• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Үкімет 16 Қазан, 2019

Нұр-Сұлтанда онкология көшбасшыларының Дүниежүзілік саммиті өтіп жатыр

338 рет
көрсетілді

Қазақстанда Онкологиялық аурулармен күресудің 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары іске асырылып жатыр - Б. Сапарбаев. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Нұр-Сұлтанда онкология көшбасшыларының Дүниежүзілік саммиті өтіп жатыр.Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саммит қатысушыларына арнайы сөзін арнады.

Елбасының арнайы сөзін Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев оқып берді.«Барлық уақыттағы адамның ең басты құндылығы – денсаулығы. Қоршаған орта күйінің нашарлауы, қимыл-қозғалысы аз өмір салты, дұрыс тамақтанбау созымалы аурулардың, оның ішінде онкологиялық аурулардың да артуына әкелді. Қазақстан бұл жаһандық беталыстарға белсене үн қатуда», — делінген үндеу мәтінінде.

Еліміздің Тұңғыш Президенті 2018 жылы оның тапсырмасымен 2022 жылға дейінгі Онкологиялық аурулармен күрестің кешенді жоспары бекітілгенін атап өтті. Биыл Ұлттық онкология орталығының құрылысы басталды, онда обырды емдеу мен диганостикасының ең озық технологияларын енгізу жоспарланған.

«Бірақ онкологиялық ауруларды, егер олар ертерек анықталатын болса, емдеу қиынға соқпайды. Бұл процестегі басты нәрсе – бірінші реттік медициналық-санитарлық көмек, тура бір жыл бұрын әлемнің 194 елі Бірінші реттік медициналық-санитарлық көмек бойынша Астана ДДСҰ Декларациясын бірауыздан қабылдады. Астана Декларациясы әлемдік қауымдастық көшбасшыларын медициналық қызметтермен жаппай қамтуға қол жеткізу және адамдардың денсаулығын сақтау үшін БМСК рөлін күшейтуге шақырды. Мықты бірінші реттік медициналық-санитарлық көмек көптеген аурулардың, оның ішінде обырдың да сапалы профилактикасын, ерте анықталуы мен тиімді емделуін қамтамасыз етеді», — делінген арнау сөзінде.

«Біздің еліміз үшін халықтың саулығы – тұрақты даму мен әл-ауқатының артуының басты негізі. Баршаңызға саммитке белсенді қатысқаныңыз үшін алғыс білдіремін, табыс пен жемісті еңбек тілеймін!», — деп түйіндеді Елбасы.

Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев ел басшылығының тапсырмасымен Үкіметтің онкологиялық ауруларды азайту бойынша шаралар қабылдап жатқанын жеткізді. «Біз онкологиялық аурулардан өлім-жітімді азайту үшін шараларды барынша қабылдап жатырмыз. Тек өткен жылы бұл көрсеткіш 5%-ға төмендеді. Тиімді шаралардың бірі – диагностика және ерте анықтау. Бұл көрсеткіш соңғы кезде 26%-ға артты», — деді Б. Сапарбаев.

Вице-премьер Қазақстанда бұл мәселелермен арнайы ғылыми-зерттеу институты, Онкология орталығы мен еліміздің өңірлеріндегі 16 онкологиялық диспансер айналысатынын жеткізді.

«Біз 2018-2022 жылдарға арналған Онкологиялық аурулармен күресудің Кешенді жоспарын жүзеге асырып жатырмыз, оның басты міндеті – бірінші кезекте профилактика, диагностика және онкологиялық көмек көрсетудің кіріктірілген моделін енгізу, кадрлар даярлау және қайта даярлау. Бұл жоспарды іске асыру үшін 35 млрд теңге бөлінген», — деді ол.

Кешенді жоспардың тағы бір маңызды пункті – халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Бүгінде Қазақстанда онкологиялық аурулармен байланысты денсаулық сақтау саласында АҚШ, Еуропа мен Азияның көптеген елдерімен байланыс орнатқан. «Онкологиялық аурулармен күрес белгілі бір елде немесе құрлықта ғана жүргізілмеуі тиіс, бұл – халықаралық проблема деп санаймыз. Егер әлем елдерінің барлығы бірлесіп жұмыс істейтін болса, онда онкологиялық аурулармен сырқаттану қатері азаяды. Сонда біз тиімді нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Бұл тұста мемлекет тарапынан ғана емес, онкологиялық науқастарға көмек пен қолдау көрсете алатын қаржылық мүмкіндіктері бар демеушілер тарапынан да қолдау қажет», — деп түйіндеді вице-премьер.

Онкологиядағы көшбасшылардың Дүниежүзілік саммитінің (WCLS) жұмысына әлемнің 70-тен астам елінен 350 делегат қатысуда. Шараға денсаулық сақтау министрлері, ақсүйек ханымдар, қалалар мен өнеркәсіптер көшбасшылары, аға басшылар және обыр ауруы мәселелері бойынша қауымдастықтардың басқа да ықпалды қатысушылары өздерінің UHC (United Health Сare – денсаулық сақтаумен жаппай қамту) жоспарына обыр ауруын енгізгенде елдердің бетпе-бет келетін негізгі проблемалары мен қол жеткізілген жетістіктерін талқылау үшін жиналды.