Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) Фуджейра қаласында бокстан жастар арасындағы Азия біріншілігі аяқталды. Қазақстанның ұлдар құрамасы бұл жарысты сегіз жүлдемен қорытындылады.
Жерлестерімздің арасынан Руслан Күзеубаев (52 кило), Ерасыл Ермек (57 кило), Абзал Серік (60 кило) және Сұлтан Бабаханов (66 кило) бас жүлдені олжаласа, Абдулла Патиев (50 кило) пен Нұрсұлтан Алтынбек (54 кило) күміске қол созды. Ал Мәди Әміров (80 кило) мен Диар Роман (+80 кило) қола медальді мойындарына ілді. Нәтижесінде 4 алтын, 2 күміс және 2 қоланы қоржынға салған Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте екінші орынды иеленді. Бірінші орында – Өзбекстан. Олардың алтыны мен күмісі біздің жігіттермен бірдей болғанымен, төрт қоласы артық.
Қыздар сайысында Қазақстанның былғары қолғап шеберлері 3 алтын, 1 күміс және 5 қола медальді олжалады. Атап айтсақ, Назерке Серік (54 кило), Валерия Семенова (70 кило) және Дана Дидай (75 кило) алтыннан алқа тағынса, Диана Магуяева (+80 кило) күміс алды. Ал Анар Тұрсынбек (57 кило), Назым Әдіхан (60 кило), Миланы Аюпов (63 кило), Жібек Жарасқызы (66 кило) және Мақпал Ерболатқызы (80 кило) қолаға қол жеткізді.