Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл- ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтылған қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға кеңінен тарту тапсырмасына орай Маңғыстау өңіріне іссапармен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Арман Бердалин Жаңаөзен қаласының активімен кездесті. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті баспасөз қызметінен хабарлады.
Шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Серік Қаныбеков, Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров және әкімдіктің әкімшілік қызметкерлері қатысты.
Агенттік өкілі Арман Бердалин өз сөзінде мемлекеттік қызметшілер әрдайым әдепті, адал, қарапайым болуы қажет деп бастап, қызметтік әдеп нормаларын сақтамау сыбайлас жемқорлыққа, әр түрлі құқық бұзушылықтар мен теріс пайдаланушылыққа жағдай туғызады, сондай-ақ тәртіптік шара қолдануға алып келуге мүмкін екендігін атап өтті.
Сонымен қатар, арнайы мониторинг тобының мақсаты мен міндеттеріне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды тиімді жүргізу үшін, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында әр қызметші өзгерісті өзінен бастау керектігін айта өтіп, тұлға бойында қалыптасатын парасаттылық, адалдық, әділдік секілді құндылықтарды кеңінен насихаттау қажеттілігін айта өтті.
Сондай-ақ жұртшылықпен кері байланыс механизімдерін жетілдіру бағытындағы қолға алынған бастамалар мемлекеттік органның ашықтығының дәлелі екенін атап өтті.