• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Қазан, 2019

Білім беру бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды

361 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ламасын іске асырудың алдын-ала қорытындылары талқыланды.

Мемлекеттік бағдарлама білім беру саласын ілгерілетеді

Отырыстың басында сөз алған Пар­ламент Мәжілісі Төрағасының орынба­сары Гүлмира Исимбаева мемлекет әр­дайым білім мен ғылым саласына ерек­ше көңіл бөліп, қомақты қаржы бағыт­талған тиісті іс-шараларды жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді. Ол осы сала­дағы мемлекеттік бағдарламаның орындалуы барысына қысқаша тоқталды.

– Бүгінде Білім және ғылым министр­лігінің ақпараты бойынша бағдар­ла­маның басым бөлігі іске асырылған, белгілі бір нәтижелері бар. Мәселен, мектепке дейінгі ұйымдар желісі көбейіп, 3-6 жастағы балалардың 95,2%-ын қамтуға мүмкіндік берген. Қамту деңгейі жоғары болғанымен, әлі 500 мыңнан аса бала өз кезегін күтіп отыр. Оның ішінде 1-3 жас аралығындағы 437 мың бала бар. Осы санаттағы балаларды толық қамту тұрғысынан тиісті шаралар қабылдап, олардың да есебін жүргізу қажет. Сондай-ақ балабақшаларды арнайы маманданған кадрлармен қамту бойынша жоспарланған 50%-дық көрсеткіш артығымен орындалып, қазір 60%-ға жуықтап қалды. Дегенмен мектепке дейінгі ұйымдарда бала тәрбиесімен және оларды оқытумен айналысатын қызметкерлердің 40%-ға жуығында тиісті білімнің болмауы алаңдатады. Ал мектепке дейінгі білім беру бастауыш білім секілді – тұтас білім берудің негізі. Мектепке дейінгі ұйымдарды білікті мамандармен қамтамасыз ету білім беру жүйесінің басым міндеттерінің бірі болуы тиіс, – деді Гүлмира Исимбаева.

Мәжіліс Төрағасының орынбасары орта білім беру саласы туралы сөз қоз­ғағанда, елімізде 3 жылдан аса уақыт ішінде жаңа мектептер салынып, жаңар­тылған мазмұнға көшу жалғасып жат­қанын айтты. Бірақ апаттық жағдайдағы мектептер мен үш ауысымда оқытатын мектептердің проблемасы шешілмей келеді. Қазіргі күні олардың саны 160-тан асады екен. Сондықтан мемлекеттік бағдарламадан үш ауысымды және апаттық жағдайда тұрған мектептер көрсеткішін алып тастаған министрліктің әрекеті негізсіз болып отыр. Оның үстіне бұл – Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында белгіленген міндет.

Сондай-ақ Гүлмира Исимбаева мек­теп­терді жылдамдығы секундына 4 мегабайт болатын кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жұмысы да артығымен орындалғанын, алайда интернетке мүл­дем қосылмай қалған 93 мектептің барын атап өтті. Бұған қоса дуальды оқыту тиісті деңгейде дамымағандығы назардан тыс қалмады.

Жаңартылған мазмұн бәсекеге қабілеттілікті арттырады

Одан әрі депутаттар алдында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағам­бетов тақырыпты кеңінен тарқатты. Оның айтуынша, білім беруді және ғылым­ды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама 5 мақсат және 23 міндеттен тұрады. Биыл мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың 3 жылдық қорытындысы Үкіметте қаралды. Президент Әкімшілігі мұны басқа бағдарламалармен салыстырғанда 94,3%-ға орындалғанын атап, жоғары баға берген. Дәлірегі, 12 индикатордан 11-і, 71 көрсеткіштің 65-і, 262 іс-шараның 259-ы толық орындалған.

Бағдарлама шеңберінде мектепке дейінгі ұйымдар саны балабақшалар салу, жеке балабақшалар, шағын орталықтар ашу тәсілдері есебінен 1839-ға ұлғайды. Сәйкесінше, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 13,6%-ға артты. 2017 жылы жеке тұлғалардың балабақшаларды ашу рәсімдерін жеңілдету және олардың одан әрі жұмыс істеуі үшін жаңа санитарлық нормалар мен ережелер қабылданған.

– Мектепке дейінгі ұйымдарда орын беру тәртібін реттеу бойынша бірқатар шара қабылданды. Енді ата-аналар өз баласының кезегін кез келген уақытта онлайн режімінде көре алады. Босаған кезде орындар автоматты түрде бөлінеді. Ата-аналарға балабақшаны өздігінше таңдау мүмкіндігі берілді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азайтылды, – деді Асхат Аймағамбетов.

Министр орта білім беру бағытына тоқталғанда, бүгінде оқушылардың 95%-ы жаңа жүйеге көшкендігін, ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің көбі бұл процесті 20-30 жыл бұрын бастағанын атап өтті.

– PISA зерттеуі бойынша біздің балалардың функционалдығы төмен, яғни олар көп біледі, бірақ білімдерін қолдана алмайды. Осыған байланысты 2016 жылдан бастап мектепте білім беру сапасын арттыруға бағытталған жаңартылған мазмұн енгізіліп жатыр. Биыл қанатқақты мектептерде 1-4-сынып оқушыларының оқу нәтижелерін апробациялау және диагностикалық зерттеу жүргізілді. Нәтижелер қанатқақты мектептерде білім алатын оқушылардың оқу жетістіктері мен креативтілік, әлеуметтік жауапкершілік, дамыған интеллектке ие болу, сыни ойлау, танымдық қызметтің тұрақты мотивациясы сияқты практикаға бағытталған құзыреттіліктері бойынша бақылаулардан асып түсетінін көрсетті. Сондай-ақ ауыл және қала мектептерінің оқушылары арасындағы айырмашылықтың азаюы байқалады, – деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар ведомство басшысы 2021 жылы латын қарпіне көшумен қатар Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесіне негізделген әліппе енгізілетінін айтты.

– Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында оқулықтарды әзірлеу мен сараптау тәсілін өзгерттік. Республиканың барлық өңірлерінде мұғалімдер қоғамдастығымен және сарапшылармен оқулықтардың макетін талқылау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сараптаманың ашықтығын қамтамасыз ету үшін оқулықтар ашық порталда орналастырылады. Сондай-ақ авторлар мен сарапшыларды оқыту, оқулықтарға «жасырын» шолу жасау, сарапшыларды сертификаттау ұйымдастырылады. Бұған қоса 1 қыркүйектен бастап EPUB форматындағы 1-10-сыныптарға арналған оқулықтардың электронды нұсқалары Білім және ғылым министрлігінің сайтында орналастырылды. Бұл жаңашылдық студенттерге оқулықтарды электронды құрылғылар арқылы пайдалануға мүмкіндік береді және студенттер портфолиосының салмағын жеңілдетеді. – деді министр.

Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің 94%-ы жаңа жүйе бойынша біліктілігін арттырғанын, «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заң шеңберінде мектепке дейінгі, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтарының Ұлттық біліктілік тестін тапсырып, аттестаттаудан өтуі қарастырылғанын айтты.

– Ұлттық біліктілік тестін компью­тер­лік режімде өткізуді жоспарлап отырмыз. Қараша айында 70 мыңға жуық мұғалім тестілеуден өтеді. Олар өздері­нің сұрақтары мен жауаптарын көруге, жіберілген қателіктерді талдап, дәлел­дерімен апелляцияға беруге мүмкіндік алады. Болашақта біз Ұлттық біліктілік тестін толығымен автоматтандыруды жос­парлап отырмыз. Басшылықтың арала­суын болдырмаймыз. Сондықтан үміткер біліктілік тестін өткізудің орны, күні мен уақытын өз бетінше анықтайды, – деді ол.

Министр ғылым саласындағы көрсет­кіш­терге де тоқталды. Ол ғылым саласы­ның ашықтығын қамтамасыз ету бойынша жұмыс кезең-кезеңмен жүргізілетінін, қазір ғылыми гранттарға өтінім беру 65%-ға қысқарғанын, Қазақстанның ең да­мыған елдер қатарына кіруі үшін эко­номиканың жаңа жоғары технологиялық салаларын дамыту қажеттігін айтты.

 

Мектептегі «жүйесіздік» жүйке тоздырады

Алқалы жиында мемлекеттік бағдар­ламаның орындалу барысынан хабардар болған Мәжіліс депутаттары аталған саладағы мәселелердің түгесілмегенін айтып, министрге сұрақтарын қойды. Түйткілді сауалдардың дені орта білім беру сапасына қатысты болды. Айталық, депутат Иван Клименко ауыл мен қала мектептерінің арасындағы білім деңгейінің алшақтығын айтса, Сергей Симонов балалар да, ата-аналар да мектептерде қандай жүйенің енгізіліп жатқанын түсінбей, шатасып жатқанын сөз қылды.

Ал Наталья Жұмаділдаева апаттық мек­тептер мен үш ауысымда оқыту мәсе­лелері қалай шешілетінін сұраса, Бек­­болат Тілеухан олқылығы көп оқу­лық­­тар жайына алаңдаушылық білдірді.

– Білім саласынан, оның ішінде орта білімнен маңызды мәселені көріп тұрғаным жоқ. Жасыратыны жоқ, орта білімдегі сорақылық, оқулық мәселесі қоғамның титығына тиіп бітті. Бала түгілі ата-анасы түсінбейтін тақырып, шешілмейтін есеп қоғам тарапынан қандай сынға ұшыраса да міз баққан жүйе жоқ. Мазақ па, енжарлық па, оны түсінбедік. Бізде Конституция бойынша жалпы негізгі білім алу ақысыз, бірақ жақсылап оқыту үшін репетитор жалдауға мәжбүр боламыз. Бүгінгі білім жүйесін қарап отырсақ, құрдымға беттеп бара жатыр. Қай жағынан келсек те, сын көтермейді. Сондықтан жүйені түбегейлі қайта қарау керек. Оқулық шығару жүйесін, мұғалімдер даярлауды қайта қараған жөн, – деді мәжілісмен Бекболат Тілеухан.

Депутаттардың көтерген мәселе­леріне министр Асхат Аймағамбетовпен қатар Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев және бірқатар салалық министрлік өкілдері түсініктеме берді. Білім және ғылым министрі мәжі­лісмендердің сауалдарына қарай баян­дамасындағы мағлұматтарға қосымша біраз деректі келтірді.