• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 17 Қазан, 2019

Онкология көшбасшылары елордада бас қосты

193 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтанда Онкология көшбасшыларының дүниежүзілік саммиті өтіп жатыр. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саммит қатысушыларына арнаған сөзін Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев оқып берді.

«Барлық уақыттағы адамның ең басты құндылығы – денсаулығы. Қоршаған орта күйінің нашар­лауы, қимыл-қозғалысы аз өмір сал­­ты, дұрыс тамақтанбау созылмалы аурулардың, оның ішінде он­­кологиялық аурулардың да ар­­туына әкелді. Қазақстан бұл жа­­һан­дық беталыстарға белсене үн қатуда», делінген үндеу мәті­нінде.

2018 жылы еліміздің Тұңғыш Президентінің тапсырмасымен 2022 жылға дейінгі Онкологиялық аурулармен күрестің кешенді жос­пары бекітілген болатын. Биыл Ұлттық онкология орталығының құрылысы басталды, онда обырды емдеу мен диагностикасының ең озық технологияларын енгізу жоспарланған.

«Егер ертерек анықталатын болса, онкологиялық ауруларды емдеу қиынға соқпайды. Бұл процестегі басты дүние – алғашқы медициналық-санитарлық көмек. Тура бір жыл бұрын әлемнің 194 елі медициналық-санитарлық көмек бойынша Астана декларациясын бірауыздан қабылдады. Астана декларациясы әлемдік қауым­дас­тық көшбасшыларын медици­н­алық қызметтермен жаппай қам­туға қол жеткізуге және адамдар­дың денсаулығын сақтау үшін ал­ғашқы медициналық-санитар­лық көмектің рөлін кү­шейтуге шақыр­ды. Бұл көп­теген аурулар­дың, оның ішінде обыр­дың да сапалы профилакти­касын, ерте анықталуы мен тиім­ді емделуін қамтамасыз ете­ді», делінген Ел­басының арнау сөзінде.

«Біздің еліміз үшін халықтың саулығы – тұрақты даму мен әл-ауқатының артуының басты негізі. Баршаңызға саммитке белсенді қатысқаныңыз үшін алғыс білді­ремін, табыс пен жемісті еңбек тілеймін!», деп түйіндейді Елбасы қатысушыларға арнаған сөзін.

Өз кезегінде Бердібек Сапар­баев ел басшылығының тапсырмасымен Үкіметтің онкологиялық ауруларды азайту бойынша шаралар қабылдап жатқанын жеткізді.

«Біз онкологиялық аурулар­дан болатын өлім-жітімді азайту үшін шараларды барынша қабылдап жатырмыз. Былтыр бұл көрсеткіш 5%-ға төмендеді. Тиім­ді шаралардың бірі – диагностика және ерте анықтау. Бұл көрсеткіш соңғы кезде 26%-ға артты», деді Б.Сапарбаев.

Вице-премьер Қазақстанда бұл мәселелермен арнайы ғылы­ми-зерттеу институты, Онкология орта­лығы мен еліміздің өңірлерін­дегі 16 онкологиялық диспансер айналысатынын жеткізді.

«Біз 2018-2022 жылдарға арналған Онкологиялық аурулармен күресудің кешенді жоспарын жүзеге асырып жатырмыз. Оның басты міндеті – бірінші кезекте профилактика, диагностика және онкологиялық көмек көрсетудің кіріктірілген моделін енгізу, кадр­лар даярлау және қайта даярлау. Бұл жоспарды іске асыру үшін 35 млрд теңге бөлінген», деді ол.

Кешенді жоспардың тағы бір маңызды пункті – халықаралық ын­тымақтастықты дамыту. Бүгін­де Қазақстан  денсаулық сақтау саласында онкологиялық ауруларға байланысты АҚШ, Еуропа мен Азияның көптеген елдерімен байланыс орнатқан.

«Онкологиялық аурулармен күрес белгілі бір елде немесе құрлықта ғана жүргізілмеуі тиіс. Бұл халықаралық проблема деп санаймыз. Егер әлем елдерінің барлығы бірлесіп жұмыс істейтін болса, онда онкологиялық аурулармен сырқаттану қатері азая­ды. Сонда тиімді нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Бұл тұста мемлекет тарапынан ғана емес, онкологиялық науқастарға кө­мек пен қолдау көрсете алатын қаржылық мүмкіндіктері бар демеушілер тарапынан да қолдау қажет», деп түйіндеді вице-премьер.

Онкологиядағы көшбас­шы­лар­дың дүниежүзілік саммитінің (WCLS) жұмысына әлемнің 70-тен астам елінен 350 делегат қатысуда. Шараға денсаулық сақ­тау министрлері, ақсүйек ханым­дар, қалалар мен өнеркә­сіптер көшбасшылары, обыр ау­руы мәселелері бойынша қауым­дастықтардың басқа да ықпалды қатысушылары өздерінің UHC (United Health Сare – денсаулық сақтаумен жаппай қамту) жоспа­рына обыр ауруын енгізгенде ел­дер­дің бетпе-бет келетін негіз­гі проблемалары мен қол жет­кізілген жетістіктерін талқылау мақ­сатында бас қосты.