Екеуі де атақты Естайдың немерелері, әншінің ұлы Жанәбілден туған қыздар. Қазір Зекен әже Екібастұздың Ақкөл-Жайылма ауылында, ал Зейнеш әже Ертіс ауданы, Қосағаш ауылында тұрады.
Екібастұздағы Естай атындағы музыка мектебінде Зекен Жанәбілқызының 90 жылдығына арналған рухани мәдени шара өтті.
Былтыр Естай Беркімбайұлының 150 жылдығы тойланған еді. Облыс әкімі Болат Бақауовтың бастамасымен музыка мектебіне Естайдың есімі берілген-ді.
Әнсүйер, өнерсүйер халық жиналып, Зекен әжеге үлкен құрмет көрсетті.
–Әулиелі Ақкөл-Жайылманың әншілік ортасы атамызға да әншілік ғұмыр берді, бойына дарқан дарын сыйлады, – деді әжеміз сахна төрінен үн қатып.
Айтқандай-ақ Естай әнші Қорлан қызға қолы жетпей, Ұмсынғанға үйленеді. Ұмсынған екеуінен қос әженің әкелері Жанәбіл бар төрт бала өмірге келеді. Жанәбіл 41-дің соғысында қаза табады. Аналары да қайтыс болады.
Сөйтіп екеуі Естай мен оның екінші әйелі Зағишаның қолында өседі.
Ауылдастары кезінде Естай «Сарыторғайым» деп еркелеткен Зейнеш әжеміз жас күнінде керемет ән айтқанын, бүгінде ол кісінің де 80 жастан асып бара жатқанын еске алды. Жасы 90-ға келген Зекен әженің де ыңылдап ән айтатын әдеті бар екен.
Осындай қызықты естелік-әңгімелерден-ақ әнші Естай жайлы қос әженің көріп-білгендері жазып аларлық дүние екенін ұғасыз.
Осы күнге дейін табылмаған Қорлан қыз сыйлаған жүзіктің өзі бір хикаятқа тұрарлық.
–Екібастұз қалалық тарихи-өлкетану музейінен Естай залы ашылды. Ақын-әншінің тұтынған жеке заттары, ұрпақтарынан алынған ескі дүниелер, домбырасы, шамаданы бар. Немере інісі Кәрібайдың да домбырасы осында тұр. Естай інісінің үйіне қыдырып барғанда сол домбыраны тартып, ән шырқайды екен, – дейді ақынның ұрпағы, журналист Фархат Әміренов.
Айтуынша, әулеттеріне құнды жәдігер – екі шамаданды да музейге берген. Естай ақын 1939 жылы Алматыға барғанда әкелген екен. Бірін Зекен апаға, екіншісін немере інісі Қыздарбек атаға тарту етіпті.
Ал Зекен әженің 90 жылдығына арналған кеште естеліктер, ғибрат аларлық әңгімелер айтылды. Кеште Медғат Манап, Амангелді Қожанов, Жанболат Байсолтан, Нұржан Сарқамбаевтар әуелете ән салды.
Күйші Қайрат Айтбаев күмбірлетіп күй шертті. Музыка мектебінің жас таланттары да өз өнерлерін көрсетті.
Кеш соңында 90 жастағы Зекендей асыл әжеміз жиналған қауымға алғыс айтып, батасын берді.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы