Талдықорғанда волейболдан әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасы суперкубогы жолындағы жарыстың шымылдығы түрілді.
Турнирдің алғашқы күні Өскеменнің «Алтайы» «Алматымен» шеберлік байқасты. Елішілік жарыстарда қарсылас шыдатпай, құрлықтық деңгейдегі додаларда жүлде алып жүрген Шығыс Қазақстан облысының өкілдері бұл бәсекені 3:1 (25-23, 20-25:25-19, 25-21) өз пайдасына шешті.
Одан кейін Талдықорғанның «Жетісуы» мен Павлодардың «Ертіс-Қазхромы» алаңға шықты. Бұл матчта жергілікті волейболшыладың үстемдігі еш күмән туғызған жоқ – (25-15, 22-25, 25-21, 25-18).
Келесі турда «Алтай» мен «Ертіс-Қазхром» және «Жетісу» мен «Алматы» кездеседі. Одан кейін өскемендіктер талдықорғандықтармен, ал павлодарлықтар алматылықтарымен күш сынасады.