Облыс орталығындағы қалалық балалар кітапханасы «Адамға мейірім мен жылулық сыйлайық» жобасы бойынша қызмет етуде. Қаладағы барлық мектептер, балабақшалар, колледж оқушылары – кітапхана оқырмандары. Олар кітапханада өтетін рухани, мәдени, әдеби шараларға жиі қатысады.
Ал жуырда өткен мәдени шараның бірі Абай әндері мен өлеңдеріне арналды.
– Мақсат – Абай атамыздың өлеңдерін ойын арқылы үйрету. Сонда оқушылар әр өлеңге мән беріп, мағынасын түсініп жаттап алады, – дейді №19 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлзира Оңғарова.
Мұғалімдері бастап келген 8 «а» сынып оқушылары «Нұрлы» және «Даналық» атты екі топқа бөлінді. Ойын шарты бойынша балалар он аялдамадан өту керек. Бұл ретте топ жетекшілеріне карта және аялдамадан өту құжаты берілді.
Оқушылар әр аялдамадан өткен сайын кезектесіп, Абайдың «Қыс», «Күз», «Жаз», «Жазғытұрым» өлеңдерін жатқа айтып берді.
Сөйтіп «Аялдамаға аялда» ойыны арқылы айтылған өлеңдері Абайдың «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем Қаламқас» әндеріне жалғасты.
Шараға қатысушы Шарапиден Аллажар «Көзімнің қарасы» әнін орындады, ал Әзілхан Айым, Айжан Ибрагимова, Қали Алихан, Серік Арслан, Дильназ Тезекбаевалар Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін мәнерлеп оқып берді.
Екі команда да «Біз Абайды білеміз бе?» атты сөз жұмбақтарды шешіп, сұрақ-жауаптар ойындарына белсенді қатысты.
Шара соңында ең көп өлең айтып, ән салған, сөз жұмбақ шешкен «Нұрлы» командасы жеңімпаз атанды.
Оқушыларды таңғалдырғаны – «Желсіз түнде жарық ай» әнін, Абайдың «Қара сөздерін» инновациялық қалам арқылы таңдап, тыңдады.
– Осы квест-ойындар, яғни ойнай отырып, ойлап жеткізе білу арқылы оқушылар өздерінің Абай өлеңдерін, әндерін, өмірбаянын, шығармашылығын жақсы білетіндіктерін өз білімдерімен көрсете алғандарына қуандық, – дейді кітапханашы Айнагүл Мағзұмова.
Кітапхана қызметкерлері Айтжамал Қабылденова, Алмагүл Айтмағамбетова, Жамкей Дәуітханқызы «Самал» сауықтыру орталығы, «Альрами» клуб үйі, ардагерлер клубы, Мүгедектер мен қарттарға арналған интернат үйі, этномәдени орталықтар, «Сауран» балалар орталығымен бірлесе қызмет етуде.
Балаларға арналған қуыршақ театры, латын әліпбиін үйрететін «Ана тілі орталығының» бұрышы бар.
Шара соңында «Абай әлемі» кітап көрмесі ұйымдастырылды. Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнефильм көрсетілді.
ПАВЛОДАР