• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Қазан, 2019

Жаңаөзенде жаңа жоба басталды

308 рет
көрсетілді

«Кәсіп түбі – нәсіп» деп аталатын жаңа жоба «Атамекен» ҰКП бастамасы бойынша Жаңаөзен қаласы әкімдігінің қолдауымен іске қосылды. Моноқалада кәсіпкерлікті дамыту және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша арнайы ұсыныстар дайындау мақсатындағы жоба шеңберінде жұмыс тобы құрылды.

Бірлескен топтың құрамына «Атамекен» ҰКП орталық аппаратының өкілдері, Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері және Жаңаөзен қаласы әкім­ді­гі негізгі бөлімдерінің, «Каспий» ӘКК және қаржы ұйымдарының басшылары енді. Бірлескен жұмыс тобы технопарк, ауыл шаруашылығы аймағын дамыту, өндірісті оқшаулау, бизнеске және микро қаржыландыру құралдары аясын кеңейту міндеттерін назарға алмақ. Сондай-ақ облыс және республика деңгейінде Жаңаөзен қаласының экономикасын дамыту үшін кедергілерді жоюға жүйелі шаралар жасақталып, ұсынылады.

Жаңа жоба аясында кәсіпкерлермен дөңгелек үстел, жылжымалы кеңес, кездесулер өткізу басталды. Жаңаөзендік іскерлер қала мен жақын орналасқан елді мекендерде мал дәрігерінің жетіспейтінін, мал сырқатын емдеу қарапайым шаруаға қиынға соғатынын алға тартты.

– Бұл мәселе көптеген өңірде бар. Мұны шешу үшін тиісті заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Қазір құ­жат Сенатта қаралуда. Білім алған ветеринар мамандарға ауыл шаруашылығы саласында үш жыл еңбек етуі міндеттелетін болады. Осында айтылған проблемаларды республикалық деңгейде талқылаймыз, – деді «Атамекен» ҰКП ауылшаруашылық кешені және азық-түлік өнеркәсібі депар­та­менті директорының орынбасары Еркен Наурызбеков.

 Басқосуда «Атамекен» ҰКП құрылыс департаменті директорының орынбасары Аңсар Сейсекеев, қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілермен жұ­мыс департаментінің сарапшысы Дәурен Сатқамбаев та кәсіпкерлерді толғандырған сұрақтарға жауап берді. Жергілікті кәсіп­керлер ауыз су, газ, мал азығы, үй жануарлары сырқатымен күрес жағдайын талқылап, оның шешу жолдарын бірлесе іздеді.

– 7 қазанда басталған «Кәсіп түбі – нәсіп» жобасы 2016 жылдың соңында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен жүзеге асқан «Жаңаөзенге – жаңа кәсіп» жобасының жалғасы деуге болады. Біз мемлекеттік қолдау бағдарламалары, маркетолог қызметі, заң қызметтері, ауыл шаруашылығы саласы, мемлекеттік және жекеменшік (электронды) сатып алулар, кәсіпкерлікті дамытуға қатысты ұсыныстар, бизнесті қаржыландыру тетіктері сынды бірнеше бағытта жұмыс істейміз. Білікті мамандар кәсіпкерлерге кеңес береді. Қорытындысында нақты іс-шаралар мен ұсыныстар қабылданады. Кәсіпкерлер мен бизнес-бастамасы бар тұлғаларды топ жұмысына белсенді қатысуға шақырамыз. Жұмысымыз жылдың соңына дейін жалғасады және біз өз алдына Жаңаөзен қаласындағы бизнестің дамуына ықпал ететін нақты мақсатты көрсеткіштерді қоямыз, – деп түсіндірді «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры – жаппай кәсіпкерлік және микро қаржыландыру департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиев.

Қазіргі таңда жұмыс тобы Жаңаөзен қаласы маңындағы Теңге ауылы мен «Рахат» шағын ауданы тұрғындарымен кездесті. Онда кәсіпкерлерге «Кәсіп түбі – нәсіп» жобасы түсіндіріліп, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мамандары кеңес беріп, шешімін таппаған мәселелер мен сұрақтарға жауап берді.

 

Маңғыстау облысы