Өмірбек Тілеулиев салған суреттерге үңіле қараған кез келген адам ең бірінші кезекте дала қазағының өмірін көрер еді. Табиғатпен үйлесімде ғұмыр кешкен көшпендінің дүниетанымын айқын аңғарып, ескі өмірді жаңаша тәсілдермен бейнелеудің ерекшелігіне назар аударар еді. Біздің көзімізге де ең алдымен осы нәрселер шалынды.
Ол негізгі кейіпкерлері – дана қарт, ер жігіт, ибалы келіншек, періште сәби, жүйрік ат, қыран бүркіт, маңғаз түйе немесе қара шаңырақ, жас отау сынды ұғымдар, сондай-ақ сал-серілік, саятшылық дәстүрлері арқылы көшпенді өмірдің тылсымға толы болмысын бейнелейді. Әрбір кейіпкерге не әрбір ұғымға даралық дарытқысы келеді. Бұл орайда графикамен де, майлы бояумен де жұмыс істейтін суретші дәстүрлі реализмнен тыс сурет өнерінде «туынды ішіндегі туынды» принципін басшылыққа алатын постмодернизмді де жатсынбайтыны көрініп тұр. Оның Оқушылар сарайында ашылған «Атамекен» атты көрмесіне соңғы жылдардың бедерінде дүниеге келген туындылары қойылды.
«Атамекен» көрмесінің ашылуы – зейнеткерлік жасқа жеткен суретшінің елге есеп беруі, шығармашылығындағы жаңалықтарды көрсетуі. Жаңалық демекші, 100-ден аса жұмыстардың ішінде өткен ғасырдағы қазақ үшін ең ауыр саяси зобалаңдар мен алапат аштық оқиғасы орын алған – 1916, 1932, 1937, 1986 жылдар Оро техникасымен салынған. Бұл техникамен, яғни матаға сурет салумен суретші соңғы жылдары ғана айналыса бастапты. Көрмеде сөз алған Оқушылар сарайының директоры Ербол Іргебай суретші шығармашылығын рухани жаңғыруға қосылып жатқан үлкен еңбек ретінде бағалап, әсіресе Оро техникасымен бедерленген тарихи оқиғалардың жас ұрпаққа ой салатын мағыналы шығармалар екеніне тоқталды.
Жазушы Жолтай-Жұмат Әлмашұлы көрме иесінің жас жігіттер сынды ізденгіштігіне тәнтілігін айтты. – Өмірбек алпысқа келсе де жас жігіттер сияқты ізденеді. Бүгінгі көрмесі соның айғағы. Оның өзгеше мәнермен салған суреттеріне риза болып тұрмын. Ол қандай жанрда еңбектенсе де, өзегінде ұлттық негіз жатады. Тақырыпты кең ауқымда алады, – деді жазушы. Ал көрмеге қонақ ретінде қатысқан Астана қаласы Жас суретшілер бірлестігінің төрағасы Өмірәлі Исмайлов алдағы жылы Солтүстік Кипрде Түркі елдері суретшілерінің мұражайы ашылатынын, оған еліміз атынан Тілеулиевтің де картиналары қойылатынын атап өтті.
Өмірбек Тілеулиев тек суретші емес. Ол сурет өнеріне ғашық жасөспірімдердің ұстазы да. Нұр-Сұлтан қаласындағы Оқушылар сарайында ұстаздық қызмет атқарып жүрген суретшінің жеке көрмесіне оқушылардың жиылуы да тегін емес. Өнерлі балалар көрменің ашылуында ән шырқап, би билеп шараның қызықты өтуіне бір кісідей атсалысты.
Оқушылар сарайында Тілеулиев туындылары қойылған көрме көрермендерін күтеді.
Айгүл СЕЙІЛ,
«Egemen Qazaqstan»