Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты ұжымының ұйымдастыруымен «Алтын Орда: тарих пен тағылым» атты дөңгелек үстел өтті.
Шараның мақсаты – үстіміздегі жылдың 24-тамызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт кіндігі Ұлытауда өткен халықаралық туристік форумда сөз сөйлеп, қазақ даласында хандық құрған көшпелі империя Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту жайлы айтқан тұжырымын жаңғырту.
Жиынды ашқан модератор Радик Темирғалиевтың пайымынша, отандық тарихтың олқы тұстары көп, соның бірі – Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті. Яғни әлемге әйгілі Жошы ұлысының заңды мұрагері – Алтын Орда империясының тарихын жаңғырту арқылы бүгінгі ұрпақтың санасы оянады.
Жоғарыдағы басқосуға еліміз тарихшыларымен қатар аталған тақырып бойынша көлемді еңбектер жазған ғалымдар да шақырылыпты. Соның бірі – татар оқымыстысы, тарихшы-этнограф Дамир Исхаков. Бұл кісі өз баяндамасында «Алтын Орда – түркілер империясы. Оның мәдениеті мен тарихы – бәрімізге ортақ. Өйткені Алтын Орда дәуірі – түркілердің жұлдызды сәті. Мұндай алып империяны басқалар құра алған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бұл Ұлыс – көшпелі шаруашылық пен отырықшылықты қатар үйлестірген классикалық қоғам» деп дерек-дәйектермен айтып берді. Сонымен қатар Дамир Маулияұлы Алтын Орда күллі Еуропаны астықпен қамтып, сол дәуірдегі үлкен мемлекеттер Юань империясы және Парсы елімен қарым-қатынаста болғаны жайлы да тың деректер келтірді.
Келесі баяндамашы Мемлекет тарихы институтының директоры, белгілі ғалым Бүркітбай Аяған өз сөзінде: «Кеңес кезінде Түркі қағанаты, Алтын Орда сияқты аузын айға білеген әйгілі мемлекеттік құрылымдар тарихы партия тарапынан қысымға түсті. Өйткені Ұлы дала билеушілері Еуропа мен Азияның жерлерін уысында ұстады, сондай-ақ Еуразияның көптеген халықтары кейіннен олардың мемлекет басқару тәжірибесін, салық салу жүйесін, әскери өнерін, тіпті пошта қызметіне дейін пайдаланды» десе, Түркі академиясының сарапшысы, филология ғылымдарының кандидаты Тимур Козырев: «Алтын Орда ұлысы коммуникациясы мен логистикасы жолға қойылған, әрі сол тұста толыққанды атрибуттары бар мемлекет болды. Қазіргі елорда иен далаға бой көтере салған жоқ. Бұл қала Ұлы даладағы қалалық өркениеттің жалғасы. Алтын Орда тұсында жазба әдебиет те бар еді. Дамыған мемлекеттік аппарат та жұмыс істеп тұрды» деді.
Сонымен жиынға қатысушылар Назарбаев Университетінің профессоры, Алтын Орда тарихының білгірі Юлай Шамильоглу, отандық тарихшылар Айболат Күшкімбаев мен Гүлмира Илеуованың мәнді баяндамаларын тыңдады.
Шара барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты еліміздің 14 облысы және республикалық маңызы бар 3 қаладан таңдап алынған 2500 адамның қатысуымен жүргізілген әлеуметтік зерттеудің қорытындысын жариялады. Мұндағы тұжырымға сенсек, тарихи тақырып қазақстандықтардың үштен бір бөлігін қызықтырады екен. Әсіресе қазақ тарихына деген қызығушылық қатысушылардың 40 пайызын құраса, олардың 68 пайызы тарихи білімді мектеп және ЖОО бағдарламасынан, 37 пайызы көркем шығармалардан, 31 пайызы деректі фильм, телебағдарламалардан алатыны анықталыпты.
Сауалдамаға қатысушылардың 29,6 пайызы Қазақ хандығы кезеңін, 25 пайызы Алтын Орда дәуірін, 21,8 пайызы Ұлы Отан соғысы жылдарын тарих жылнамасындағы ең қызықты кезең деп есептепті. Қатысушылардың төрттен бірі қазақ мемлекеттігінің бастауы тәуелсіздік алған 1991 жылдан басталады десе, аз бөлігі Қазақ хандығының құрылуымен байланыстырған. Ал бүгінгі талқылауға түсіп отырған Алтын Орда тақырыбына қатысушылардың 44,8 пайызы оң көзімен қараса, 28,9 пайыз адам бейтарап күйде қалған.
Жиын соңында дөңгелек үстелге қатысушылар Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу қажет деген тоқтамға келіп, сонымен қатар алдағы уақытта отандық тарихқа мемлекеттік деңгейде көңіл аударып, одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім артты.