• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Қазан, 2019

Тоқ болса да тоғаймайтын ағза

557 рет
көрсетілді

Адам баласы үшін бақыттың бастауы да, табыстың кілті де – мықты денсаулық. Денсаулықты нығайту үшін түрлі дәрумендер мен биологиялық белсенді қоспалар ішіп, спортпен де айналысамыз. Алайда, пайдалылығына көз жеткізбей тұрып, биологиялық белсенді қоспаларға көп қаражат жұмсауға тым әуес болып кеткен жандар да жетерлік. Соның салдарынан сырқатқа душар болып, кесел тауып отырғандар бар.

Яғни биологиялық белсенді қоспалардың пайдасынан зияны көп пе, адам ағзасына тиімділігі туралы жарнама шындыққа жанаса ма, отандық тамақтану рационының аймақтық ерек­ше­ліктері мен ондағы олқы­лық­тардың орнын қалай толты­ру­ға болады, қоршаған ортада күйзеліске ұшырататын жағ­дай­ды қалай жеңеміз, ересектер мен бала ағзасының тіршілігі үшін дәрумендер мен минералдардың рөлі қандай, үйлестірілген азық-түлік арқылы саламатты өмір салтына қалай келеміз? Міне, осы мәселелерді жетік түсіндірген «Биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) индустриясы мен қазіргі қоғам: тамақтану, ғылым, реттеу» тақырыбындағы ІІ халықаралық конференцияға отандық және халықаралық сарапшылар мен ғалымдар, сондай-ақ ББҚ мен басқа да арнайы тағам өнімдерін өндірушілер мен оны елге жеткізуші делдалдар қатысты. Алматыда өткен жиында сонымен қатар тамаққа тойса да ағзасы тоғаймайтын жандардың жайы, саламатты өмір салты мен дұрыс тамақтану қағидаттарын ұстану барысында кездесетін кемшіліктер, жалпы азықтану ілімі туралы әңгіме қозғалды.

Бұл мәселелердің талқы­лан­уына мүдделі тараптар әри­не, бірінші кезекте «не жесең – солсың» дегенді айтатыны анық. Әуелі осы арада мән беретін мәселе бар. Яғни тұтынушылардың болмысы. Айталық, егер өнімнің мақтауын келістірсе, оған баладай сеніп, пайдасы мен зиянына көз жеткізбей тұрып қыруар ақшаға сатып ала беретін тұтынушылар бар. Қысқасы, бұл жерде өнімнің сапасы емес, жарнаманың өтімділігі үлкен рөл ойнайды. Мұндай жағдайда ББҚ-ның адам денсаулығына пайдасы мен зияны туралы сөз қозғауға әлі ерте. Отандастарымыздың дұрыс және толыққанды тамақтануға қатысты сауаттылығы халықтың денсаулық жағдайына тола­йым әсер ететінін ешкім жоққа шығармайды. Биологиялық белсенді қоспалардан бұрын пайдалы тамақтануға қатысты дұрыс ұстаным, ыждаһаттылық пен кірпияздылық болмағандықтан да қазір қазақстандықтардың 20%-ы артық салмақпен алысса, балалардың 25%-ынан бас­тап 40%-ына дейіні қан аздық сырқатынан емделуге мәжбүр. Еліміздің тұрғындары ас мәзі­рін­де тұзды өз мөлшерінен 3 есе артық қолданады. Түрлі дерттің белең алуына түрткі болып отырған мәселелер қатарында рафинадталған қант, майлар, технологиялық өңдеулерден өтіп, дәрумендері мен минералдарынан түк қалмаған азық-түлік түрлері де бар. Бұл мәселені табиғи көкөністер мен дәнді дақылдарды тым аз қолдану одан әрі тереңдете түспек.

Есесіне, енді мына қызықты қараңыз. Қазір қазақстандықтар арасында орыстілді ағайындар «ПП» деп атап жүрген, яғни дұрыс тамақтану тренді ұлғайып келеді екен. Бір жағынан, бұл мамандарымызды қуантады. Адамдардың денсаулыққа пайдалы азық-түлікке көшуге деген әрекеті мен ниеті тоғысып, дұрыс азықтанған жағдайда нәтижесі зая кетпейтіні белгілі. Конференция барысында мамандар бірінші кезекте осы бастамаға назар аударып, дұрыс тамақтанудың шын мәнінде дұрыс болуын талқылады. Сон­дай-ақ бағдарламада көтеріл­ген тақырыппен сабақтас өзекті жайттар талқыланды. Яғни қар­таю үдерісін баяулату, артық сал­мақ­тан арылу, нутрициология мен диетология, жаңа технологиялар арқылы байытылған арнаулы азық-түлік өнімдері, биологиялық сағаттың семіздік пен жалпы адам денсаулығына әсері қызғылықты әңгіме арқауына айналды. Өйткені бұл мәселеде мамандардың пайым-тұжырымдары жеткілікті.

Қысқасы, қатысушылар адам­дар­дың ағзасы жасырын аш­тық­­қа қалай душар болатынын ғалымдардың, дәрігерлердің аузынан естіді. Адам қаншама тыңқиып тойып тамақ ішіп алса да, белгілі бір дәрумендер мен минералдардың жетіспеушілігі күндердің күнінде денсаулықта үлкен кінәрат болып білінеді. Шаштың сыпырылып түсуі, бас­тың айналуы, ұйқының қанбауы, шаршаңқылықтың басылмауы сынды толып жатқан себептер «аш ағзаның» өзіндік айғайы деп біліңіз. Ашыққан ағзаны тоғайтудың басты емі – пайдалылығы теңдестірілген тамақ­тану мәзірі. Ал мұны қа­зір­­гі адамдардың алашапқын, асығыс өмірінде іске асыру өте қиын. Сондықтан маман­дар мұндай жағдайда адам ден­сау­лығын сақтауға қызмет етіп отыр­ған ғылым мен технология жетіс­тік­те­ріне иек артуға кеңес береді.

Аталған конференцияны «ББҚ және арнайы тамақтану өнімдерінің ғалымдары, өндіру­ші­лері, жеткізушілерінің қауым­дас­тығы» ЗТБ, Қазақ тағамтану академиясы, «Тағамға қосымша ББҚ өндірушілерінің одағы», Ресейлік халықтар достығы университеті ұйымдастырғанын айта кетелік.