Шеберлік – өнер әрі кәсіп, ал кәсіп – нәсіп. Нарықтық заман талабы қолынан іс келетін жанның құр қол отыруға емес, өнерін ортаға салып, қоғамның дамуына жұмсауын талап етеді.
Осы орайда іс бастаймын деген шеберлерді қолдап, аяғынан тұрғызуға тырысатын, сондай-ақ көп балалы аналар мен аз қамтылған әйелдердің жеке ісін жүргізуге, өз мүмкіндіктерін дамытуына және ұлттық қолөнерді насихаттауға көмектесетін әлеуметтік жоба – «Көрпе Fest» мега-фестивалінің маңызы зор.
Алғаш тұсауын Нұр-Сұлтан қаласында кескен фестиваль өңірлердегі жұмысын Ақтау қаласынан бастады. Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Маңғыстау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен фестиваль аясында оқыту семинарлары, тігін және қолданбалы өнер бойынша сабақтар өткізілді, әлеуметтік желілерде бизнес жүргізу бойынша шеберлік сыныптары мен көрмелер ұйымдастырылды.
Шара аясында танымал этнодизайнер, «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты Ырза Тұрсынзаданың қолөнерші ізбасарлары дайындаған бұйымдар жәрмеңкесі өтті. Сонымен қатар «Аналар аманаты» деректі сериалынан фильм көрсетіліп, онда «Мәдени мұралар мен ұлттық қолөнерді жаңғырту» әлеуметтік жобасы туралы айтылды.
Ырза Тұрсынзада мен оның шәкірттері Маңғыстау облысының тарихи орындары бойынша экспедиция ұйымдастырып, олар «Бекет Ата» мешітіне өз қолдарымен тігілген жастықтар, көрпелер, ұлттық нақыштағы жамылғылар сыйлады. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін халқымыздың бабалар рухын қастерлейтін қалпына сай жасалған сыйлықтар енді мешітке келген жамағаттың қажетіне жарайтын болады.
Сондай-ақ еліміздің төл мәдениетінің дамуына зор үлес қосып жүрген батыр аналарға «Аманат» қоғамдық қоры атынан сыйлық, ең озық тігіншілерге Маңғыстау облысы әкімдігі мен «Тігін машиналар үйі» атынан барлығы отыз тігін машинасы, қаржылай сертификаттар мен алғысхаттар табысталды. Ал қыз-келіншекке арналған ең әдемі көйлек тіккен қатысушыға арнап авторлық дизайнда жасалған маталар сыйлыққа тапсырылды.