• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Қазан, 2019

Серіктестік және синергия жолымен

130 рет
көрсетілді

Қазақстан және Беларусь екіжақты даму мен қалып­та­судың ширек ғасыр межесінен өтті. Екі мемлекет осы тарихи кезеңде екіжақты өзара іс-қимылдың барлық саласында жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Тәуелсіз және егемен қос мем­лекеттің қарым-қатынастары стра­тегиялық сипатқа ие болғанын Қазақ­стан Республикасы мен Беларусь Рес­пуб­ликасының президенттері ресми мәлімдеді.

Тығыз серіктестік қатынастардың қалыптасуына айтарлықтай негіз сал­ған екі елдің көшбасшылары – Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Беларусь Респуб­ликасының Президенті Александр Григорьевич Лукашенко.

Еуразиялық экономикалық интеграцияны қатысушы мемлекеттердің мүдделерін әлемдік экономикадағы тұрақты бағыттарға жылжытудың ық­пал­ды тәсілдерінің бірі ретінде қарас­тыра отырып, Қазақстан мен Бела­русь осы негізде Еуразиялық эконо­микалық одақты ЕАЭО) құру мақса­тында Кедендік одақ пен Еуразиялық экономикалық кеңістіктің нығаюына бірлесіп ықпал етті.

Қазақстан Республикасының Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың пікірінше, ЕАЭО кеңістігінде «ең тәжірибелісі» Беларусь мемле­кеті­нің басшысы болып табылады, со­нымен қатар ол Қазақстан-Беларусь қатынастарының дамуына А.Лука­шен­коның қосқан жеке үлесін жоғары бағалайды.

Экономикалық одақ аясында біздің мемлекеттер сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтты. 

Қарқынды интеграциялық өзара іс-қимылға толы соңғы он жылдық­та Қазақстан-Беларусь қарым-қатынас­тарының қарқыны ұдайы өсіп келеді. Екі ел бірлескен жобаларға қатысып, өза­ра сауда көлемін ұлғайтты және халық­аралық күн тәртібіндегі өзекті мәсе­лелер бойынша бір-біріне қолдау көрсетті.

Осы жылдар ішінде Беларусь қар­қынды дамып, ақпараттық технология­лар, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы сияқты маңызды салаларда ілгері жылжыды. Елде жоғары технологиялық парк (ЖТП) құрылды. Беларусьтің бағдарламалық қамтулардың тұтынушылары – әлемге әйгілі корпорациялар, Microsoft, HP, Дүниежүзілік банк, British Telecom, British Petroleum, Citibank және басқалар болып отыр. Мәселен, Беларусьтағы қызмет экспортының жалпы көлеміндегі компьютерлік қызметтердің экспорты 2011 жылдан бері 3,7 есе өсті және 2018 жылы 1,5 млрд доллардан асып, 18,2%-ды құрады.

Сондай-ақ Қазақстан цифрлы экономиканы дамытуға бет бұрды. Еліміздің Прези­денті Қ.Тоқаев Қазақстан халқы­на Жолдауында: «Республика техно­логиялық серіктестік орнату, деректер орталықтарын құру және орналастыру, мә­ліметтер транзитін дамыту, цифр­лы қыз­меттердің жаһандық нары­ғына қа­ты­су үшін ашық юрисдикция ретін­де бренд­ке айналуы тиіс» деп атап көр­сетті.

Осы салада екіжақты жемісті ынты­мақтастық үшін біздің елдеріміздің ортақ мүдделері мен ұқсас ұстанымдары бар. Келесі жыл Беларусь үшін маңызды және жауапкершілігі жоғары болады, өйткені ол ЕАЭО-ға төрағалық етеді.

Беларусь төрағалығының басым­дық­тары Экономикалық одақтың цифр­лы жаңғыруына, кәсіпорындардың нарыққа тең қолжетімділігін қамта­ма­сыз етуге, салалық саясатты үйлестіруге бағытталады.

Бұл тұрғыда Қазақстан мен Беларусь тығыз ынтымақтастық орнатуға ниет білдіреді.

