• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Қазан, 2019

Қостанай облысында көше атаулары өзгерді

477 рет
көрсетілді

Бұл жөнінде «Ономастика ізденіс пен тәжірибе» атты ғылыми-практикалық конференцияда облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Мендекенова айтты.

Өңірдегі барлық 6138 көшенің 632-сінің аты идеологиялық жағынан ескірген.Соның 98-інің аты өзгертілді, бұл 18 пайызы болып саналады. Сонымен қатар өңірдегі 156 ауылдан 63 ауылдың есімі өзгертуді қалайды, соның әзірше 7-нің тарихи атаулары қалпына келтірілді. Соңғы екі жылда облыс бойынша 1 ауданның, 7 ауылдық окруктің, 7 ауылдың, 106 көшенің және 14 түрлі нысанның тарихи атауы қалпына келтірілді және жаңа атау берілді. Биыл бұрынғы Таран ауданына Бейімбет Майлиннің, Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетіне ғалым Өмірзақ Сұлтанғазинің, облыс орталығындағы Гагарин көшесіне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді.

«Тілдерді дамыту басқармасына өткен жыл мен 2019 жылдың 9 айында жеке және заңды тұлғалардан ономастика жөніндегі 62 өтініш келіп түсті. Солардың көбісінде олар облыс көлеміне танымал тұлғалардың есімін мәңгілікке есте қалдыру мақсатымен олардың атын елді мекендер мен көшелерге беруді сұрайды. Осы 62 өтініштің 44–інің иесіне ол айтқан мәселе шешімін таппайтынын айтып түсіндірдік» деді Гүлжан Ермашқызы.

Конференцияда сөз алған философия ғылымдарының кандидаты, профессор Қалқаман Жақып, Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің PhD докторы, қауымдастырылған профессоры Рауан Байдалы және тағы басқалар жердің атауы мемлекеттігіміздің бір рәмізі дерлік маңызды мәселе екенін айтты. Басқосуда пікір алмасулардан кейін, қарар қабылданып, оған маңызды ұсыныстар енгізілді.