Вашингтонда Дүниежүзілік банк тобы мен Халықаралық валюта қоры Директорлар кеңесінің жыл сайынғы отырыстары аясында еліміздің Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов АҚШ Сауда Хатшысы Уилбур Росспен екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.
Кездесу Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жоғары деңгейлі іс-шара аясында өтті. Бұл бастама Тұңғыш Президент – Елбасының 2018 жылғы қаңтардағы сапары кезінде басталған болатын.
Кездесу барысында тараптар ішкі және сыртқы сауда, тауарлар мен қызметтерді экспорттау, коммерциялық және инвестициялық жобаларды іске асыру, Tyson Foods компаниясымен бірлескен жобалар, бірлескен жобаларға (AIFC) қаржылық қолдау көрсетудің екіжақты ынтымақтастық саласының мәселелерін, санкциялар саясаты, зияткерлік меншік және электронды сауда мәселелерін, сондай-ақ ДСҰ және ЭЫДҰ шеңберінде ынтымақтастықты талқылады.
Америка Құрама Штаттары – Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі. Біздің елдеріміз арасындағы сауда айналымы көлемі 2018 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда 36%-ға артып, 2,2 млрд АҚШ долларын құра- ды.
2019 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі деректерді сақтай отырып, Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 1,4 миллиард долларды құрады.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және оның жоғары серпінін қолдау үшін жеткізілетін тауарлар мен қызмет номенклатурасын кеңейту, іскер топтар арасында тікелей байланыс орнату бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру ұсынылды.
Қазақстан тарапы АҚШ-қа қазақстандық тауарлардың экспортын 50 тауар позициясы бойынша 802,1 млн АҚШ долларынан аса сомаға ұлғайтып, өзара саудадағы оңтайлы трендті нығайтуды ұсынды.