Мұнайшылар астанасында жасөспірімдер арасында 26-27 қазанда таэквондо GTF тұжырымы бойынша Atyrau Open турнирі өтеді. Еліміздің батыс өңірлерінен, атап айтқанда Орал, Ақтөбе, Атырау және Ақтаудан барлығы 300 спортшы қатысады деп күтілуде.
Маңғыстаудың намысын қорғауға бапкер Бүркіт Исакұлының шәкірттері сақадай-сай дайын. Қазір олар «ӨРКЕН» оқу орталығында балғын таэквондошылар оқу-жаттығу жиынын өткізуде.
Айта кету керек, федерацияның бөлімшелері «ӨРЛЕУ» және нөмірі 8 орта мектепте де жұмыс жасайды. Маңғыстау облыстық таэквондо GTF федерациясы осыдан 8 жыл бұрын өз жұмысын бастаған болатын, оның президенті Сәттіғұл Әбітов.
Осы уақыт аралығында балғын таэквондошылар көптеген халықаралық турнирлер, ел біріншіліктері, Еуропа және Әлем чемпионаттарында жүлдегер атанып жүр. Бапкер шәкірттерінің атой салатындарына сенімді.
-Атырауда өтетін турнир жоғары деңгейге ұйымдастырылатынына күмән келтірмейміз. Біздің команда медальдің барлығынан үмітті, әсіресе алтын көбірек болады деген ойдамын. Шәкірттерімді жеңіске барынша жігерлендірудемін, дейді бапкер.
Спортшыларға өздерінің спорттық шеберліктерін шыңдап, өзара тәжірибе алмасып, дайындықтарын көрсетуге және басқа да жарыстарда өз мықтылықтарын дәлелдеуге мүмкіндік бар.