Бүгінгі таңда ел ТМД мемлекеттері арасында Беларусьтің басты сауда серіктестерінің үштігіне еніп отыр.

Соңғы үш жылда Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы екі есе өсті, 2016 жылғы 419 миллион доллардан 2018 жылы 896 миллион долларға жетті.

Соған сәйкес, қазақстандық тауар­лар­дың Беларуське экспорты және Бела­русь тауарларының Қазақстанға импорты да екі есеге өсті.

2019 жылдың сегіз айында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тауар айналымының 4%-ға дейін өсіп, ол шамамен 626 миллион долларға жеткенін атап өткім келеді.

2019-2020 жылдарға арналған Қазақстан-Беларусь ынтымақтастық жоспары – өзара сауданы арттырудан бастап жоғары технологиялық және инновациялық өндірістер құру жобаларына дейінгі кең ауқымды қамтиды.

Қазақстанда 40-тан астам компания Беларусь кәсіпорындарының, сондай-ақ 170-тен астам диллерлік желінің өкілдері бар. 

Өнеркәсіптік кооперация саласын­да ынтымақтастықты дамыту мә­се­лелеріне ерекше назар аударылады. Қазірдің өзінде Қазақстанда бело­рустық тех­ника мен жабдықтар құрас­тыра­тын сегіз бірлескен зауыт жұ­мыс істейді, олар – «БелАЗ», Минск трак­тор зауыты, «Гомсельмаш», «МАЗ», «Бобруйскагромаш» және бас­қа­лары. Беларусьте қазақстандық капи­талы бар 45 кәсіпорын жұмыс істеп тұр.

Бүгін біз толық өндірістік кезеңге көшу керектігін түсіндік. Бұл біздің елдердің мүдделеріне жауап береді және тек ішкі қажеттіліктерді ғана емес, сонымен қатар көршілес мемлекеттерге жеткізілімді қамтамасыз етеді.

Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың болашағы зор. Бізді Беларусь агроөнеркәсіптік кешенінің даму тәжірибесі қызықтырады.

Жалпы, біздің елдерімізде эконо­микалық ынтымақтастықтың барлық мәселелері бойынша түсіністік және оған дайындық та бар.

Сауда-экономикалық ынтымақ­тас­тық жөніндегі Қазақстан-Беларусь үкіметаралық комиссиясының 15-ші отырысының нәтижелерін қанағат­танарлықпен атап өткім келеді. Қол жеткізілген уағдаластықтар өзара экспортты өсіру және өзара сауда көлемін ұлғайту, өндірісті оқшаулау және шығарылатын өнім түрлерін кеңейту бойынша екіжақты ынтымақтастықтың қарқын алуына әкелді.

Тамақ өнеркәсібі мен ауыл шаруа­шылығы саласында Қазақстан мен Беларусьтегі халықаралық жәрмең­ке­лер мен мамандандырылған көрме­лер­­де шаруашылық етуші субъектілер үшін қолайлы жағдайлар жасауда ай­тар­­­лықтай жетістіктер бар. Осы са­ла­лардан күтілетін нәтижелер азық-тү­лік қа­­уіпсіздігі бойынша Қазақстан­ның ха­лықаралық бастамасына ықпал етеді.

Денсаулық сақтау мен медициналық білім беру ұйымдары арасындағы саланы цифрландыру бойынша ынты­­мақтастық туралы келісім Қазақ­стан­ның жалпы мемлекеттік цифрландыру бағдарламасына жауап береді.

Стратегиялық серіктестік пен Қа­зақ­­стан-Беларусь қатынастарының жоғары динамикасын растау үшін осы жылғы 24-25 қазанда Беларусь Рес­публикасының Президенті Алек­сандр Лукашенконың Қазақстан Республикасына ресми сапары жос­пар­ланған.

Сапар барысында екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың ма­ңызды мәселелері талқыланып, ақпа­рат­­тық технологиялар, өнеркәсіптік коо­перация, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы әріптестіктің болашағы айқындалады.

Сапар аясында жоғары деңгей­дегі бизнес-форум өтеді. Қазақстан­дық және беларусьтік компаниялар мен кәсіпорындар іскерлік ынтымақ­тас­тықтың нақты және өзекті тақырып­тары, бірлескен жобалар бойынша келіс­сөздер өткізеді, тиімді келісімшарттар жасау жоспарлануда.

Қазақстан мен Беларусь арасында жоғары деңгейдегі белсенді саяси үнқатысудың жүргізіліп жатқандығы қуантады. Тек соңғы алты айдың ішін­де интеграциялық саммиттер аясын­да Қазақстан мен Беларусь прези­дент­терінің үш кездесуі өтті.

Ереванда өткен Жоғары Еура­зия­лық экономикалық кеңестің қазан саммитінде еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен екіжақты кездесу барысында Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко «Беларусь Қазақстанмен қарым-қаты­насты тереңдетуге мақсатты бола отырып, оның алдағы сапары Қазақ­станмен екіжақты ынты­мақтастық­тың жаңа кезеңіне бастау береді деп үміт­тенетінін» мәлімдеді. Өз кезегінде, Қа­зақ­стан Президенті қазақстандық тарап Қазақстан-Беларусь қатынастарының өзекті мәселелерін талқылауға елеулі дайындық жүргізіп жатқандығын атап өтті.  

Екіжақты байланыстардың ма­ңыз­ды бағыты – өңіраралық ынты­мақ­­тастықты дамыту. Қазақстан мен Беларусь өңірлері арасында тікелей эко­­номикалық байланыстар мен жа­қын­­дасу бірлескен өндірістік және коо­пе­рац­иялық жобаларды жүзеге асыруға және өзара сауданы арттыруға ықпал етеді.

Беларусь пен Қазақстан арасындағы өңіраралық ынтымақтастықтың фо­румдарын тұрақты өткізу – агро­өнер­кәсіптік кешенді, азық-түлік қауіп­сіздігі мен өндірістік кооперацияны дамытудың тиімді тетігі. Беларусь бірқатар елдермен өңіраралық ынтымақ­тастықты мемлекетаралық қатынас­тарды даму­дың негізгі факторы ретінде қарасты­рады. Ынтымақтастықтың бұл бағыты­ның келешегі зор.

Осы жылдар ішінде Қазақстан мен Бе­ларусь қазақ және белорус халық­тары арасындағы қатынастардың «алтын көпірін» салды. Біз бұрынғы мәде­ни-гуманитарлық байланыстарды сақтап қана қоймай, жаңа қатынас­тарды орнаттық. Оған біздің елдерде сақталған ірі диаспоралар әсер етуде.

Нұр-Сұлтан қаласында Беларусь ұлт­тық-мәдени орталықтары құрылды, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанында Беларус тіл, тарих және мәдениет орталығы ойда­ғыдай жұмыс істеуде. Өз кезегінде Бе­ларусь мемлекеттік педагогикалық уни­верситетінде қазақ-белорусь мәдени-білім беру орталығы жұмыс істейді.

Қазақстандық әншілер бірнеше рет «Славян базарында» эстрада әндерінің Гран-приін жеңіп алды. Қазіргі уа­қытта Минск қаласында Шәкен Ай­манов атындағы «Қазақфильм» кино­студиясының қолдауымен қазақ­стандық кино фестиваль өтіп жатыр. Беларусь көрермендерінің назарына қазақстандық кинорежиссерлердің жеті фильмі ұсынылады.

Тұтастай алғанда, Қазақстан Рес­пуб­­­ликасы мен Беларусь Республи­касы арасындағы қатынастар страте­гиялық серіктестік деңгейіне шығып, жоғары әлеуетке ие болды. Сауда-эконо­микалық қатынастар терең ынтымақ­тастықтың жаңа кезеңіне өтуде, еуразиялық интеграцияны дамытудың қағидаттарына бірыңғай тәсілдер нақтыланды. Қарқынды өзара іс-қимыл барысында Қазақстан-Беларусь көпжақты ынтымақтастығын кеңейту келешектері толық айқындалды.

 

Асқар БЕЙСЕНБАЕВ,

Қазақстан Республикасының

Беларусь Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі