Ұзынқұрамды тәжірибелік жүк пойызы алғаш рет Қытай Халық Республикасындағы Қорғас стансасынан Қазақстандағы Алтынкөл стансасына жөнелтілді.
Пойыз 70 шартты вагоннан тұрады. Ұзынқұрамды пойыздарды құру жүктерді жеткізу жылдамдығын, локомотив өнімділігін және пойыз салмағының көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік береді. Аталған технология сондай-ақ кері бағытта да жүзеге асырылады. Алтынкөл және Қорғас шекаралық стансалары арасында пойыздарды өткізу және тасымал көлемі артады.
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2019 жылдың 9 айында аталған шекаралық өтпеден Қазақстаннан ҚХР-ға 390 мың тоннадан астам жүк тасымалданса, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54%-ға артық. Кері бағытта 2,5 миллион тонна жүк тасымалданып, өсім 56%-ды құрады. Жыл сайын контейнерлік пойыздар саны арта түсуде. Ағымдағы жылдың 9 айында 1076 пойыз қабылданды және өнделді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 48%-ға жоғары. Алтынкөл стансасы арқылы контейнерлік құрамдар Өзбекстан, Иран, Ауған-стан, Әзербайжан, Грузия және Еуропа елдеріне жөнелтілуде.