Маңғыстауда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Арман Бердалин және Республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, Ресей мемлекетінде ең алғашқы Ресей этно коуоркингін ашқан этно дизайнер Ырза Тұрсынзаданың келуіне орай, облыс әкімдігінде кездесу ұйымдастырылды.
Шараға облыс әкімі С.Трұмов, облыс әкімі орынбасарлары Қ.Жұмашев және Ә. Қыраубаев, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары С.Қаныбеков қатысса, өңірдегі қала, аудан әкімдіктері бейнеконфренция байланысы арқылы қатысты.
Аймақ басшысы Президенттің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауының басым бағыттарын іске асыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар барысымен таныстырып өтті.
Өз сөзінде Арман Бердалин орталық деңгейде қолға алынған жобаларға және жыл басынан бері республика бойынша сыбайлас жемқорлық деректер бойынша статистикалық мәліметтерге тоқталып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды тиімді жүргізу үшін, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып өтті.
Республикалық арнайы мониторингтік тобының мүшесі Ырза Тұрсынзаданың пікірінше, ұлт болып ұйысудың басты тетігі - рухани тәрбие, яғни адамзаттың бойында адамгершілік, әділдік, адалдық, парасаттылық сияқты қасиеттерді қалыптастыру. Сонда ғана сыбайлас жемқорлық сияқты теріс құбылыстың қоғам өмірінде жолы кесіледі.
Кездесу соңында облыс әкімі Серікбай Трұмов барша мемлекеттік қызметшілерді әділ болуға шақырып, әр қызметші өзгерісті өзінен бастау керектігін айтып өтті.