Тараптар Қазақстан мен Чехия арасындағы қатынастардың қазіргі ахуалы мен перспективаларын, атап айтқанда, Қазақстан – Еуропалық одақ, Орталық Азия – Еуропалық одақ және Орталық Азия – Вышеград төрттігі (Чехия, Польша, Венгрия және Словакия) сияқты көпжақты форматтағы ықпалдастық мәселелерін талқылады.
Мемлекет басшысы Радек Вондрачекті Барқыт төңкерісінің 30 жылдығымен, Чехияның НАТО-ға кіруінің 20 жылдығымен және алдағы Республика күнімен құттықтады. Сондай-ақ Президент Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды саяси әрі экономикалық серіктесі саналатын Чехиямен арадағы байланыстарды одан әрі дамыта беретінімізді атап өтті.
– Сіздің бұл сапарыңыз екі ел парламенттері арасындағы өзара іс-қимылдарды нығайту тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ, екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беру мақсатында да өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде чех саясаткері қонақжайлық көрсетіп, жылы қабылдағаны үшін Мемлекет басшысына алғыс білдіріп, елімізде жүзеге асырылып жатқан реформаларды жоғары бағалады.
– Чех Республикасының өкілі ретінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың достық және дәстүрлі рухта өрбіп, өте тығыз әрі терең қарым-қатынастың қалыптасқанын растауға мүмкіндік туғанына қуаныштымын,– деді Радек Вондрачек.