді.
Оркестр Қазақстан қалаларында ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын шет елдерде – Иракта, Мароккода, Вьетнамда, Солтүстік Кореяда, Германияда, Испанияда, Түркияда, Сауд Аравиясында, Иорданияда, Франция және басқа да көптеген елдерде гастрольдік сапарда болып, концерттер берді.
АЛМАТЫ