Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Нұр-Сұлтанда өткізген жергілікті «Барыс» Владивостоктың «Адмиралына» овертаймда есе жіберді.
Бұл кездесуге қос команда да көтеріңкі көңіл-күймен келді. Өйткені, осыған дейін «Барыс» пен «Адмиралдың» екеуі де қатарынан төрт бәсекеде басымдық танытып, жарыс кестесіндегі жағдайларын едәуір жақсартты.
Нұр-Сұлтандағы матч та аса шиеленісті өтті. Қос тарап барын салып айқасты. Әсіресе, айдын иелерінің қарқыны күшті болды. Биылғы маусымда айтулы командалар өзара екі мәрте кездесіп, екі ретінде де Қиыр Шығыстан келген хоккейшілер жеңіске жеткен еді. Бұл жолы біздің жігітттер есе қайтаруға бар күшін салды. «Барыстың» ойыншылары қарсыластарына қарағанда жиі шабуылдап, соққыны да жиі бағыттады. Бірақ олардың ешбірі нәтижелі болмады. Осылайша, 60 минут аралығында есеп ашылмағаннан кейін ойын овертаймға ұласты. Ал қосымша уақыттың екінші минутында Маркус Юнгтың соққан шайбасының арқасында «Адмирал» жеңіске жетті.
Қазіргі кезде «Барыс» Чернышев дивизионында көш бастап, Шығыс конференциясында екінші орында келеді. Тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде бесінші сатыға жайғастық. Осы күнге дейін 16 кездесу өткізген жерлестеріміздің қоржынында әзірге 23 ұпай бар.